Бұл – біздің Сарайшыққа келместен, көне қаланың келбетін көзімізбен көрместен бұрынғы көңіл түкпірінде қастерлеп келген қиялымыз. Бағытымыз айқындалып, жолымыз шырайлы шаһардың шекарасына жақындаған сайын ертегілер еліне келе жатқандай айрықша әсерленіп, қиял қанатында қалықтадық.
Сарайшық! Салтанаты асқан, мейманасы тасқан шырайлы шаһар. Туған халқының өткеніне бейжай қарамайтын әрбір қазақ үшін бұл қала өзінің тағылымды тарихымен, өрелі өркениетімен, сәнді сәулетімен бағалы, талай марғасқа хандар мен апайтөс батырлар тұлпары тұяғының ізі қалуымен қастерлі. Киелі өлкенің қасиетіне тәу етіп, көне қаланы бір көрсек деген тілегіміз қабыл болып, жақында Атырау қаласына табанымыз тиді. Сәті түсіп, Сарайшыққа да соқтық. Сан ғасыр салтанат құрған Мөңке Темір, Тоқтағұл, Жәнібек – Жошыдан тараған Алтын Орданың хандары тіріліп келіп, бізді қарсы алатындай, Қасым ханның қасиетті қасқа жолымен қауышып, тарих қойнауының тағылымды парақтарын дәл осы Сарайшыққа келгенде ашатындай, сан ұрпақтың жалғастығына куә болған жәдігерлерге жан бітіп, Жайықтың асау толқынымен жарысып, жылдар тасасында жасырынып, елеусіз қалған бар сырын алдымызға жайып салатындай ерекше толқыдық. Көз алдымыздан көркі күн көзімен таласқан көне шаһар көлбеңдеп өте берді…
Көне шаһар Атырау қаласынан 50 шақырым қашықтықтағы Махамбет ауданының аумағында орналасыпты. Алғашқы аялдамамыз «Хан ордалы Сарайшық» қорығы болды. Сарайшық – қазақ даласындағы ең көне тарихи орындардың бірі болып саналады. Бұл жерге кезінде үш жүз толықтай мойындаған 12 әулиенің мүрдесі қойылған.
Ер Тарғын етігінің ізі…
Кейбір аңыздарда ел есінен шықпайтын Едіге (1360-1419) мен Ер Тарғын батырдың да осында жерленгендігі жайлы айтылып қалады. Бұл туралы белгілі жазушы Мұхтар Мағауин өз зерттеулерінде дәйекті деректер келтірген еді. Сондықтан да аталған тарихи шаһарды Атырау атырабындағы әулиелі, қасиетті жер деп атайды.
– Сарайшықта жүзден астам хан билік құрған. Мынау биіктігі 17 метрлік еңселі ғимарат сол хандардың рухын кейінгі ұрпаққа да жеткізейік деген мақсатта қойылған ескерткіш. Сарайшық жерінде жеті ханның сүйегі, бір ханның басы жатыр. Алдағы уақытта жеті ханға арнап, бұл ескерткіш пантеоннан тыс бөлек мазар салдыртуды да жоспарлап отырмыз, – деп мұражай маманы пантеон жайынан қысқаша мағлұмат беріп өтті.
Кезінде облыста әкім болып тұрған шағында Иманғали Тасмағамбетовтің тікелей мұрындық болуымен 1999 жылдың 3 қыркүйегінде салынған биіктігі 17 метр, 8 қабырғалы хандар пантеонымен біз де танысып шықтық. Қабырғалар арасына Сарайшықта жерленген жеті ханға арнап қойылған құлпытастарға қара мәрмәрға жазылған хандардың аттары мен билік құрған мезгілдері жазылыпты: 1.Мөңке Темір (1266-1282 жж.), 2.Тоқтағу (Тоқты) (1291-1312 жж.), 3.Жәнібек (1343-1353 жж.), 4.Әмір – Оқас (1440-1447 жж.), 5.Қасым хан (1511-1518 жж.), 6.Ших Мамай (1542-1549 жж.), 7.Жүсіп (1549-1554 жж.).
