Руханият • 14 Қыркүйек, 2020

Ғалияға ескерткіш қойылды

804 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаңаарқа ауданының орталығы Атасу кентінде атақты Балуан Шолақ «Айым да сен Ғалия, күнім де сен, Оң қабағым тартады күлімдесең», деп әнге қосқан Ғалия Тілеуқызына қоладан ескерткіш қойылды.

Ғалияға ескерткіш қойылды

«Рухани жаңғыру» бағдар­ламасының аясында атқа­рылған бұл игі іске Ғалияның аталас туыстары мұрындық болған екен. Атап айтқанда белгілі өнертанушы, киногер, әнші Ерлан Төлеутайдың әкесі Мұқатай ақсақал бастаған ағайын төрт миллион теңгеден астам қаржы шығарып, тәр­биелік мәні зор тағлымды шаруаны абыроймен тындырды.

Жазушы, тарих ғылым­дары­ның кандидаты Бейбіт Қойшыбаев кір жуып, кіндік кескен топырағына ескерткіш болып оралған Ғалия ару ту­ралы былай деп жазады: «Ға­­­лия Тілеуқызының базар­да қы­мызхана ұстағаны, көрікті бол­ғаны, 22-23 жастағы шағында оған қырықтың қыр­­қасына шық­­қан Балуан Шолақтың ға­шық болғаны, содан ғаламат ән ту­ғаны, жал­пақ дүниеге ғажайып жыр бо­лып шашылған осынау ма­хаббаттың 1908-1909 жыл­дары дүниеге келгені дау-да­майсыз шындық ретінде айтылады».

Ғалия Тілеуқызы елор­дадағы ескі мұсылман қоры­мына жерленген екен. Зират басындағы құлпытаста мар­құмның 1922 жылы 48 жасында фәниден бақиға өткені қашап жазылған. Яғни, осы дерекке сүйенер болсақ, Ғалия Тілеуқызы 1874 жылы дүниеге келген болып шығады.

Ғалия ескерткішінің ашылу салтанатында Жаңаарқа ауданы әкімінің міндетін атқарушы Қанат Қожықаев құттықтау сөз сөйлеп, игі шаруаны жүзеге асырған жандарға алғыс айтты.

– Елбасы «Болашаққа бағ­­дар: рухани жаңғыру» ат­ты мақаласында «Әрбір өл­кенің есімдері ел есінде сақ­талған бір­туар перзенттері бар. Осы­ның бә­рін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», деп айтқан болатын. Бүгінгі ұйым­­дас­ты­рылған іс-шараны осы сөз­дің нақты іске айналған кө­­рінісі деуімізге болады, – деді ол.

Лента қиылып, шашу ш­а­­шыл­ғаннан кейін Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұ­хамедин мен Ғалия­ның жақын туысы Ерлан Төлеутай Балуан Шолақтың әндерін әуелетсе, белгілі ән­ші Ержан Базарбаев атақты «Ғалияны» шырқады.

Алдағы уақытта Ғалия Ті­леуқызы ескерткішінің ма­ңы абат­тандырылып, ол жерді «Ғашықтар аллеясына» ай­налдыру жоспарланған. Жа­ңадан шаңырақ көтерген жас жұбайлар той күндерінде ғашықтықтың символына айналған арудың ескерткішіне келіп тағзым етіп, гүл шоқ­тарын қоюды дәстүрге айналдырады деген үміт бар.

 

Қарағанды облысы,

Жаңаарқа ауданы