Қоғам • 15 Қыркүйек, 2020

Сырдария неден суалды?

1863 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биылғы жазда Сырдария арна­сының күрт түсіп кетуі бар тір­ші­лігін дария­мен байланыстырған өңір жұртын үлкен бір алаңға салып қойғаны анық. Әрине, өзен­нің қыста толып, жазда солып ағатыны көз үйренген құбылыс еді. Бірақ осы жаз бастауын дариядан алып, облыс орталығын суландырып тұрған «Сарқырама» каналы қаңсып жатты. Қала маңындағы саяжай иелері еккен бақша өнімдері де судан қалды.

Сырдария неден суалды?

 

Қамбаш көзден бұл-бұл ұша жаздады

Биыл әр жазда жағалауынан жұрт арылмайтын Қамбаш көліне ба­ратындар сап тыйылды. Көлемі жа­ғы­нан кіші Аралдан кейінгі ірі көлге асы­ғып жеткендердің өзі жағалауын ке­міріп жатқан бұрынғы айдынды көре алмағаны анық. Сырдария өзе­ніндегі су тапшылығынан бір жазда көл жағалауынан 250-300 метрге ше­гініп кетті. Мамандар жыл сайын бір­неше мың тонна балық ауланатын Қамбаштағы тіршілік иелерінің жа­йын айтып, мәселе көтерген еді. Ауыл тұрғындарының да тартылған су табанынан шыққан күлімсі иіске тұншығып отырғаны белгілі болды.

Суы көз жасындай мөлдір Қамбашта әр жазда шамамен 60-70 мың турист демалатын. Инфрақұрылымы жолға қойылып, жетпіске жуық кәсіпкер нәпа­қа тауып отырған. Биыл тартылған көлмен бірге олардың бизнесі де тоқ­тады.

Осы жылы су тапшылығының боларын мамандар ерте-ақ болжаған еді. «Қазсушар» РМК облыстық филиалы, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы былтырғы желтоқсаннан бас­тап алда егілер күріш көлемін 78 500 гектардан асырмау керектігі жөнінде ұсыныс берген. Оны облыстық әкімдік шаруашылықтарға егіс науқанынан бұрын ескерткен. Бірақ осының бәріне қарамастан биыл 90 мың гектардың үстінде күріш егілді.

– Қазір екінің бірі күріш егуге құмар. Мемлекеттің осы салаға қолдауын пайдаланып қалғысы келетіндер көп. Бірақ оның қоршаған ортаға әсерін де ойлауымыз керек. Биыл барлық жерде су тапшы. Тіпті өзбектер мақтаны 50 пайызға дейін азайтты дегенді естіп отырмыз. Ал бізде керісінше күріш ал­қабы өсті. Осының салдарынан биыл Қамбаш қатты тартылып кетті. Кезінде мақта мен күрішке су алып, Аралды кептіріп едік. Енді сол кепті Қамбашқа кигізсек, алып айдынды орнына келтіру қиын болады, – дейді Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Жұмахан Нұрсейітов.

1

Облыс әкімдігі де мәселенің қан­ша­лықты күрделі екендігін жақсы тү­сініп отыр. Бірақ оның түйіні жеке ша­руашылықтарға байланысты. Олардың қанша алқапқа күріш егіп отырғанын да анықтау қиын. Тексеру үшін тиісті орындардың рұқсатын алуға уақыт жұм­сайсың. Барғанның өзінде шаруа қожалықтарының басшылары бизнесті тексеруге жарияланған үшжылдық мо­­­раторийді көлденең тартып шыға ке­леді.

Келесі жылы да су көбейе қояды де­ген үміт аз. Былтыр осы уақытта қыр­ғыз­дардың «Тоқтағұл» су қоймасында 17 млрд текшеметр су тұрған, қазір ондағы көлем 15 млрд текше метр ға­на. Өзіміздің Шардарада өткен жылы осы мезгілде 1,5 млрд текше метр су сақталса, қазіргі мөлшері 850 млн текше метр төңірегінде.