Салт бойынша ескерткіштер кешенін айналып жүріп шығу керек екен. Білетіндердің айтқанын істеп, тарихқа тағзым еттік те, мұражайға қарай бет алдық. Мұражай ішіне Сарайшық қазбасынан шыққан тарихи жәдігерлер қойылып, ХІV ғасырдағы Сарайшық қаласының макеті жасақталыпты.
Қаланың Сарайшық аталу себебін мұражай қызметкері былайша түсіндірді: «1729 жылы Шыңғыс ханның немересі Бату Сарайшықтың үстімен өтіп, Қажытархан қаласын жаулап алған. Қажытархан – осы күнгі Астрахань қаласы. Содан Еділдің бойымен 380-400 шақырымдай көтеріліп, табиғаты тамаша жерден моңғолдарға үлкен қала салдырған. Сол кезде мұны жергілікті халықтың Сарай-Бату, яғни Батудың салдырған сарайы деп атағаны тарихтан мәлім. Кейін Бату Еуропаны жаулап, орыс князьдерін өзіне толықтай бағындырған кезде, оны ағайындары жеңісімен құттықтап, 12 қанат алтындалған ағаш үй сыйлаған. Сол күннен бастап Сарай-Бату Алтын Орда деп аталып кеткен. Моңғолдар оған Сарай деп ат берген де, соның жанынан салдырған кішкене қалаға «Сарай-Жук» ныспысы бұйырады. «Жук» – моңғол тілінде «жуық» деген сөз. Яғни моңғолша «Сарайға жуық», «мынау үлкені, ал бұл соған жуық» деген мағынада. Моңғолдар «жук», орыстар «-чик» деген, ал қазақтар өздерінше «шық» кішірейтпелі жұрнағын жалғап, Сарайшық атауы осылай пайда болған».
Ал кейбір деректерде, нақтырақ айтсақ, Түркияның мұрағатында қаланың Сарайшық аталуына басқаша болжамдар ұсынылады. Батыс аймағында ең бірінші мешіт осы Сарайшықта салынғаны жайлы дерек бар. Сол алғашқы мешіттің төбесінде алтыннан құйылған сары айшық болған екен. Қаланың «Сарайшық» аталуы содан деп сөйлейді түрік деректері. Қала атауының және бір дәйегін «Хан қызының аты Сара екен. Хан қызы болған соң, әрине, сарайда отырады. Бойжеткенге ынтық жігіттер ханның сарайына кіре алмайтын болған соң, сарайды айналып жүріп: «Сара, шық!» – деп айқайлап шақыруы себепті Сарайшық атауы содан қалған», деп дәйек келтіреді тағы бір айтқыштар. Бірақ қалай десек те, Сарайшық атауының шығуына соңғысына қарағанда, ғылыми дәлелдеме тұрғысынан алғашқы екеуінің деректік негізі қисындырақ келетін сынды, біздіңше.
Мұражайдың мұрасы
Мұражай қызметкерінің мәлімдегеніндей, 1999 жылы жер астынан екі қабатты 45 бөлмелі қонақүйдің екінші қабаты шығарылса, келесі жылы соның бірінші қабаты да қазылып алынады. Қасынан ХІІІ ғасырдың моншасы және табылады. Табанына кафель сияқты тастар төселген, бояулары да сол күйінде сақталған, кәріз құбыры, тіпті сол кездерде пайдаланған шылапшындарына дейін табылған бұл жәдігердің тағылымды тарих үшін берері мол. Одан кейін айта кетуге тұратын және бір дүние – көне құдықтың табылуы. Құдықтың жеті метрдей тереңдігінен құмыра мен кесе олжаланады. Құмыраның қасиеті – тәуліктің әр мезгіліне сай түсін өзгертіп, құбылып тұратындығы. Бір жақ бүйірінде: «Бұған адамның көз жасы құйылмасын» деген арабша жазуы да бар. Ал кесе дүниежүзінен табылған екінші зат екен. Біріншісі – Мысырдан табылса, екіншісі Сарайшықтан шығып тұр. Кесенің қасиеті сол – ішіне құйған тамаққа у салып жіберсең, кесенің бояуы сол бойда түсін өзгертеді.
