Тарих • 14 Қыркүйек, 2020

Зұлмат жылдар зобалаңы толыққанды баға беруді қажет етеді

542 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

ХХ ғасырдағы қазақтың көрген құқайы аз емес. Ғасыр басындағы Ұлт-азаттық көтерілісі, Октябрь төңкерісі, қайталап соққан аштық, саяси қуғын-сүргін, соғыс теңіз толқынындай қуалай келіп, қазақты жүдетіп ғана емес, жер бетінен ысырып тастай жаздады. Саяси қуғын-сүргін мен бас-аяғы он шақты жылдың ішінде екі рет қайталанған алапат аштықтан халық қынадай қырылды.

Зұлмат жылдар зобалаңы толыққанды баға беруді қажет етеді

Халықты серкедей бастаған ал­дыңғы қатарлы зиялылары мен ар­қасүйер көсемдері сүттің қайма­ғындай сылынып тасталды. Аттың жалында, атанның қомында жүріп, сыртқы жаудан қызғыштай қорғап ұрпағына мұраға қалдырған кең-байтақ бабалар жерінде сол қыр­ғындардан кейін аз халыққа айнал­дық. Бір ұлттың басынан өткен осынша ауыртпалықты қара жер көтер­генмен, халық жады ұмыта алар емес.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құру керектігін тапсырды. Ақиқатқа сүйенген дұрыс шешімнен халықтың жүрегінде шер болып қатқан өксігі естілгендей болды. Кеңес өкіметі жылдары мыңдаған адамдар өзінің наным-сенімі, өзіндік пікірі үшін ғана емес, әлеуметтік шығу тегі үшін де қуғындалды, тағдыры сая­сат қаруының қарауылына алын­ды. Халқымызға ұлт болып қалып­тасудың ұзақ жолы оңай тиген жоқ, бірақ қазақтың Кеңес өкіметі жыл­дарындағы көрген қорлығы мен шығынын бұрын-соңғы тарих біл­мейді. ХХ ғасырдың ортасына дейінгі жылдар халқымызға қан ерген кезең болды. «Осы нәубет неге орын алды?» деген сұрақ ылғи кө­ңілде тұрады.

Большевиктер партиясының әді­лет­тілік пен қой үстіне бозторғай жұ­мыртқалаған мамыражай, аста-төк молшылық коммунизм орнатамыз деген қияли ниеті нақты ісімен бір жерден шыққан жоқ. Олар іс жүзінде қарудың күшіне ғана сенген жаппай лаңкестік, әлімжеттік, өзі шығарған заңды өзі белінен басқан дөрекі қоғам ғана орнатты. Өткен ғасырдағы 20-жылдардың аяғы мен 30-жылдардың жартысына дейін қазақтың көшпелі тірлігін тұтасымен жоюға бағытталған бір­неше әлеуметтік шаралар қолға алынды. Олар партияның және кеңес­тік мемлекет басшыларының жетекшілігімен өткізілген шаруаларды ұжымдастыру саясатымен бір уақытта жүргізілді. Алайда оның құқықтық жағы соншалықты кү­мәнді еді. Қазақ автономиялық кеңестік социалистік республикасы Орталық атқару комитеті мен Халық комиссарлар кеңесінің осы шараларды өткізуге бағытталған 1928 жыл­дың 27 тамызында «Байлардың ша­руа­шылығын конфискациялау туралы» қаулысы және басқа да нормативтік-құқықтық актілері Ресей кеңестік федерациялық социалистік республикасы конституциясының, Қазақ автономиялық кеңестік со­циалистік республикасы Халық комис­­сарлар кеңесінің, РКФСР Қыл­мыстық кодексінің, Азаматтық ко­дексінің, Неке және семья кодексі­нің ережелеріне кереғар, тіпті сәйкес келген жоқ.

КСРО-дағы жаппай ұжымдастыру Большевиктердің жалпыресейлік коммунистік партиясы Орталық ко­митеті Саяси бюросының қаулысы негізінде жүргізілді. Ондағы дө­рекі қателіктер 1924 жылғы Кон­с­ти­­туцияны белшесінен басты. Ке­ңестік жүйенің басты заңы болып саналған сол Конституцияның 22-бабында заң жобаларын орталық ат­қару комитетінің қос палатасы бе­кіткенде ғана ол заңды деп есеп­­телетіндігі айтылған болатын. Адам құқын таптау және елдің өз за­ңын сыйламау, әсіресе жаза­лау ор­гандарының құқықтық тәжі­рибе­лерінен және қылмыстық іздестіруді негізсіз күшейтуінен айқын көрінді. 1929 жылы КСРО Орталық атқару комитетінің президиумы шетелдерде жұмыс істейтін және КСРО-ға қайтудан бас тартқан ірі лауазымдағы адамдарды заңсыз және сотсыз жаза кесу туралы қаулы қабылдады. Сонымен бірге бұл қаулының азаматтар істеген әрекеттері үшін жауап­кершілікке тартылған кезде бұл оның құқығын таптау болып есептелмейтін кері заңдық күші де болды.

