Оқиға • 14 Қыркүйек, 2020

Іздестіру жұмысы жалғасып жатыр

322 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова атындағы іздеу тобымен бірлесе отырып Батыс Қазақстан облысы аумағында Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары қаза болған Тынық мұхиты флотының теңіз жаяу әскері мен бейбіт тұрғындардың сүйектерін іздеуге бағытталған археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуде.

Іздестіру жұмысы жалғасып жатыр

Әуелі Мәншүк Мәметова атындағы іздеу тобынан Сайқын ауылы маңында Тынық мұхиты флотының теңіз жаяу әскерінің сүйектері табылды деген ақпарат келді. Олар 1942 жылдың қазан айында Батыс Қазақстан облысының аумағына әскер бөлімдерінің орналасуы барысында қаза болған.

2015 және 2017 жылдары жергілікті іздеушілер топтарының көмегімен Батыс Қазақстан облысында қаза болғандардың сүйектері табылып, Бөкей орда ауданы, Сайқын ауылында жерленген. Ресми деректер бойынша 38 теңіз жаяу әскері болған. Қазіргі таңда 17 жауынгердің сүйегі табылып, жерленген.

«Із-түзсіз болып есептелетін, сүйектері табыл­маған солдаттар мен бейбіт тұрғындар әлі де көп. Осы орайда Батыс Қазақстан облысының аума­ғында «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бір­лестігі және Мәншүк Мәметова атындағы іздеу тобы­ның күшімен 14 күнге созылатын қазба жұмыс­тарын өткізу туралы шешім қабылданды», дейді «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің бас­қарма төрағасы Мұрат Молдағалиев.

Бұл аймақ соғыс жылдары майданға жақын аумақ бо­лып есептелген. Көп мәрте бомбаланған. Астрахань – Саратов теміржолы бойында 40-50 бауырлас­тар зираты бар. Бұл жол арқылы қару-жарақ, дәрі-дәр­мек тасымалдайтын эшелондар өтетін. Дәл осы факт бом­балауға себеп болған. Сол жылдары жа­уын­герлер мен бірге жергілікті тұрғындар да қаза болды.

Қазақстандағы Ресей Федерациясының және Украинаның елшіліктеріне сол мемлекеттердің аумағынан соғысқа кеткен солдаттардың сүйектерін іздеу жұмыстары туралы хабарландыру жіберілді.