Кәмен Оразалин белгілі жазушы, әртүрлі жанрда жазылған көркем шығармалардың авторы, қоғам қайраткері, «Қазақстанға еңбегі сіңген мұғалім» атағын алғашқылардың бірі болып алған ұстаз, бірнеше жоғары дәрежелі Үкімет наградаларының иегері, «Октябрь революциясы», ІІІ дәрежелі «Даңқ» және «Отан соғысы» ордендерімен, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін «Парасат» орденімен марапатталған.
Тізе берсе ары қарай соза беруге болады, айтпағым, ол жалғыз менің ғана ұстазым болып қойған жоқ, өзінің барлық саналы өмірінде осы Шыңғыстау өңірінен шыққан жақсы-жайсаңдар мен зиялы қауым өкілдері, ғалым-оқымыстылар, ақын-жазушы, өнер иелері, еңбегімен танылған халық қалаулыларының ұстазы, әрі ақылшысы, тәрбиешісі болды. Сондықтан да барлық өмірін елінің жан-жақты өсіп-өркендеуіне арнаған, кім қозғаса да қозғалмай, тұғырынан таймай халқымен бірге жасаған Кәмен Оразалин Абай ауданының тарихында өшпес із қалдырып, ұмытылмас ірі тұлға болып қала бермек.
Кәмен ұстазымды Абай орта мектебінде 1950 жылдың басында жоғарғы сыныптарға қазақ әдебиетінен сабақ беретінін сыртынан танып-біліп жүретінмін.
Ол кезде шамамен 6-7 сыныпта оқимын, мұғалімнің анадай жерден келе жатқанын көрсек бас киімімізді шешіп, жанымызға ұстап өтіп кеткенше қозғалмай тұратынбыз. Кәмен мұғалімнің де күлімдей басын изей басып өте шыққаны есімде қалыпты, ол кезде балалар үшін осы бір жақсы дәстүр әдептіліктің үлкен бір түрі еді.
Ұмытпасам, сол 1950 жылдардың басында ұстазымыздың «Жексен» атты кітабы шықты. Соғыс тарихы, Отан қорғаушы жауынгерлер жөнінде басылып шыққан алғашқы еңбектердің бірі болатын.
Ел жылы қабылдап, қолдан-қолға тигізбей қызыға оқып жатты. Бізден бұрын оқыған қызметкер апа-ағайларымызбен, жоғарғы сынып оқушылары кітапты бас алмай оқыдық.
Республикалық, облыстық газет-журналдардың беттерінде сол кездегі әдебиеттанушылар мен сыншылар өз пікірлерін жарыса айтып та, жазып та жатты.
Осы бір еңбегі Кәмен ұстазымыздың атын сол кездің өзінде тек Қазақстан емес, бүкіл Кеңес одағына шығарды.
Содан 8-інші сыныпта қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі әрі сынып жетекшіміз болып Кәмен ұстазымыз келді. Ұзын бойлы, аққұба өңді, екі иығы бойына шақтап, шебердің қолымен кескінделіп келтірілген бейне мүсіндей, табиғи келбеті мен дене бітімі сай, сұлу, тұрпатты еді. Жүріс-тұрысы ширақ, кеудесін кере ұстап құдды бір әскери саптағылардың аяқ алысындай адымдай басып келе жатқанының өзі бір көрініс болатын.
Сөз сөйлеу мәнерінің өзі ерекше еді, алдымен жай ғана қоңыр даусымен бастап, дыбыс күшейткішін қосқандай бірте-бірте жоғарылатып адамды өзіне үйіріп алған соң шешіле сөйлеп кетіп, тыңдаушыны еріксіз өзіне баурап, тартып алатын қасиеті болатын.
Алғашқы сабағымыз таныстықтан басталып, өзінің сынып жетекшіміз, бұдан былай бір отбасының адамындай, әке мен баладай болып сыйласып, ынтымақтасып, барлық жағынан озат болуымызды ескертті.