Дүниежүзіндегі өте сирек кездесетін заттар болғандықтан, құбылмалы құмыра мен керемет кесе 2000 жылдың 18 қыркүйегінен бастап Астанадағы Президенттік мұражайға алдыртылады. Құмыраның суретін көрдік, ал ешқандай фотоаппараттың қабылдамауы себепті, таңғажайып кесені көру бақыты бұйырмады. Бұдан өзге қазба жұмысы кезінде табылған VІ-VІІ ғасырлық әшекей заттар, ілгектер, жанынан табылған «Құран Кәрім» кітабы, 1937 жылы орыс ғалымы Арзютовтың қазба жұмысын жүргізу кезінде тапқан сфероконустары да мұражай қорын байытып тұр. Сфероконустар – сол кездің термостары. Екі қабырғалы, ортасына ауа қалдырылған, температурасын бір тәулікке дейін сақтап тұратын қасиеті бар. Бұл ыдыстың жалпы саны – бесеу екен. Оның екеуі өзімізде де, қалған үшеуі Саратов мұражайында сақтаулы.
Тарихпен тілдессек…
Еуропа мен Азияны қақ бөліп жатқан Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан Сарайшық (Сарайжук,Сарайчук) шаһарының іргесі Алтын Орда тұсында, нақтырақ айтсақ, ХІІ ғасырда қаланды дейді ғалымдар. Қаланы Шыңғыс ханның немересі, Жошының баласы Бату хан салдырғаны туралы Әбілғазы хан шежіресінде де мол дерек келтіріледі. Қалаға ең бірінші шетелден арабтың атақты саяхатшысы Ибн-Батута 1334 жылы келіп, шаһарды аралап, өзінің «Өмірлік саяхат» аталатын кітабына мынандай естелік жазып қалдырыпты: «Мен дүниежүзінің бәрін араладым. Сол аралаған жерлерімнің ішінде Сарайшық қаласы Бағдаттан кейінгі дүниежүзіндегі ірі қалалардың бірі екен. Бағдаттағыдай мұнда да қайықтардан жасалған көпір көрдім, қалада ханның салтанатты сарайы, төрт мешіт бар. Қонақүйлердің есебіне сан жетпейді екен. Бірақ мен оларды көріп таңғалған жоқпын. Менің таңғалғаным – Жер шарын шарлап жүргенімде көрмеген бір қызықты Сарайшықтан көруім болды. Мұнда су әрбір үйге өзі барады екен» деп тебірене суреттейді. Бұл жерде жиһанкездің су әрбір үйге өзі барады деп тұрғаны – ХIV ғасырдың ортасында Сарайшықта кәріздер салынып, әрбір үйге су қыштан жасалған құбырлар арқылы жүріп тұрған. Бұдан сонау ХIV ғасырдың өзінде-ақ Сарайшықта өркениеттің жоғары деңгейде өркендеп тұрғанын көруге болады.
Ал шаһар атағының дүниежүзіне белгілі болғандығының бірден-бір себебі – Сарайшықтың кезінде Еуропа, Азия, Түркия, Моңғолия, Қытайды байланыстырып тұрған Ұлы Жібек жолының бойындағы ең ірі қалалардың бірі болуы. Тоғыз жолдың торабында орналасуы – Сарайшықтың салтанатын өз кезінде бірнеше есе шарықтатып, даңқын көкке өрлеткен. Ағылшын көпесі әрі саяхатшысы Антоний Дженкинсон Сарайшықты көріп: «Батыста Парижді көру таңсық екен, Шығыста Сарайшықты көру таңсық екен. Сол құмарлықпен Сарайшыққа келіп, көлігімнің болмай қалуына байланысты жарты айдай тоқтап қалдым. Сонда менің байқағаным, мұнда айына 700-ге дейін керуен келеді екен. Қала үлкен сауда орнына айналған. Қытайдың жібегі, парсының кілемі, арабтың арғымағы дейсің бе? Іздеген затыңды осы жерден табасың. Құстың сүтінен басқасының бәрі бар», деп тамсана жазады. Ал Сарайшықты нақты ғылыми тұрғыда жүйелі түрде алғаш рет 1937 жылы Н.Арзютов деген орыс ғалымы зерттеген. Бұл іргелі істі 1950 жылы Әлкей Марғұлан экспедициясы жалғастырып, тарихқа өлшеусіз үлес қосады. Кейінірек тарихшы Зейнолла Самашевтың да жүргізген қазба жұмыстары – Сарайшық тарихы үшін үлкен олжа болды. Десек те, бір өкініштісі, кеңес кезінде қала тарихын негізінен орыс ғалымдары зерттегендіктен, олар тапқан заттардың көбісін өздерімен бірге әкеткен. Ол жәдігерлер қазір Саратовтың, Астраханьның мұражайларында сақталып, Мәскеуде Галкин дейтіннің үйінде тұр.