Мамандар қазір күріш егіп жүр­ген­дердің көпшілігі диқаншылық дәс­­­түрден алыс екенін айтады. Олар егін­шілікке еңбек деп емес, көл-кө­сір табыс әкелетін бизнес деп қана қа­райды. Мысалы, биыл біраз аумақ каналдан алыс, тіпті кейбірі биік жерге егілген. Демек, оны еккендердің бұл кә­сіптен хабары аз.

– Жақында ғана Мемлекет басшы­сы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауыл­шаруашылығы саласындағы ма­­мандардың тапшылығы жайлы жақ­сы айтты. Бұрын егін егетін шаруа­шылықта инженер-гидротехник маманы бола­тын. Ал қазір тіпті ондай мамандар даярланып жатқанына күмәнім бар. Президент басты құжатта атап өт­кендей, суару жүйесі ескіргендіктен он­сыз да қасқалдақтың қанындай су­дың жартысы далаға кетіп жататын кез­дері болады. Ең алдымен осыны рет­­теуіміз керек, – дейді Жұмахан Нұр­сейітов.

 

Күрішті мемлекет сатып алса...

Суды ысырапсыз пайдаланудың бірден-бір жолы ауыспалы егіс жүйесін ұйымдастыру. Жуырда журналистермен кездесуде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова алда ауыспалы егіс жү­йесіндегі күріш көлемін 75-80 мың гектарға тұрақтандырып, мал азығы түріндегі дақылдар көлеміне басымдық беру көзделіп отырғанын атап өтті.

Ал Арал-Сырдария бассейндік инс­пекция басшысының орынбасары Жұмахан Нұрсейітов күріш өндірісін мемлекеттік азық-түлік қауіпсіздігі аясындағы шараларға енгізу керек де­ген ойда. Онда күріштің егілетін кө­лемін мемлекет өзі белгілейді, соған сай түрлі субсидия береді. Кейін дайын өнімді белгілі бір бағамен сатып алады. Ал оған кірмеген шаруашылықтар өз шығынын өзі көтеруі керек.

– Осыған көшсек, қазір күріш егуге құлшынып жүргендердің талайы аяғын тартар еді. Әрине, аймақтың брендіне қарсылығымыз жоқ. Бірақ дәл қазір осы өнімнің пайдасынан зияны көбірек болып тұрғанын жасырмайық. Жыл сайын ұлғайған алқаптар салдарынан Кіші Аралға түсетін су азайып барады. Мұның арты табиғи апатқа соқтырады, – дейді ол.

Осы жылы «Қазсушар» РМК об­лыс­тық филиалы жергілікті әкім­діктермен бірлесе отырып, шаруалар егіс алқаптарын кезектесе суару үшін кесте жасады. Ала жаздай әр ауданға шапқылап, әупірімдеп су беру маусымын аяқтады. Мұндағы мамандардың пікірінше, облысқа су қоймаларын салу керек. Қазір Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитеті осындай екі қойманың жоба-сметалық құжат­та­масын дайындау үшін қаржы бөліп, бұл бағытта жұмыстар басталды. Осы жобада қаралып отырған Қараөзек және Күміскеткен су қоймалары салынса, аймақтағы егін шаруашылы­ғы еңсе тіктеп, ілгеріде үйрек ұшып, қаз қонған көлдердің біразы пайда болып, өңір экологиясы жақсара тү­седі. Ең бастысы, көршілерге деген кі­ріп­тарлықтан арылар едік. Қазір «Кі­сі­дегінің кілті аспанда» дегеннің ке­рін келтіріп отырған Қырғызстан мен Өзбекстанға күніміз түсе берсе, Кіші Аралдан, Сыр бойында онсыз да са­наулы ғана қалған көлдер жүйесінен айы­рылып қалуымыз әбден мүмкін.

 

Қызылорда облысы