Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
...Самара губернаторы 1908 жылдың 9 наурызында №1433 қатынас қағазы арқылы Астрахань губернаторына төмендегідей жағдайды хабарлаған. Ол 1907 жылдың қыркүйек айының орта шенінде Новоузень уезінің территориясында Айдынғали Трумбетов бастаған алты «тонаушы», «қарақшының» пайда болғанын, олардың барлығы қазыналық найзалы винтовка, револьвер, қанжармен мұздай қаруланғанын жеткізеді. Уездің полиция бастығы 29 ақпандағы №2583 жазған рапортында бұл қарулы топтың орыс хуторларын тонаумен айналысқанын жеткізе отырып, ақпан айының басында Орал облысының аймағында орыс хуторларының ғана емес, сонымен бірге қазақ байларының ауылдарын тонап, дала төсін бұрқандырып жатқанын жедел мәлімдеген. 1908 жылғы 5 ақпанда Новый Казанкадан шыққан балық тиеген шаналарды (обоз) тоқтатып, Бузулан уезінің Любимовка селосының шаруасы З.А.Тростяшковты Айдынғалидың өзі винтовканың сүңгісімен шаншығаны туралы келтіре кетуді ұмытпаған.
Бұл шағын топтың соңына полиция бақылаушысы Казанский бастаған атты отрядты салғанымен, топтың ізіне түсе алмай, көп қиындыққа тап келген. А.Трумбетовтің жылдам із жасыруы, көп кедергі келтіргенін, сонымен қатар қазақтар жағынан оны ұстауға шаралар қарастырылмай, оны жасырып отырғанын ескерткен. Казанский бұл топты ұстауға арнайы казак отрядтарын жіберуді сұраған. Осыған байланысты Астрахань губернаторы Нарын құмындағы ставкаға жедел жеделхат жібереді. Ал 15 наурызда Астрахань уезінің полиция бастығына губернатор Соколовскийдің өзі құпия түрде жеделхат жолдап, онда хан ставкасындағы уақытша кеңестің төрағасына жедел түрде 4 атты қарулы казак-орысты жіберуді қатаң ескертеді. Барған қарулы казактарды 20 күн бойы көлікпен, азық-түлік, жемшөппен қамтамасыз етуді Ордадағы уақытша кеңеске айрықша тапсырады. Губернатордың жіберген хатынан Айдынғали тобын жақын уақытта қолға түсіре алмайтынын, жергілікті қазақтардың оны ұстап беруге аса ықыласты еместігі байқалады. Жоғарыдағы хатпен бірге хан ставкасындағы уақытша кеңестің төрағасына жіберген жеделхатында жергілікті тұрғындарды аталған топты ұстауға жұмылдыруды, Новоузень уезінің полиция бастығына, Орал облысындағы үкімет әкімшілігіне көмектесуге тапсырма беріледі. Сайхин станциясынан тағы 4 қарулы казактың 18 наурызға дейін жететінін хабардар етеді. Барлық оқиға барысымен өзіне телеграф арқылы мәлімдеп отыруға айрықша тапсырма берген. Архив материалдарына қарағанда 1908 жылы 12 наурызда Айдынғали, Дияр және Аққоян Ермұхановтар Қамыс-Самар бөлімінің №16 старшиндығының қазағы Құлмұхамед Менетаевтың үйінде түнейді.
Уақытша кеңестің төрағасы Вольфрец Астрахань губернаторына А.Трумбетовтің ізіне көмекшісі Меңдіхановтың түскенін хабарлайды. Оның хабарына қарағанда 16 наурызда А.Трумбетов өз адамдарымен Гурьев уезінің Горы селосында болып, Индердің басқарушысы оларды ұстаудан бас тартыпты. Ол мұны Ілбішін басқармасына телеграф арқылы хабарлағанын мәлімет еткен. Вольфрец 3 сәуірдегі телеграммасында дала номадының соңына Ілбішін полициясымен бірге Орал облысының №1 округінің депутаты Чукин де түседі.
Ал Айдынғалидың тобы 28 наурызда Торғын бөлімінің қазағы Ырзағали Бегисаевтың үйіне түнеп шыққаны белгілі болған сәтте 28 уряднигі бар Адавин жедел жасақталған отрядымен суыт жүріп, ауылға жеткен болатын. Бұл уақытта Айдынғали тобы аттанып кеткен. Бірақ келгендерге үй иесі Ырзағали есікті ашпай қарсылық көрсетеді. Никитин, Токарев және Хмылков сияқты казактарды қанжармен жарақаттаған соң, оны атып өлтірген.