Сән берген «Секеркөл»
Сарайшық десе және бір аңыз еске түседі. Сарайшықтың сәніне сән қосқан Секеркөл мен алтын қайық жайындағы аңыз халық арасында жиі айтылады. Тарихта терең із қалдырып, заманында қазақ мемлекетін басқарған ұлы хандардың бірі – Әз-Жәнібек Сарайшықта азды-кемді хандық құрған кезінде ханның ең сүйікті қызы үнемі осы жерде болып, қаланы ерекше жақсы көрген екен. Күндердің күнінде Әз-Жәнібек хан сол қызына арнап Сарайшықтың күнбатыс жағынан жасанды көл жасатқан. Суын араға 15-20 күн салып жаңартып, әр ауыстырған сайын көлдің бетіне қайықпен жүріп, секер септіртетін көрінеді. Секер себетіні – су неғұрлым тәтті болса, аққу соғұрлым көп келіп, ұзақ тұрақтайтын болған. Сондықтан да бұл көл тарихта «Аққу көлі», кейде «Секеркөл» деген атпен қалған. «Көлдің сәнін арттырайын, халықтың келуін көбейтейін, бұл жерді тірі жұмаққа айналдырайын», деп Әз-Жәнібек хан қызына алтындалған қайық та жасап беріпті. Хан қызы өзінің құрбыларымен бірге әкесі жасатып берген аққу мүсінді алтын қайығымен (мұражайда сақталған суреті бар) құстарға жем беріп, кісіден үрікпеуге үйретеді. Құс атаулы жаз бойы «Секеркөлде» еркін жүзіп жүреді екен. Жәнібек ханның сол қызы ұзатылғалы жатқанда, 15 жасқа қараған шағында ауырып, кенеттен қайтыс болады. Хан қызын алтын табытпен, барлық жасауымен, алтын қайығымен қоса жерлеуге әмір етіпті. «Қызыңыздың осынша байлықпен қоса жерленгенін білген қатыгез, ашкөз біреулер моланы ашып, байлықты тонап кетсе, жалғызыңыздың мүрдесі айдалада қалар. Сондықтан қызыңыздың денесін жасырын жерлеңіз» деп ақыл айтқандар шығады. Осы кеңеске құлақ асқан Жәнібек хан жеті кісіні шақырып, құпия тапсырма беріпті. Қабір қазылып, түнде қызы жерленген соң, әлгі жеті кісі сол бойда өлтіріледі. Ал қызының моласын ешкім білмесін, ашпасын деген пиғылмен жас қабірдің үстінен түнімен бірнеше үйір жылқыны өткізіпті. Ат тұяғынан тып-типыл болып тегістелген жерден, ертеңіне ханның өзі де қызының моласын таба алмапты деседі аңызда. Содан бастап қызығушылар Сарайшықтың жерінде алтын қайық, алтын табыт, алтын жасау жатыр деп, 1580 жылы казактар қаланы қиратқаннан кейін 11 жыл қазып-қопарып қараған. Бірақ көпті дүрліктірген алтын қайықты тапты ма, таппады ма, ол жайында осы күнге дейін дерек жоқ. Өкініштісі – бүгінде «Секеркөлдің» тарихи орны сақталмаған, Жайықтың толқынына жұтылып кетіпті.
Қаһарлы Иванның қиянаты
Казактардың қиянаты демекші, келген жанды тебірентпей, табындырмай жібермейтін сәні мен салтанаты келіскен сәулетті қаланы 1580 жылы орыстың патшасы Иван Грозный казактарды жіберіп қираттырған. Казактар қаланы алған, бірақ ештеңесін де бүлдірмеген. Оны естіген қаһарлы Иван өзі арнайы келіп, қалада 12 күн болып, кетерінде казактың атаманына: «Қала өте көрікті, өте сәнді, бірақ біз жаулаған жерде мұндай әсем қала, оның ішінде Мәскеуге ұқсайтын қала тұруға тиісті емес. Сондықтан тас-талқан қылып қиратып, молаға айналдырыңдар», деп бұйырған. Оған негізгі себеп – өзіне дейін билік құрған Юрий Долгорукий Мәскеудегі Қызыл алаң мен Кремльді салдырғанда орыс сәулетшілері оны сән-салтанаты асқан Алтын Орда және Сарайшықтан көшіріп берген. Ал әлі күнге дейін «казанские, успенские соборы» деп аталып жүрген Кремльдің жан-жағындағы сәулетті соборлар – Қазан қаласының көшірмесі. Орыстардың «Москва построено по восточному стилю» деп сөйлейтіні осыдан. Кезінде Әмір Темір Алтын Орданы алғаннан кейін, Грозныйдың әуелі Қазанды, одан кейін Сарайшықты құлатып тынғандағы негізгі «кегі» де – өздерінің осы олқылықтарын жасырып қалу болатын. Сөйтіп, бес ғасырға жақын өмір сүрген Сарайшық 1580 жылы 27 тамызда тас-талқан болып қиратылып, топыраққа айналдырылған. Қияметті аз көргендей, өз заманының салтанаты болған қала жермен-жексен құлатылғаннан кейін де бір жарым ғасыр және тонаудың астында қалады.
Сәнің қайда?
Замананың сан қатпарлы сырынан тағылым ала жүріп, Сарайшық қаласының көне тарихи орнына да табан тигіздік. Үздіксіз соғып тұрар өкпек жел өбектей қарсы алды. Бұл қу медиен далада бір кездері салтанаты асқан сәнді қала болды деп ешкім айта алмас еді. Себебі қаланың 5/6 бөлігі Жайықтың асау ағысына жұтылып кеткен. Ескі қаланың көне орнын жыл өткен сайын Жайық мүжіп, өр суының өр толқыны жұлып, жеп, құрып барады. Иә, бүгінде көне шаһар «хал үстінде». 1340 жылы белгілі саяхатшы Мауро түсірген картада оның көлемі 2000х600 метр болып белгіленсе, қазірде қала аумағы бар-жоғы үшбұрышты 140х140х65 метр ғана болып қалған. Оның өзі ежелгі қала табанының күнгей бетіндегі ескі қорымдар мен өндірістік шеберханалар орны ғана. Басқа жәдігерлерді түгелдей Жайық жалмапты.
ХVІІ ғасырда Батыс өңірінде қатты су тасқыны болған. Сол кезде Жайықтың арнасы қаланың үстімен тіке өтіп кеткен көрінеді. Ол тілсіз жау әлі де қаупін сейілтпей келеді, керісінше, жылдан-жылға қаланы жұтып жатыр. Сондықтан да бұл жердің тарихын, өткеннің өнегелі істерін көне жәдігерлер баяндамайды, керісінше, келгеннен-ақ уілдей, зарлана соққан жел бар мұңын сыр қылып шертеді. Сол зарлы үнімен-ақ тарихтың талай аумалы-төкпелі кезеңін басынан кешкен көне қаланың бүгінгі мүшкіл халін баяндайды.
P.S. Ақсарбас! Біз көне шаһардың тарихи орнына табан тигізгенімізде, қызу жүргізіліп жатқан қазба жұмыстарының үстінен түстік. Өзін Жұман деп таныстырған реставратор маман «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазба тобымен Алматыдан арнайы келіп, көне қаланы қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып жатыр екен. Егер іс жүйелі жалғасын тапса, жақын күндері қазақ халқы өркениеттің ордасы болған көркем қаланың тарихи келбетіне куә бола алады. Демек, көркін күн сүйген шырайлы шаһармен қайта қауышар күн алыс емес. Тек Алла сол күнге жеткізсін дейік!
Атырау облысы