Әрқайсымызды орнымыздан тұрғызып, керекті сұрақтарын қоя бастады. Кезек маған келгенде: – Өй, Манатай Балташ ағаның баласы, сен тұрып мына тақтаның алдына кел, деп шақырып алды. Қорқыныш пен таңданыс аралас сүйретіле басып, тақта алдына келіп тұрдым. Мұғалім бас-аяғыма бір қарап алып «ал, балалар, мына оқушының кім екенін білесіңдер ме?», деді. Бәрі тым-тырыс, мені шынымен үрей билей бастады, дауысын қатайтып, саңқылдай сөйлеп: «Бұның қайдан, қайда тұрып оқығанын білесіңдер ме? Шынымен ешкім білмей ме? Айтпағансың ба?», деп маған күлімдей жылышырай қарағанда, сөз әлпетінен бірдеңе түсінгендей болып іштей «уһ» деп, дем алғандай болдым.
Әлден соң: – Балалар, бұл ұлы жазушы, сөз зергері, ұлы ойшыл, драматург, ғалым, оқымысты академик Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің тәрбиесінде болып, екі жыл қолында тұрып оқу оқыған, әкелік аялы алақаны мен мейірімге толы ыстық құшағын көрген, ұлы Мұхтар ағамыздың баласындай болған Балтақай ағамның баласы – Манатай, – деді.
Содан әрі қарай әңгімесін сабақтап: – Мен осы жолы Алматыға келесі шығатын кітабымның шаруасымен барып, Мұхтар ағаның үйіне соғып сәлем бергенімде, өзі бастап Валентина Николаевна шешең, Үмия апамыз, Ләйлә, Ернар бәр-бәрі сәлем айтты. Үй іштеріңнің қал-жағдайларын біліп, Мұхтар ағаның өзі бастап, әсіресе сенің оқу үлгерімің мен қалай ер жетіп келе жатқаныңа назар аударғандай болды, арасында кейбір сенің балалық қылықтарыңды еске алды, – деп аяқтады таныстықты.
Әрине, қолында баласындай болып, өсіп, тәрбиеленген соң адамдар бір-біріне бауыр басып, туғанындай болып кетеді.
Мен сол кезде кішкентай бала болсам да көрген, естіп-білген, оқып-тоқыған дүниелерімді ұмытпайтын зерек болған болсам керек. Мұхтар ағам менің балалық тәтті қылықтарыма қатты ризалық танытып, әкелік мейірмен әркез құшағына алып, маңдайымнан иіскейтін.
Кәмен ұстазымның сол күнгі «Әй, Манатай, сен біліп қой, сенің әр уақытта орның бөлек, өйткені сен ұлы Мұхтар Әуезовтің үйінде тұрып, оқып, білім алдың, тәрбиесін көрдің, әр уақытта соған лайық болуың керек», – деген сөзі менің жүрегімде өмір бойы сақталып қалды.
Бұл менің өмірімдегі ең бір бақытты шағым, өшпес уақыт сыйы болып еді.
Кәмен мұғалімнің сабақ беру тәсілі бөлек болатын. Сол күнгі өтетін оқу тақырыбын айтып, егер ол белгілі ақын-жазушы болса өмір жолы мен шығармаларына тоқталып, қандай шығармасына назар аудару керектігін қадап тапсыратын. Сол кездегі қазақ әдебиеті оқулығына енген ақын-жазушылар: Сұлтанмахмұт Торайғыров, Спандияр Көбеев, Сәбит Дөнентаев т.б. шығармашылық еңбектеріндегі заман үрдісіне қарай жазылған әйелдер теңсіздігі, салт-дәстүр көріністері, әлеуметтік-тұрмыстық қиыншылықтар, т.б. оқиғалар мен көркемдік суреттемелерді өз ой-толғамы тұрғысынан толықтыра отырып, әсерлей жеткізетін.
