Қоғам • 14 Қыркүйек, 2020

Педофилия: Адамзат азғындықтан арылған жоқ

618 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Заман өзгерді дейміз ғой. Әсілінде заман емес, адам өзгерген сыңайлы. Құрдымға кеткен құндылықтар мен адам айтса сенгісіз аярлықты күн сайын көретін болдық. Оған да етіміз үйреніп барады. Әсіресе, балаларға қатысты жасалатын зорлық-зомбылық пен педофилия тыйылмай тұр. Бала құқығы аяқасты қалмасын деп ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанымен, хайуан екеш хайуанның өзі жасамайтын бассыздыққа бел буғандардың айылы жиылар емес. Биылғы қаңтар-тамыз аралығында елімізде қылмыстың осы түріне қатысты 550 оқиға тіркеліп отыр.

Педофилия: Адамзат азғындықтан арылған жоқ

 

Дәл мұндай сорақылық халқы­мыздың ата салтында да, асыл дінін­де де болған жоқ еді. «Жетімін жы­лат­паған, жесірін қаңғытпаған» ұлты­мыз әйелге ең алдымен ана деп қа­рап, баланы елдің ертеңі бағалады. Қо­нақ деп қызын төрге отырғызып, со­ңымдағы ізім деп балдырғанды тізе­сіне жайғастырды. Сол сана, сол түсінік, сол ұстанымнан қашан айырылып қалдық екен. Енді келіп қыз зорлаған, педофилдер жайлаған елдің қатарына қосылдық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев өткен жылы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің не­гізі» атты Қазақстан халқына Жол­дауында «Біз шамадан тыс қудалау ша­ралары мен сот төрелігінің қа­таң жазалау тəжірибесінен бас тарт­тық. Алайда елімізде ауыр қыл­мыс­тардың саны азаймай тұр. Біз заңна­мамызды ізгілендіру ісіне көбірек мəн беріп, азаматтардың негізгі құ­қықтарын назардан тыс қалдырдық. Жыныстық зорлық-зомбылық, педо­филия, есірткі тарату, адам саудасы, əйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық жəне басқа да ауыр қылмыстарға, əсіресе балаларға қа­тысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Бұл мəселені шешуді Парламентке жəне Үкіметке тапсырамын», деді.

Рас, елімізде бұған дейін заңнаманы ізгілендіруге бағытталған бірқатар жұ­мыстар атқарылды. Осыдан екі жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баев «Төртінші өнеркәсіптік рево­люция жағдайындағы дамудың жа­ңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жол­дауында «Азаматтардың консти­ту­циялық құқықтарына кепілдікті ны­ғайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажет», деген еді. Елбасы тапсырмасын орын­дау мақсатында тараптарды тату­ластыруға, зәбір көрсетуші бар­лық талаптарды орындағаннан кейін оны жауапкершілікке тартпауға зор күш салынды. Қылмыстық ко­декс­тің 262-бабына, Қылмыстық-про­цес­тік кодекстің 45-бабына және Қыл­мыстық-атқару кодексінің 9-бабына бірқатар өзгертулер енгізілді. Қоғамды ізгілендіру шараларына 2 мыңға жуық адам тартылып, бас бостандығынан айырылғандардың саны 30 мыңға азайды.

Бірақ бұл ізгілендіру ісі ауыр қыл­мыс саналатын кісі өлтіргендер мен зорлағандарға, азаптағандарға, экстремизм мен терроризмге барғандарға, қылмыстың ұйымдастырылған түр­лерін жасағандарға қолданылған жоқ. Соған қарамастан еліміздің қылмыстық-құқықтық саясатын жазалаушыдан құқық қорғаушы қызметке қарай бұру жұмысы қордаланған мәселелерді түбегейлі шеше алма­ды. Президенттің былтырғы Жолда­уындағы азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында айтылған «Біз заң­на­мамызды ізгілендіру ісіне көбі­рек мəн беріп, азаматтардың не­гіз­гі құқықтарын назардан тыс қал­дырдық», деген сөзі осы ойымызды ұштай түсетіні анық. Ендігі мәселе – азаматтардың негізгі құқықтарын назарға алу еді.

Президенттің осы мәселеге қатыс­ты Парламент пен Үкіметке берген тапсырмасы аяқасты қалған жоқ. Заңға енгізілетін бірқатар өзгерістер мен толықтырулар әзірленді. Осы­лайша өткен жылдың соңында Мем­лекет басшысы «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық ак­ті­леріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру жә­не жеке адам құқықтарының қор­ғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» заңға қол қойды. Со­ның нәтижесінде зорлау жəне нəпсі­құмарлық сипаттағы күш қолдану əрекеттері орташадан ауыр қылмыс санатына ауыстырылды. Сондай-ақ жас балаға қатысты зорлау немесе нəпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану əрекеттері үшін қылмыскер 20 жылға немесе өмір бойы бас бос­тандығынан айырылатын болды. Бұдан бөлек, педофилия фактілерін хабарламағаны, жасырғаны жəне бұрмалағаны үшін жазаның ең жоғары мерзімі ретінде сотталушы 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бастысы, қылмыстың осы түрін жасалған кезде тараптардың ымыраласуына жол берілмейді.

