Қоғам • 14 Қыркүйек, 2020

Сәби сүйгісі келгендерге сүйеу болу – сауап

628 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел, ұлт өсімі – ең басты қажеттілік, маңызды тақырып. Мемлекет басшысының Жолдауда еліміздегі әрбір алтыншы отбасының сәби сүюінде қиыншылықтарға тап келуі – алаңдатарлық ахуал. Жолдаудағы өзекті тақырыптың біріне айналуына қарап-ақ қазіргі таңда әйелдер мен ерлердің репродуктивті денсаулығы отандық медицина үшін өзекті мәселелердің бірі екенін аңғаруға болады.

Сәби сүйгісі келгендерге сүйеу болу – сауап

Халық саны күрт өсіп, бала туу бо­йынша республикада алдыңғы орында келе жатқан Маңғыстау облысында да бала сүю бақытына қол жеткізе алмай жүргендер бар. Деректерге сүйенсек, Маңғыстау облысында 2019 жылдың қорытындысы бойынша фертильді жастағы әйелдің саны 167 675-ті құрады. Олардың ішіндегі 0,20% отбасылық жұп бедеулік бойынша есепте тұр және 33 отбасылық жұпқа тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде квота арқылы экстракорпоралдық ұрықтандыруға жолдама берілген. Ал биыл, яғни 2020 жылы фертильді жастағы әйел саны 169 362-ні құраса, оның ішіндегі 0,04% отбасылық жұп бедеулік бойынша есепке алынды.

Мамандардың айтуынша бедеулік жас талғамайды, жап-жас әйелдердің де бала сүйе алмай сансырап жүргендері аз емес. Алайда салыстырмалы түрде қарағанда орта есеппен 25-40 жастағы әйелдерде бала көтере алмаудың басымдығы бар. Оның үстіне сәби сүюдің жолын басқа жақтардан іздеу арқылы кеш қалып жататындар да бар екен. Мысалы, бір әйел емшілер көмегіне жүгінсе, екіншілері жекеменшік клиникаларда уақыт өткізеді.

«Одан гөрі мемлекеттік емханаларда қа­ра­лып, диспансерлерге есепке тұрып, квота алуға қол жеткізуге болады. Ақшасын үнем­дейді әрі уақыттан ұтылмайды» дейді маман­дар.

Биыл Денсаулық сақтау министрлігінің желісі бойынша экстракорпоралдық ұрық­тандыру циклдарын жүргізуге 1105 квота бөлінген болса, соның ішінде 41 квота Маң­ғыстау облысына бөлінді, 2019 жылы 33 квота бөлінген болатын. Сондай-ақ өңірде 2018 жылы 134 бала, 2019 жылы 138 бала ЭКҰ жүйесі бойынша өмірге келген.

Ақтау қаласында «Экомедкаспий» кеңес беру орталығы жұмыс істейді, бірақ арнайы ем-дом іс-шаралары Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында жүзеге асырылады.

– Бізде көбіне әйелдер емделуге келеді, ал ер адамдар қаралудан бас тартады. Тіпті әйелдердің өзін кей жағдайда үлкен күшпен әкелеміз деуге де болады. Қазір емханалардан бала көтере алмай жүрген әйелдерді бізге бағыттауды сұрап отырамыз. Осылайша оларға бағыт-бағдар беріп, көмек қолын созғымыз келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауында бұл мәселені арнайы көтеріп, квота санын арттыруға тапсырма беруі – құптарлық іс. Өйткені бұл өте маңызды мәселе, ұлт болашағының кепілі. Біз де бұл бағытта ұйымдастыру жұмыстарын жандандыра түсетін боламыз, – дейді Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық көмекті үйлестіру және ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің бас маманы, Маңғыстау облысының бас акушер-гинекологы Аршынай Сапиқызы.

Ендігі жерде бала сүю бақытына мемлекет тарапынан жасалған қолдауды сезініп, батыл қадам жасауы үшін бала аңсаған әрбір отбасына, әрбір жанға түсіндіру, насихаттау жұмыстары қарқын алуы керек.

 

Маңғыстау облысы