Абайтану ғылымының негізін қалаған ұлы жазушы М.Әуезов болса, оны ары қарай жалғастырып, болашақ ұрпақтардың рухани қазынасына айналдырып, ұлылар туған жерге алғашқылардың бірі болып, ірге тасын қалаған «Абайтану», «Мұхтартану» ілімдерін оқушылардың бойына сіңіріп, санасына жеткізе білген Кәмен Оразалин ұстазымыздың ерекше еңбегін әр уақытта айрықша бағалауға тиіспіз.
Ұлы жазушы Мұхтар ағамыз Абайдың 95 жылдық тойын өткізу шараларын бастап, 1939 жылы Шыңғыстауға келіп, орта мектептің жанынан «Абай ұрпақтары» атты қолжазба журнал ұйымдастырды.
Соғыс килігіп, қолға алынған жұмыстар тоқтап қалды. Әскерден балдақ ұстап екі аяғынан жүре алмай жаралы, жарымжан болып қайтқан Кәмен мұғалім ұстаздық қызметке кіріскен күннен бастап «Абай ұрпақтары» журналын қайта жандандырып, ширек ғасырдан артық уақыт қоғамдық негізде басқарып, үзбей шығарып отырды. Міне, «Абайтану» ілімінің алғашқы кірпіші осыдан бастау алған.
Журналға Абай заманы, оның төңірегі жөнінде естіліп, айтылған әңгімелер, естеліктер жоғарғы сынып оқушыларының Абай өлеңдерімен қарасөздерінің ойшылдық, тәрбиелік мән-мазмұны жөнінде жазған түсінік тәлімдері, оқушылардың өздерінің шығармашылық әңгіме, очерк, өлеңдері т.б. түрлі тақырыпқа жазылған мақала, жазбалары өз алдына, бір факультативтік курс мамандығынан өткендей тәрбиелік мәні болып еді.
Қазіргі кезде елге танылып, өзінің ғалым-оқымысты, ақын-жазушы, тарихшы, шежіреші еңбектерімен атақ-даңққа, сый-құрметке ие болып жүрген мен білетін ел азаматтары: педагогика ғылымдарының докторы, академик С.Қалиев, тарих ғылымының докторы Арап Еспенбетов, жазушы Роллан Сейсенбаев, ақындар: Тыныштықбек Әбдікәкімов, Төлеген Жанғалиев, шежіреші Молдабек Жанболатов, марқұм Ырысқан Мусин, Мерғали Ибраев, Жәнібек Кәрменов, т.б. осы Кәмен ұстазымыздың шәкірттері, рухани шәкірттері болған еді.
Жоғарыда айтып өткендей Кәмен ұстазым ұлы М.Әуезовтің шәкірті ғана емес, оның болашағына жол ашқан (ақылшы-қамқоршы) бауырына басып, үміт артып, ақыл-кеңесін беріп, туғанындай болған адамы болды. Оның бір куәсі Мұқаң өзі Мәскеуде емханада жатып, туған ұлы Мұрат Әуезовті Кәменге бар деп, хат жазып беріп: «Мынау менің балам Мұрат, елге, туған жер – Абай еліне бара жатыр. Елді, жерді көрсет, аралатып таныстыр, Балташқа апарып амандастыр», деп тапсыруы жақын көрген жанға деген ұлы адамның көңілін көрсетіп тұр.
Кәмен ұстазым ұлы адаммен етене араласып жүріп, ақыл-пікірін білу үшін сыр ретінде өзінің Алматыға келгісі келетінін айтқанда: – Әй, Кәмен, сен менің ақылымды алсаң елден қозғалушы болма, сенің ел ішінде болғаның елге де, бізге де қажет, сен жазатын шығармашылық керегіңнің бәрі Шыңғыстаудың іші-сыртында жатыр, деген екен. Сол үлкен адамның ақылын алып, Кәмен ұстазым өмір бойы туған жерінен қозғалған жоқ, өсиетін бойына бойтұмардай сақтап, анда-санда айтып қойып отыратын.
Кейде Мұхтар ағамыз Кәмен ұстазымызға ұлы Абайдың шығармашылығын оқып, зерттеп білуде, жастарға оның мазмұнын тереңдете оқытып, санасына сіңіруде өз ой-пікірі, ақыл-кеңестерімен бөліскен шығар деп ойлаймын. Өйткені Кәмен мұғалімнің сабағы қай тақырыпта өтпесін Абай мен Мұхтар әлеміне салыстырмалы түрде болса да бір соқпай кетпейтін.