Бұл уақытта Айдынғали тобы орыс хуторларына, орыс сауда кірелеріне шабуыл жасап, үрей тудырады. Бұл туралы Астрахань губернаторының берген телеграммаларында анық көрсетілген. Губернатор Казталов поселкесіне іс-сапармен келген кеңесші Климовқа Новоказановкаға барып, Айдынғали Трумбетовтің тобын ұстауға қарулы жасақ ұйымдастыруға, Қамыс-Самар бөлімінің басқарушысы Шынтаевпен бірге ізіне түсуге тапсырма беріледі. Сонымен Климов пен Шынтаевтың отряды 23 наурызда Гурьев (Атырау) уезіне қарасты Горы селосынан аттанып, Меңдіхановтың тобымен кездеседі. Олар Айдынғалидың тобын бірге ұстауды жоспарлайды. Бірақ Айдынғали өзінің тобымен 17 наурызда Орал бағытына өтіп кеткені белгілі болады. Индер болысының жергілікті тұрғындары Меңдіхановтың отрядына ешқандай көмек қолын созбай, керісінше өшпенділікпен қарсы алған. Жергілікті қазақтардың патша өкіметінің өкіліне көмектеспегеніне қарағанда Айдынғали Трумбетов қарапайым халық өкілдерін тонап, зорлық жасамағанын архив құжаттары нақтылай түседі. А.Трумбетовтің ізін кесе алмаған губернатор кеңесшісі Климов 4 адамымен Астраханға оралады. Ал 29 наурызда Чукин Ілбішін уезінің бастығына Айдынғали тобының ізіне түскенін хабарлайды.
Астрахань облыстық мемлекеттік архив қорындағы А.Трумбетовтің ісі жайындағы материалдар осы жерден үзіледі. Оның бұдан кейінгі іс-қимылы, өмірі жөнінде аталған архивте ешбір материал жоқ. Дегенмен 1912 жылы қазақтың тұңғыш басылымдарының бірі – «Қазақстан» газетінің 2 қаңтар күнгі №4 санында «Айдынғали ұсталды» деген тақырыппен хабар жарияланды. Онда 20 күн бойы Айдынғалиды тұтқындауға шыққан Темір уезінің басшысы бастаған топ Темір, Гурьев уездерінің аумағын, Каспий жағалауына қоныстанған ауылдарды аралағанымен ізіне түсе алмағаны айтылады.
Бұл топ жолай ауылдардан Айдынғали сақтауға тастап кеткен винтовкалар, ер-тұрмандар мен аттарды жинақтаған. Желтоқсанның 4-і күні ғана жеркепеге демалуға тоқтаған Айдынғалидың үстінен түседі. Өзін аңдыған топтың қоршағаны туралы жергілікті қазақтардан хабар алған ол қарсылық көрсетеді. Ол 2 винтовкамен кезек-кезек оқ жаудырып, 4 сағатқа жуық қорғанады. Қасына еріп жүрген Темірғали Жахметов винтовкаларын оқтауға көмектеседі. Атыс кезінде винтовкамен 28 оқ атқан Айдынғали ақыры қолынан жарақаттанып, тұтқынға түсуге мәжбүр болады. Ал 9 желтоқсанда Айдынғали мен Темірғалиды Темір қаласының түрмесіне қамады.
«Қазақстан» газетінің 1912 жылғы 19 қаңтар күнгі №5 санында «Айдынғали Текенің түрмесінде жатыр, жанынан 800 сомнан артығырақ ақша шыққан. Бұл ақша қазірде округтік соттың ықтиярында. Тергеуші жауап алды. Әуелі ояздық нашалник екенін білмей, мылтық атуым рас, білгесін мылтығымды беріп, өзім ұсталдым» деп жауап бергендігі жөнінде мәлімет бар. Одан аңғарғанымыз – «қарақшы» Айдынғали Темір түрмесінен әкелініп, Теке (Орал) қаласындағы түрмеге қамалғаны.
Ал ел ішіндегі ауызша деректер басқаша өріледі. Атырау қаласының тұрғыны, зейнеткер Шамған Рахметова 2007 жылы жазып берген естелігінде былай дейді: «Менің атам Алдоңғар мен әжем Сүтжан Нарын құмының Тұщықұдық жерінен екен. Алайда 1900 жылдары қуғын көріп, біршама уақыт әжемнің Тайсойған құмындағы отырған төркінін паналаған екен. Сол кезде әжемнің айтып отыратын бір әңгімесі есімде қалыпты. Әңгіме Айдынғали жайында болатын. Әжемнің айтуынша, оқиға шамамен 1909 жылы, елдің соғым сойып жатқан кезінде өрбіген. Іңірде сырттан бір адам дауыстады. Сол кезде кішкентай інім Ерғали сыртқа шығып, біраздан кейін қайтып келді. Бала келген қонақты көргенде қатты қорқып кеткен екен. Сырттағы кісі «Алдоңғар деген кісінің үйі осы ма?» дейді. Інім оған «жоқ» деп жауап береді. «Осы үй деп еді ғой» деп ақырғанда, ауызынан от шашып тұр екен. Қайтып келсе мені оңдырмайды» деп інім пештің артына тығылады.
