Сөздер жақсы тек жазумен білінер,
Ұмытылмай көз, құлаққа ілінер...
Білімдар мен дана жазып кеткенді
Оқымасақ кім айтар ед өткенді! –
деп жырлаған данышпан Ж.Баласағұн мемлекеттің гүлденіп дамуы үшін жеке адамның жетілуін,сонымен бірге мемлекеттің тізгінін ұстаған патша мен оның бұқара халқының әрбір мүшесінің тиісті міндеттері қапысыз үйлесім тауып, жарасымды қызмет етуі шарт екендігін ғибрат етеді. Әбу Насыр әл- Фараби әйгілі «Ізгі қала тұрғындары» трактатында өріс алған әлеуметтік-философиялық қағидаттар аталмыш шығармада да ой желісіне айналып, өрнекті өлеңмен кестеленіп, жыршылдық өнерді пір тұтатын түркі халықтарының дәстүрлі қабылдау түйсік-түсінігіне икемделіп, тартымды туындыға айналады. Әлеуметтік өткір мазмұн, мемлекеттің түзімі, заң-жарғы, билеуші элитаның ара-қатынасы, қоғамның түрлі топтарының мінез-құлқы, халықтың қайнаған өмір-тіршілігі, адамдардың әдебі, арман-мұраты дастанның өміршеңдік сипатын, ауқымдылық салмағын аттырып, кітап сол замандағы билік иелерінің рухани тұғырнамасына айналғаны мәлім.
Дастанның негізгі бір ерекшелігі – қою әлеуметшіл-халықшыл сипаты, тіпті түркі ауыз әдебиетінің дәстүріне жақындығы. Айталық,бұл шығармада айтыс жанрының құрылымы кәдеге жаратылып,бас кейіпкерлер Күнтолды, Айтолды, Өгдүлмүш, Одғұрмыштар өзара пікірсайыс жасауы туындыны тартысты етіп, елдік танымға жақындатады.
Кемеңгер ақын Абай шығармашылығындағы елдік сана, әлеуметтік өткір сарын,сыншылдық, қазақ қоғамының әрбір топтарының мінез-құлқының мүсіні, этикалық-моральдық тұжырымдар, адамның рухани жетілу сарындары Жүсіп Баласағұн дастанының ой-толқынымен сабақтасады. Әлбетте, Ж.Баласағұн мемлекет пен патшаның, бек пен уәзірдің,хатшы мен әскер басының образын сомдаса, отаршылдық жағдайында отырған Абай ақын елдің ынтымағы мен тұрмыс-тіршілігінің шырқын бұзған болыстық жүйенің ауыр зардаптарын сын тезіне алады, арызқой, парақор, елді ірітуші болыстардың сиқын әшкерелейді.
Қос ұлы ақын білім, ақыл-парасат, қанағат пен махаббат,әділет пен шапқат, еңбек, қайрат, талап секілді адамның асыл қасиеттерін мадақтап дәріптеп,надандық пен екіжүзділік,еріншектік, өсек, өтірік, мақтаншақ, мал шашпақ қылықтарды аямай сынап мансұқтайды.
Ж.Баласағұн «Адамға екі нәрсе тірек тегі: бірі – сөз, бірі – көңіл жүректегі» десе Абай ақын:
Білімдіден шыққан сөз,
Талаптыға болсын кез
Нұрын, сырын көруге,
Көкірегінде болсын көз –
деп шығыс даналарынан ұласқан адамның көңіл көзі ашық болып, жүрек айнасы жарқырап тазарып, Жаратқанның ақиқат дидарын танып, толық адам болуға ұмтылыс жасау қажеттігін сөз етеді.
Әлбетте, Күнтолды патша әділет, Айтолды құт-бақыт, Өгдүлмүш ақыл, Одғұрмыш қанағат рәмізі. Әлемдік әдебиетті бай мазмұнмен, гуманистік өзгеше өрнекпен кестелеген осы таңғажайып образдар – ақын Абай шығармашылығының да темірқазығы, асыл арқауы.Шығыстық бояуы қанық Абай лирикасы былайша толғайды:
Әділет пен ақылға,
Сынатып көрген-білгенін.
Білдірер алыс-жақынға,
Солардың сөйле дегенін...
Қайрат пен ақыл жол табар,
Қашқанға да, қуғанға.
Әділет, шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға.
Екі ақын надандық пен қараңғылықты адамгершілікке дақ түсіретін жамандық атаулының өсіп-өніп шығатын ұясы екенін дәйектеп, аяусыз шенейді, оған өнер-білімді, ақыл-ойды қарсы қояды.
«Ақыл» деген – шын дос сөзің өтетін,Білім – бауыр мейірбандық ететін», «Білім ал, осы өмірдің жолын ашар,Кісіден білім білген бәле қашар», «Түк те білмес анасынан туғандар,Төрге шығар өнер-білім қуғандар», «Білімсіз дертке ұшырап күйзеледі,Ауруын емдемесе – тез өледі» деген Ж.Баласағұн білімді үйренуге талаптану адамды сапалық жаңа белеске көтеретінін дәріптеп, әсіресе ел тұтқасын ұстап отырған патша, уәзір, әскербасы, елші, хатшы, жұлдызшы, сарай қақпашысы, қазынашы секілді тұлғалардың ілім-білімге аса жүйрік болуы мемлекеттің дамуының кепілі екенін дәлелдейді.