Шынын айтқанда, қазіргі «Абайтану» пәні деп жүрген оқуымыз сол 1950 жылдардың басында Абай орта мектебінде басталып, оның негізін қалаған ұстазымыз Кәмен Оразалин болатын.
Кәмен ұстазым алғашқы «Абайтану», «Мұхтартану» ілімдерін өзінің оқу әдістемесімен ұштастыра отырып, өзіндік жол-жоба ойлап таба білді, келешек жастардың ой-өрісін кеңейтудегі, оқу, білім берудегі біліктіліктің бір үлгісі, қазіргі талаппен қабысып жатыр.
Кәмен ұстазымызды сонау балалық шағымнан бері білгенмен осы бір естелігімді жазып отырып, адам тіршілікте көп нәрсеге мән бермей, кейбір ел қадірлеген адамдардың елеусіз тасада қалып бара жатқанына қиналады екен.
Қаншама атақ-дәреженің иегері, ел құрметтісі бола жүріп, қарапайым, кішіпейіл қалыптарынан таймай, ештеңеге қызықпай, талмай, қажымай еңбектеніп, ақыл-парасат иесі болған адам екені көрінеді.
Қалай десек те, Кәмен ұстазымызды өз ішімізде осы уақытқа дейін ұмыт қалдырып келгенімізді жасыруға болмайды. Оның туған елі – Абай ауданының тарихында орны да, аты да қалатын кезі келді.
Биыл Кәмен ұстазымыз 100-жасқа толып отыр.
Бұдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанға әйгілі ірі ғалым, академик, жазушы Зейнолла Қабдолов, көрнекті халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов ағаларымыз Кәмен Оразалин туралы «Ұлы жазушы» деп көрсетпесе де, соған пара-пар теңеулер келтіріп, сол дәрежеде айтқан пікірлерін келтіре кетуге болады.
Зейнолла Қабдоловтың: «Орыстың ұлы жазушысы Л.Толстой «Ясная Полянада» жатып атақты «Соғыс және бейбітшілік» романын жазса, М.Шолохов Дон бойында жатып «Тынық Дон» романын шығарды, ал біздің Кәмен Оразалин Ертістің бойында, Шыңғыстауда жатып, ұлы жазушы М.Әуезов туралы «Абайдан соң» тетралогиясын жазды», деп ұлылармен қатарға қойып атауы түсінген адамға терең мағына беріп тұр.
Ал сол ұлы жазушы М.Әуезов жайлы жазылған төрт томдық «Абайдан соң» атты роман тетралогия шыққанына жиырма бес жыл уақыт болып қалса да, кезінде «біткен іске сыншы көп» дегендей сын айтқан бақталастары қазір ұлы жазушы еңбегінен тіпті ғылыми еңбек пен зерттеулер жаза алмай жүр.
Сондықтан мен де шошымай, үрікпей: «Ұлы жазушы туралы ұлы еңбек жазған, ұлы ұстазым – Кәмен Оразалин!», деймін.
Қазір ел алдында тұрған үлкен міндетіміз, ел билігінде отырған азаматтарға айтарым, қояр тілегім, Қазақстанға танымал көрнекті жазушы, қоғам қайраткері ұлы ұстаз, Қазақстанға еңбек сіңірген мұғалім, ҰОС ардагері, Абай ауданының Құрметті азаматы, ел тарихында өшпес аты қалған тұлға Кәмен Оразалиннің есімін есте мәңгі қалдыру үшін өздері сұранып тұрған екі мектептің біріне беру керек. Мұны аудан жұртшылығы мен педагог-оқытушылар ұжымы да қолдап отыр.
Манатай БАЛТАҚАЙҰЛЫ,
дербес зейнеткер, Абай ауданының Құрметті азаматы
Шығыс Қазақстан облысы