Бақсақ, інім «кісі келсе, маған мал сойдырады деп», соның бейнетінен қашып, айтпай тұр екен. Біраздан кейін Қожық деген ағамыз әлгі адамды ертіп келді. Қонақ кісі бойы биік, еңгезердей қара, саусақтары баланың білегіндей алып адам екен. Иығына нән қоржыны мен мылтығын асып алған. Басына киген тымағы биіктеу қыстаудың төбесін сызып келе жатыр. Алдоңғар қарт төрде жатыр еді. Манағы адам «Ассалаумағалейкум» деп еңкейе қолын бере амандасты. Алдоңғар қарт қонақтың қолын жібермей, «Сен бұл жақтың адамы емессің ғой. Осы жақта Айдынғали жүр деп еді. Сен сол емессің бе?» дегенде, «болсақ болармыз» деп отыра кетті.
Айдынғали біраздан соң «Сізбен ақылдасайын деп келіп едім. Қайтсем құтыламын» дейді. Сол кезде Алдоңғар қарт «Күзде ел көшкенде кетіп қалу керек еді. Енді көктемде ел көшкенде Нарын құмына қарай кет» дейді. Ал Айдынғали «Жеңгейдің құрсағындағы ер бала екен. Мен кіріп келгенде, селк етпейтін әйел адам болмаушы еді. Мына кісі міз бақпады. Баланың атын «Рахметолла» деп қойыңыз» деді (Рахметолла естелік иесінің әкесі – А.А.). Ертеңіне Айдынғали аттанып кетті. Келесі жылдың көктемінде Айдынғали қайта келді. Бұл кезде мен босанып отыр едім. «Бала он үшке келгенде ұстатарсыңдар» деп күміс қамшы мен мылтық тастап кетті. Алдоңғар қарт өз ойын тіке айтатын кісі еді. Айдынғалиға «Сен енді қашып құтыла алмайсың» деді. Сол жылы жазға қарай «Айдынғали ұсталды» деген хабар алдық».
Әжемнің айтқандарынан есімде қалғаны осы. Сол кезде баламыз ғой, мән беріп, сұраңқырағанда әжем де толығырақ айтар ма еді, кім білсін. «Әже, ол неге қашады?» деп сұрағаным бар. Сонда әжем «патшаға қарсы болған екен» деп қысқа жауап беруші еді. Тағы бір есімде қалғаны «Айдынғалидың шешесі ол ұсталды дегенде, «Айдынғалидың басын езбесе, өле қоймас, оған жүкті болғанда жыланның етіне жерік болып едім» дегенін де әжем айтып отырушы еді» дейді.
Ал «Қазақстан» газетінің №7 (21 ақпан, 1912 жыл) санында «Айдынғалидың Хажығали ахун арқылы анасына жазған хаты» атты мақала жарық көрді. Қайсар азамат анасына жазған хатында атыста жараланғанын, үкімет адамдарынан қашпақ ниетінің болмағанын, ояздық басшыға өзінің берілгенін, 877 сом ақшасы, 6 аты, 3 кез жайнамазы Темірде қалғанын жазады. Орал түрмесінде аяғы кісендеулі екенін хабарлап, намазы барына шүкіршілік етеді. «Күндіз болсын, түн болсын, қарап отырғанда Бәйтолла (Қағба) көзіме көрініп, сол уақытта ақылым шығып, бақырып, жүгіріп кететін едім. Осы күнде білінбейді. 5 жылдан бері тек кәсібім – әулие-әнбиелерге зират ету» дейді.
Айдынғали өзінің хатында: «1909 жылы кәһәфке зират үшін Турпан шахарына бардым. Одан келе жатып, Семейде ұсталдым. Шпион деп ұстады. Соңыра Түркия үкіметі шаһадат қылып, біздің кісі деп, жіберіңіз деп, министр арқылы Омбы далалық генерал-губернаторына қағаз келіп, соңыра кеңдік етіп, кетуге праходной қағаз берілген еді. Ондағы атым мағлұм Жанғали Өтегенұлы» деп жазды. Мақаланың жалғасы бар екені қаперге берілгенімен, газеттің кейінгі сандарында бірде-бір ақпарат кездеспеді.
Бір қызығы істі болған Айдынғалиға сонау Түркия мемлекетінің ара түсуі, біраз ойға жетелейтіні рас. Ал газеттің 1912 жылғы 7 сәуір күнгі №10 санында «Айдынғали бір жүз сексен жылқының жаласынан 4-ші сәуірде Орал округ сотында ақталып шықты. Енді екі ісі бар, онда Текеге келіп, Саратов сот палатасы тексереді. Бір іс осы сәуір жұлдызының 26, яки, 28 күні қаралады. Бұл іс бір атаманға қарсылық еткені хақында» деп жазды. Дала көкжалының бұдан кейінгі тағдыры белгісіз болып қалып отыр.
Аққали АХМЕТ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры,
тарих ғылымдарының докторы