Біздер, пандемияның негізгі соққыларын алған шағын және орта кәсіпкерлік саласының өкілдері Президент Жолдауынан көп үміт күттік. Бұл жолы Президент кәсіпкерлерді нақты іспен қолдайтынын көрсетіп, қиын жағдайдан шығудың нақты жолдарын ұсынып отыр. Мәселен, экономика қозғалыссыз қалғанда, қиындыққа тап болған 700 мыңнан астам кәсіпкерге салық жеңілдіктері беріледі. Соның ішінде шағын және орта бизнеске қолдау ерекше деп айтуға болады.
Жолдауда «Шағын және орта бизнеске қосымша көмек ретінде экономиканың зардап шеккен салаларындағы кәсіпкерлердің қазіргі барлық несиелерінің 6 пайызға дейінгі жылдық мөлшерлемесі бойынша мемлекеттік субсидия беруді тапсырамын. Субсидиялау төтенше жағдай жарияланған сәттен, яғни биылғы 16 наурыздан бастап 12 айлық кезеңді қамтиды», деп орындалу мерзімін белгіледі. Сондай-ақ көбірек зардап шеккен секторлардағы шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының айналымдағы қаржысын толықтыру мақсатында Үкіметтен қосымша 200 млрд теңге беріледі. Енді өңір кәсіпкерлері осы қаржының әділетті түрде бөлінгенін қалайды.
Жолдауда көрсетілгендей, халықтың табысын сақтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға тиесілі жылжымайтын мүлік нысандарын жалға алып отырған шағын орта бизнес өкілдері осы жылдың соңына дейін жалдау ақысын төлемейтін болды. Мұнымен қатар еңбекақыдан бюджеттік емес қорларға аударылатын төлемдер де тоқтатылды. Шағын және орта кәсіпкерлік саласының ішінде тоқтап тұрған қызмет көрсету саласы болса, мұнда әйел адамдардың саны басым. Қорыта айтқанда, шаштараз, киім тігу, тамақ өндірісімен айналысатын қыз-келіншектер осы тиімді шаралар кәсіптерінің аяқтан тез тұруына көмектеседі деген пікірде.
Күлшат МАСАЛИМОВА,
Ақтөбе облысы бойынша іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы
Ақтөбе облысы