Солай бола тұра қылмыстық жаза қатаңдады екен деп қылмыс саны азая қойған жоқ. Мәселен, биылғы маусым айында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев БАҚ өкілдеріне берген баспасөз мәслихатында «Жыл басынан бері зорлық-зомбылық, педофилия, балаларға қатысты қылмыс үшін заң қатайды. Жыл сайын елімізде осы сипатта 2 мыңға жуық қылмыс жасалады. Мұндай қылмыстың қатарында балаларды – азаптау, ұрып-соғу, боп­салау, қауіп-қатерлі жағдайда қал­дыру фактілері жиі кездеседі. Сондай-ақ жасалатын қылмыстардың үштен бірі зорлық-зомбылық, педофилия мәселесіне қатысты болып отыр», деді. Сорақылық емей немене, бір жылда 2 мың адамның өмірі өзгеріп, қайта қалпына келе қояры күмәнді психологиялық, физиологиялық зардап шегеді.

Жуырда осы ведомство «Бала­лар­ға қамқорлық жасаңыз» атты фильм­ді жарыққа шығарды. Бұл фильм­де кәмелетке толмағандарға қарсы зорлық-зомбылық мәселесі кө­теріліп отыр. Онда келтірген ресми статистикаға сенсек, биылғы қаң­тар-тамыз аралығында кәмелетке тол­мағандарға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық сипатындағы 550 қылмыс жасалыпты. Соның 250-і – күш қолдану, бопсалау, қорқыту не­месе баланың дәрменсіздігін пайда­лану арқылы жасалған айуандық. Жасалған қылмыстың тең жартысынан көбінде баланың жасы 14 жастан аспайды (14 жасқа дейін – 61,3%, 14-18 жас аралығында – 38,7%). Тіпті, кей жағдайда баланың анасы күйеуінен не болмаса бірге тұрып жатқан азаматынан айырылып қалудан қорқып, мұндай зорлық-зомбылық оқиғаларын жылы бүркеп жауып қоюдан да тартынбайды. Мұн­дай зорлықты 40,6% жағдайда балаға бейтаныс адам жасайтын болса, 26,4%-да – танысы, 17%-да – өгей әкесі немесе анасының бірге тұрып жатқан азаматы, 7,5%-да – туысы, 6,6%-да – әкесі, 1,9%-да көршісі жасайтын көрінеді.

Нұр-Сұлтан қаласындағы юве­нал­ды полиция инспекторы Гүлсая Әнуар­бек былай дейді: «Балаларға жасалатын зорлық-зомбылықтың қысқа және ұзақ мерзімді салдары болады. Бала есейген кезінде де бойында психо-патология дамиды. Ондай балалар өте тұйық келеді. Қоғамның өзіне деген қарым-қатынасынан жасқанады. Кей кезде біз осындай олқылықтың алдын алу үшін пси­хологтардың, пе­да­гогтердің, одан өзге де арнайы ма­мандардың қыз­метіне жүгінеміз».

Бұл мәселе полиция қызмет­кер­лерінің ғана емес, еліміздің прокуратура органдарының да үнемі назарында. Мәселен, Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, балаларға зорлық-зом­былық көрсеткен адамдарға аяу­шы­лық та, рақымшылық та болмай­ды. «Педофилдерге қатысты заң­ды қатаңдату жұмыстары әлі де жал­ғасуда. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы педофилдерге қатысты санкцияны күшейткен болатынбыз. Тіпті, мұндай қылмыс жасаған адамдарды өмір бойы бас бостандығынан айыру мәселесі де қолға алынды. Енді бұдан былай педофилдер үшін рақымшылық жасалмайды», дейді М.Ахметжанов.

Оның айтуынша биыл балаларға қатысты зорлық-зомбылық 8%-ға өсіп отыр. Оның да өз себептері бар. Мәселен, биыл бір жәбірленушіге қатысты 60 қылмыстық іс қозғалды. Былтырдан бастап жабық мекемелерде, интернаттарда балаларға жасалған зорлық-зомбылық фактілерін жасыр­ғандар да жауапқа тартыла бастады. Ол да қылмыстың осы түріне қатысты жауапқа тартылғандардың санын арттырып отыр.

 

P.S. Елімізде балаға көрсетілетін зорлық-зомбылық пен педофилдер тарапынан жасалатын қылмыстарға қатысты мысалды көптеп келтіруге болады. Өзекті өртейтін де – осы! Әсіресе, пандемияға байланысты сабағына бармай ұстаздың да, ата-ананың да қадағалауынсыз қалған, аула-аулада улап-шулап жүрген балаларды көргенде ойға бататын болдық. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ». Індеттен қорғаймыз деп жүріп, баланы жүзі қараның құрығына іліндіріп алмасақ жарар еді. Ойланарлық жағдай...