КСРО Халық комиссарлар кеңесі мен Орталық атқару комитетінің мемлекет, кооператив, ұжымшар мүлкін ұрлағаны үшін жасалған қылмыстың ауыр-жеңіліне қарамай ату жазасын көздеген 1932 жылғы 7 тамыздағы қаулысы кеңестік қылмыстық құқық ұстанымдарын өрескел бұзды. КСРО Орталық атқару комитетінің 1934 жылдың 8 маусымындағы қаулысы Отанға сатқындық жасағаны үшін сотталған адамдармен бірге тұрған және олардың отбасы мүшелеріне де қылмыстық жауапкершілік енгізді, демек жазықсыз жандар өзгенің жасаған қылмысы үшін жауап берді.

Қылмыстық процестегі орын ал­ған заңсыздықтар тіпті шектен шық­­ты. КСРО Орталық атқару ко­мите­тінің 1934 жылғы 1 желтоқ­сан­­дағы қаулысы Кеңес өкіметі қыз­­меткерлеріне қарсы жасалған лаң­кестік әрекет жөніндегі істер өнді­рісіне жеңілдетілген тәртіп орнатты. Демек, сот ісінің тыңдалуына екі жақ­тың бірдей қатысуы міндетті бол­ған жоқ, кассациялық шағым қа­был­данбайтын. Мұндай істің тергелу мерзімі бас-аяғы 10 күннің ішін­де бітуі тиіс, ал айыптының өзін кінәлаған ісімен танысуы және сот­та қорғауға дайындық бір күнге дейін қыс­қартылды. Соттың шешім шыға­руына тергеу жүріп жатқандағы және жауап алу кезіндегі жиналған дә­лелдерді негізге алуы жеткілікті еді, оның үстіне алынған дәлелдерді баға­лауға қарағанда, айыптының кінәсін мойындауы негізгі аргумент болып саналды. Ал адамдардың «кінәсін» сол кездегі тергеушілердің қалай мо­йындатқаны туралы жиі айтылады.

30-жылдардың аласапыран уақы­тындағы қарама-қайшылықтар сол кездің тарих беттерін парақта­ған­дарды таңғалдырады. КСРО-ның 1936 жылы қабылданған Конс­­ти­ту­циясы әлемдегі ең демо­кра­тия­лық заңның бірі болып саналды. Ал құқықтық жағынан елдегі жағ­дай конституциялық нормаларды елемеудің ең сорақы тәжірибесін көр­сетті. Конституцияның 32-бабында КСРО-дағы жалғыз заң шы­ғара­тын орган Жоғарғы кеңес екені айтылды. Ал іс жүзінде 1937-1938 жыл­дарғы репрессия өз бетімен про­цессуалдық нормалар мен санкциялар орнатқан Саяси бюро мен Ішкі істер халық комиссариатының шешім­деріне негізделді. Мұның бар­лығы былық, шектен шығу екенін Ішкі істер халық комиссариатының (ІІХК) аймақтардағы атқарушы қыз­мет­керлерінің өздері де бай­қа­май қалған жоқ. Мысалы, Татар­стан ішкі істер халық комиссары П.Рудь Мәскеуге арнайы хат жа­зып, «Конституцияны осылай бұр­малай береміз бе, әлде партия басшыларының өкімін орындаймыз ба?» деп сұраған сөзінен өзі де бір мезгілде халық жауына айналып шыға келді де, 1937 жылы ату жазасына кесілді. Ал саяси қуғын-сүргін Рудьтің сұрағынан кейін тоқтап қал­ған жоқ, жалғаса берді...

1936 жылғы Конституцияның 102-бабында КСРО-да сот төрелігін тек сот қана жүзеге асыратыны ай­тылған. Ал іс жүзінде Коммунистік партияның бастамасымен барлық жерде заңнамалық іс жүргізуді өрескел бұзып, миллиондаған адамдарды қуғынға ұшыратқан соттан тыс «екілік», «үштік», «ерекше мә­жілістер» дегендер құрылды. Олар саяси қуғын-сүргінді жедел­детіп, күшейтті. Мысалы, 1937 жы­­лы шілдеде Қостанайға соттан тыс «үштік» құру жөнінде Ста­лин қол қойған жеделхат түседі. Оның құрамына облыстық партия ко­митетінің бірінші хатшысы Н.Куз­нецов, облыстық атқару коми­тетінің төрағасы Б.Байдақов, облыстық ІІХК бастығы Н.Павлов кірді. Өңірде троцкийшілдермен, зи­но­вьев­шілермен байланысы бол­ған­­дардың, Кеңес өкіметіне қар­сы шыққандардың, бұрын Алаш­орда құрамында болғандардың, С.Сәдуақасов пен С.Қожановты жақтайтындардың, қысқасы құрық салынуға тиісті 26 адамның тізімі жасалып, қыркүйек-қазан айларында ұсталады. Оның ішінде облыстық «Большевиктік жол» газе­тінің редакторы Т.Сарықожаев, об­лыстық партия комитетінің хат­шысы Құрманалин, атқару коми­тетінің қызметкері Ах­метов, об­лыс­тық сот төрағасы, аудан­дық пар­тия комитетінің хатшылары, ұжым­­шарлар төрағалары болды. Қыр­күйек айында «үштіктің» бір мүшесі Бақытжан Байдақов өзіне қол жұмсап, бірақ тірі қалады. Оның неге мұндай қадамға барғанын тап басып айту қиын, ол бірден тұтқындалады. Ал қараша айының 2-сі күні «үштік» үш адамды 10 және 8 жылға соттайды да, 6 қараша күні қалғанының барлығы атылады.