Соның ішінде шетелге баратын елшінің ақыл-білімі, парасаты, әдебі, көрік сымбаты өзара сай болуы шарт екенін айтып, олардың көп тіл білуі, нақтырақ айтқанда, барлық түркі тілін игеруі қажеттілік екенін айтады:
Болса елшіде ақыл-өнер анық бар,
Бектің аты ел үстінде қалықтар.
Барлық түркі тілін білсе пайымдап,
Сөзін ұқса, сөйлей алса қайымдап.
Екі ақын да рухани күрес, адамды кемелдендіру жолында тіл өнерін қару етеді.Асыл сөзді таңдау, сөз маржанын теріп кестелі өнер туындысына айналдыру, шұрайлы тілді үнемді қолдану, нақыл мен шешендікті шыңдау туралы жиі жырлайды. Ж.Баласағұн былайша толғайды:
Білімдар – нәпсі, тілді түзетеді,
Екеуін еркі жетіп, күзетеді...
Көп ойлап, жақсы сөйле – болсын нұсқа,
Сұраса – жауабың тез болсын қысқа.
Ойшыл Абай«Сөзіне қарай кісіні ал, Кісіге қарап сөз алма», «Көп топта сөз танырлық кісі де аз-ақ, Ондай жерде сөз айтып болма мазақ», «Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ, наданның көзін қойып, көңілін ашпақ» деп сөз өнерінің өткір құрал екенін дәріптесе, Ж.Баласағұн соғыста бек ұстаған қылыш пен бейбіт күнде ақын ұстаған қаламның екеуі де өткір қару-жарақ екенін ұқтырады.
Қос ақынның адамның тұңғиық жан-дүниесіне үңіліп, жүрек түкпіріндегі асыл қазынаны аршуы, толық адам тұжырымын үлгі етуі, әдептілікті насихаттап, жақсы жар, айнымас дос таңдау турасында айтқан ғибраттары дәстүр сабақтастығын танытады.
Ғұлама Ж.Баласағұн «Пайдасы үшін дос болғанды тұт та оғаш, Араласпа, араласса, зыт та қаш», десе ұлы Абай:
Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда,
Ол тұрмас бастан жыға қисайғанда.
Мұнан менің қай жерім аяулы деп,
Бірге тұрып қалады кім майданда? –
деп, айнымас дос аңсайды, тәтті татулықты армандайды. Жар таңдау, отбасына ұйытқы болу,баланы дұрыс тәрбиелеу секілді өмір-тіршілікте кездесетін маңызды тақырыптар туралы ақындардың көзқарасы ортақ болғандықтан бірін-бірі толықтырып, нәрлендіре түседі:
«Тапсаң егер ақылды қыз көз жетіп, Қапы қалмай, үйленіп ал тездетіп...Пейілді әйел көрікті де, текті ғой, «Әйел көркі – қылығында» – депті ғой деп Ж.Баласағұн жігіттер армандайтын сұлу, бай, текті әйелден гөрі ақылды әйелді таңдау абыройлы болатынын баян етеді.Ал Абайдың мына ойлары сол аумақтан алшақ кетпейді:
Әйел жақсы болмайды көркіменен,
Мінезіне көз жетпей, көңіл бөлме.
Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма.
Өмірдің өткіншілігі, адамдардың тату-тәтті сыйластығы, еңбекті дәріптеу, тән мен жанның мәні секілді маңызды тақырыптар екі ақынның жырында да үндестік танытады.
Бұл өлімді ақыл-ой да тыймайды,
Ол айылын білімнен де жимайды...
Тәннің орны болады екен қабірде,
Жанның орны – ылғи көкте, қазір де.
Ұшты жаны, қалып мұнда боқ қарын,
Құдай білер, оның қайда тоқтарын!
Ақын Абай «Өлді деуге сыя ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп, өнердің мәңгілік ие қасиетін ажарласа, Ж.Баласағұн былайша жыр төгеді:
Туған – өлер: бәріне атақ келмейді,
Жақсы сөзі қалған адам өлмейді...
Кісілерден кісі мирас іздеген,
Онысы – сөз пайда әкелер жүздеген.
Қорыта айтқанда, шығыс ойшылдарының ізгілік пен кісілік келбет туралы жауһар жырлары арналы дарияның асау толқынындай бір-біріне араласып,тоғысып жатыр. «Бақыт дегеніміз шексіз мейірбандылық» деп ұран тастап, «Ізгі қала тұрғындарының» иесі дана Хаким екенін тұжырымдаған Әбу Насыр әл-Фараби, мемлекет иесі Күнтолды – әділет рәмізін мүсіндеген Жүсіп Баласағұн, «Единица кеткенде, не болады өңкей нөл», «Адаспай тура іздеген хакимдер болмаса, дүние ойран болар еді» деп тұлғаның жетекшілік қасиетін ашып көрсеткен ойшыл Абай иірімдерінің тұңғиығы ұрпақ санасын шынықтырып, шыңырауға бойлата береді.
Ақеділ ТОЙШАН