Жолдаудағы негізгі басымдықтарды талдай отырып Ж.Түймебаев елдегі жағдайдың нақты және егжей-тегжейлі талдануы мен экономикалық-әлеуметтік салалардағы, мемлекеттік басқару, қаржы саласындағы дамуды тежейтін себептерге, реформалар барысына тоқталып, «Әлеуметтік-экономикалық дамуымызды сапалы деңгейге жеткізу әлеуметтік әділеттілік, тиімділік пен бәсекеге қабілеттілікке негізделген», деп атап өтті.
Бүгінде қоғамдық өмірдің барлық саласы терең реформалауды қажет етеді. Заңның үстемдігі, адам мен азаматтың құқықтарын сақтау мемлекеттік басқарудың жаңа моделі арқылы жүзеге асырылады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» моделі басқару ісіне азаматтардың араласуымен жүзеге асатын болады. Жолдауда стратегиялық басымдықтармен сабақтаса келе «Ұлттың жаңа сапасына» барынша көңіл бөлініп отыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасына айнала отырып, қоғамдық сананы жаңғыртудың жаңа басымдықтары «жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адамның өмірінде көрініс беретін болады. Дәл осы реформалардың синергиясы революциялық тиімділікке қол жеткізбек. Жолдаудағы мақсаттарға жету – қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік, сонымен қатар тұрақты Қазақстанды құрудың негізі. Әрқайсымыз алдағы реформалардың құрылымдық күрделілігі мен тереңдігі үшін Қазақстанның революциялық емес, бірмәнді эволюциялық дамуы қажет екенін түсінуіміз керек», деп атап өтті Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары.
Одан әрі қарай Ж.Түймебаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясат тиімділігін арттыру бойынша бірқатар шаралар қабылданғанын атап өтіп, республикалық этномәдени бірлестіктердің басшыларынан өз бірлестіктерінің белсенділерімен кездесулер өткізуді, Жолдауды түсіндіруге және іске асыруға қатысу мәселелерін талқылауды тапсырды. Осы орайда этностық бұқаралық ақпарат құралдарының ресурстары осы қызметке барынша белсенді атсалысуы тиіс. Этномәдени бірлестіктер халықты шағынбизнес негіздеріне оқыту саласында жобалар әзірлеп, жүзеге асыруы да уақыт күттірмейді. Қазірдің өзінде этномәдени бірлестіктерде бірқатар бағытты ұйымдастыру қажет. Ауылда өмір сүру сапасын және жұмыспен қамтуды жақсарту аясында «Әр ауылдың өз шеберлері» оқыту жобасы жоспарланып отырса, «Отбасылық бизнес – әл-ауқат негізі» жобалары да жетілдірілетін болады. Сонымен қатар көпұлтты отбасылар бойынша жоба жүзеге асырылады.
Аталған жиында маңызды құжат жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға байланысты Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі М.Әзілханов, Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары В.Божко, Мәжіліс депутаттары А.Мурадов, Ю.Тимощенко, Ш.Нурумов, сондай-ақ этнобірлестіктердің жетекшілері сөз сөйледі.