20-жылдардың аяғы мен 50-жыл­дардың басында елімізде жүрген процесстер кеңес және партия орган­дарының қызметінен бастау алды, оның заңды көрінісі еді. Құқық олар үшін басқаша ойлауға жұрттың шамасын келтірмей басып-жаншып отырудың қаруы мен өз билігін жүр­­гізудің құралы ғана болды. Со­ның ішінде Конституцияға кереғар нормативтік актілер, жалпыодақтық органдар одақтық және автономиялық республикалардың құзыретіне қатыс­ты нормативтік актілер қа­был­­дады. Партияның жоғары ор­ган­дарының өздері қабылдаған нормативтік-құ­қықтық актілердің едәуір бөлігі ресми көздерде жария­ланған жоқ, сондықтан жалпы бұқара жұртшылық олармен таныса алмайтын, олар үшін жұмбақ күйінде қалды. Міне, осының барлығы жаппай қуғын­дауға негіз болды және құқық деген түсінікті қоғамдық қатынасты рет­тегіштен партиялық-кеңестік эли­таны билікпен қамтамасыз ету ме­ханизміне айналдырды. Құ­қық пен заңдылықтың бұзылуы секіл­ді қоғамдағы теңсіздіктің, әділет­сіздіктің анық-қанығына жету түсінігі болмағандықтан қуғын-сүргін бұқа­ралық жаппай сипат алып кетті де, ол кеңестік мемлекеттегі қоғамдық өмір сипатының бөлінбес бөлшегі болып қалыптасты.

1993 жылы Қазақстан Республи­касының Жоғары Кеңесі саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі заң қабылдады. Сол уақыттан бері зорлық-зомбылықтан зардап шек­кен мыңдаған азаматтардың ар­дақ­ты есімін ортаға оралтуда көп­теген жұмыс атқарылды. Алай­да шешімін күткен істер әлі де жет­кілік­ті. Сол дүрбелең жылдары ресми қылмыстық баптармен сотталған, бірақ шын мәнісінде өзінің жеке сенімі, пікірі үшін зардап шеккен, әсіресе ұжымдастыру мен аштыққа байланысты жаппай көшіруге қарулы қарсылық көрсеткен азаматтар санатын ескеру керек. Қарсылығы үшін бас көтерт­пей құрту үшін психиатриялық ауруханаға жатқызылып, қолдан жынды жасаған азаматтар тағдыры ерекше назар аударуды қажет етеді. Қазақстанның көптеген азаматты республикадан тыс жерлерде де репрессияға ұшырады.

Ең бастысы, саяси қуғын-сүргінді ұйымдастырушылар – Коммунистік партия жетекшілерінің, кеңестік заңнаманы өрескел бұзуға тікелей кінәлі жазалаушы органдардың құ­қықтық және саяси бағасы әлі бе­рілген жоқ. Оның ғылыми және саяси анық айтылмауы жазықсыз құр­бандарды ақтау жұмыстарын толыққанды етпейді, тоталитарлық режімнің саяси мақсаттылығын, репрессияны ұйымдастырушылар мен кінәлілерді моральдық жағынан ақтауға, жақтауға, сыныққа сылтау тауып, түсіндіруге ұмтылыс жасау­ға негіз қалайды. Тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылдары еліміз бостандығы үшін күрескен, ұлттың рухани тірегі болған тұлғаларымыз ортамызға келіп, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанған еді. Ал сол аласапыран уа­­қытта жазықсыз жапа шеккен, ұр да жық саясат жіберген өрес­кел қа­теліктердің құрбаны бол­ған қа­рапайым адамдардың, атала­рымыз­дың не жазығы бар? Олар­дың рухы да әділеттілікті күтеді. Президент бастамасымен дер уақы­тында құрылған мемлекеттік комиссия Қазақстан тарихындағы ірі гуманитарлық апаттан зардап шеккен тұлғаларға қатысты әділеттікті қалпына келтіреді деген сенім мол.

 

Еркін ӘБІЛ,

Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор