Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы қаралды.
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев 2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджетке ұсынылған түзетулер туралы баяндады.
Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы қаралды.
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев 2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджетке ұсынылған түзетулер туралы баяндады.Министр 2013 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау бойынша ұсыныс Мемлекет басшысының үстіміздегі жылдың 11 қазанында Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан тапсырмаларын ескере отырып, макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы және осы жылғы 9 айдағы шығыстар бойынша есептерді нақтылау барысындағы түзетулер негізінде қалыптастырылғанын атап өтті.
Бұл нақтылаудың негізгі міндеті жылдың қорытындысы бойынша болжанған қосымша түсімдерді тиімді пайдалану болып табылады, деді Е.Досаев. Сонымен қатар, ол ағымдағы жылдың әлеуметтік-экономикалық даму болжамындағы орын алған негізгі өзгертулерге тоқталды.
Министр келтірген мәліметтерге сүйенсек, 2013 жылы еліміздің ішкі жалпы өнімінің номиналдық көлемі 34 444,3 млрд. теңгені құрады. Ол мамыр айындағы мақұлданған көрсеткіштен 153,3 млрд. теңгеге жоғары. Тұтастай алғанда, 2013 жылы ішкі жалпы өнімнің нақты өсімі жоспарланған 6 пайыздық деңгейге болжанып отыр. Ал инфляция бойынша параметрлер бұрын болжанған жыл аяғындағы 6-8 пайыз көлемінде сақталуда. Трансферттерді есептемегенде, 2013 жылы республикалық бюджетке кіріс бекітілген жоспардағыдан 20 млрд. теңгеге артық, яғни 3 608,3 млрд. теңге көлемінде бағаланып отыр.
Ұлттық қордан алынған кепілді трансферттің көлемі бекітілген 1 380 млрд. теңге деңгейінде сақталуда. Мұнай бағасы болжамының өсуіне байланысты Ұлттық қорға мұнай секторынан түсетін түсім 407,3 млрд. теңгеге артып, барлығы 3,4 трлн. теңгені құрайды деп көзделуде.
Бұл кезеңдерде, сонымен қатар, тау-кен және өңдеу өнеркәсібінің кейбір салалары бойынша төмендеу жағына қарай түзету жүргізілгенін атап өтуге болады. Көмір мен лигнитті өндіру саласында 4,6 пайыздық тармаққа, қара металлургия саласында 13,0 пайыздық тармаққа және мұнайды қайта өңдеу саласында 3,7 пайыздық тармаққа өсу қарқыны төмендепті. Сонымен қатар, серпінді даму қарқынына байланысты машина жасау мен ақпарат және байланыстың өсуі тиісінше 7,0 және 3,0 пайыздық тармаққа ұлғайған. Бұдан басқа, болжанып отырған астықтың жоғары шығымына орай ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде болжамды көлемдердің 0,6 пайыздық тармаққа артуы күтіліп отыр. Tауар нарықтарындағы әлемдік бағаның өзгеруіне байланысты, мұнайдың бір барреліне әлемдік бағаның болжамдық деңгейі 106,3 АҚШ долларына дейін ұлғайды. Мәселен, алдын ала есептеулер бойынша соңғы 9 айда мұнайдың орташа бағасы бір барреліне 108,7 АҚШ доллары деңгейінде қалыптасты және мұнайдың бағасы бір барреліне 100 АҚШ доллары деңгейінде сақталған жағдайда 2013 жылдың қорытындысы бойынша орташа жылдық баға бір барреліне 106,3 АҚШ доллары шегінде күтіледі. Бұл ретте металдар бағасының жиынтық болжамды индексі 93,8 пайызға дейін төмендеген. Төмендеу алтынның болжамды бағасының – 19,3 пайызға, алюминийдің – 11,2 пайызға, мыстың – 10,6 пайызға, мырыштың 7,1 пайызға азаюы есебінен болып отыр, деп түсіндірді министр.
Е.Досаев атап өткендей, бюджет тапшылығын 80 млрд. теңгеге қысқарту, яғни 870,6 млрд.-тан 790,6 млрд. теңгеге қысқарту, республикалық бюджеттің шығысын 6 033,4 млрд. теңгеге дейін оңтайландыру ұсынылуда. Тұтастай алғанда, шығыстың қысқартылуы 165,8 млрд. теңгені құрайды. Бұл қаржының бір бөлігі, атап айтсақ, 100 млрд. теңгесі төменде аталған жобаларға жұмсалады. Мәселен, «Жезқазған–Бейнеу» темір жол желісінің құрылысына 30,0 млрд. теңге бағытталса, бұл Қазақстанның орталық өңірлерінен және Достық стансасында Қазақстанның батыс өңірлеріне және одан әрі Еуропаға жүк тасымалына тікелей жол ашу арқылы тасымалдау қашықтығын 1200 шақырымға қысқартуға мүмкіндік береді. Одан әрі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын орындау аясында экономика салаларын әртараптандыру мәселелерін шешу үшін «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамының жарғылық капиталын ұлғайта отырып, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттігін және тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының жарғылық капиталын ұлғайтуға 30 млрд. теңге бөлінбек. Ал ЭКСПО-2017-ні өткізуге дайындыққа 20 млрд. теңге, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында Астана қаласының өкілетті мекемесінің «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының алдындағы міндеттерін орындау үшін Астана қаласының апатты жағдайдағы тұрғын үйлерін бұзу жобасын іске асыруға берілген несиелерді қайтаруға 20 млрд. теңге жұмсалмақ.
Талқылау нәтижесінде 2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы мақұлданды. Аталмыш заң жобасын Парламент Мәжілісіне үстіміздегі жылдың 5 қарашасына дейін енгізу жоспарланды.
Отырысты қорытындылаған Премьер-Министр тиісті басшыларға нақтыланған бюджетке қатысты бiрқатар тапсырмалар жүктеді. С.Ахметов сондай-ақ шығыстарды дұрыс болжамау, сапасыз жоспарлау сияқты бюджет бағдарламасы әкімшілерінің жұмыстарындағы тиімсіздіктерге назар аударды. Осыған орай Үкімет басшысы мемлекеттік органдар басшыларына бюджет бағдарламасын игеруге жауапты адамдарды жазаға тарту туралы ұсыныстар дайындауды тапсырды.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».