Әлқисса, 1926 жылдың 13 қаңтарында Қызылордада ашылған алғашқы қазақ театры 1928 жылы Алматыға қоныс аударады. Өнер шаңырағының іргесін қалаған жеті ақсақал – Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Құрманбек Жандарбековтің сахнада салған соны соқпағын жалғай өнерге жаңа леп келіп қосылды. 1931 жылғы халық басына күн туған қиын-қыстау ашаршылық, «балапан басы, тұрымтай тұсы» уақытпен тұспа-тұс келген бұл буынның қазақ өнері тарихына қосқан үлесі өлшеусіз. Қамкөңіл елдің жанына жұбаныш болды. Қажымай, талмай жұртты өнерімен сусындатты. Дала дәрісін тыңдап, халық академиясынан өткен сол топтың ішінде қазақ өнерінің қара нары Камал Қармысов та бар еді.
Камал Қармысов – қазақ драматургиясының дүлдүлдері: Мұхтар Әуезовтің де, Ғабит Мүсiреповтiң де, Сәбит Мұқановтың да назарында болған актер. «Айман – Шолпандағы» – Жарас, «Ақан серi – Ақтоқтыдағы» – Сердалы, «Шоқан Уәлиханов» спектаклiндегi Гасфорт бейнесі тынымсыз актердің үздіксіз ізденісінің арқасында жаңа биікке көтерілді. Батыс Сiбiрдi билеуші орыс шовинисiнiң бейнесiн барынша нанымды да шебер ашқан сахнагердің ойынын көріп, пьеса авторы Сәбит Мұқановтың ерекше тәнтi болғаны бар екен.
«Театрда режиссер ойын сөз мысқылынан түсінетін, стол басындағы репитицияның өзінде-ақ, болашақ образды бір-екі интонациялық мінездемемен айқындап тастап, бір-екі ғана сырт қимылымен геройының портретінен елес беріп кететін актерлер болады. Олар режиссер қиялындағы әлі көмескі образды көп толғап жатпай-ақ аса бір сезгіштікпен алғыр художниктерге тән кесек сілтеспен, бір-екі штрихтар арқылы бейнелей біледі. Біздің театрда мұндай актерлерді «қамшы салдырмайды-ау, сабазың» дейді. Сол «қамшы салдырмайтын» жүйріктің бірі – Камал Қармысов. Ол қандай рөлде ойнаса да, геройының ішкі дүниесіне, мінез-құлқына лайық сырт кескінін табуға көп көңіл бөлетін актер». Белгілі театр сыншысы Қажықұмар Қуандықовты Камал Қармысов қарымына берген осы бағасының өзі-ақ талай дүниені аңғартып тұрғандай.
Сахнада сандаған күрделі образды шеберлік шыңында жарқырата көрсеткен актердің, әсіресе, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуындағы» Жантық рөлінің жұлдызы биік. Өнертану маманы Әшірбек Сығайдың сөзімен айтқанда, бейненің шынайы шыққандығы соншалық, Камал Қармысов кейіптесе де Жантықтың қолына тіпті Шекспирдің Ягосы да су құя алмайтындай әсерге бөлейді.
Актер сатиралық рөлдердің айрықша шебері болған. Сахна майталманы қандай бейнені кейіптесе де, ең әуелі кейіпкердің ішкі дүниесіне, мінез-құлқына лайық сырт кескінін табуға көп көңіл бөлген. Әсіресе, орыс жазушысы Н.В.Гогольдің әйгілі «Ревизорындағы» Хлестаков рөлі Камал Қармысовтың сомдауында қайталанбас образ тудырды. Ресей астанасында өткен Қазақстан театры онкүндігінде мәскеулік сыншылар бірауыздан Камал Қармысовты «Кеңестік сахнаның ең үздік Хлестаковы» деп таныпты.
Қазақ Хлестаковты жазбай тануда ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтің көрегендігін айтпай кетуіміз орынсыз. Хлестаков рөлінің Камал Қармысовқа қалай бұйырғандығы жөнінде жазушы Әбділда Тәжібаевтың естелігінде жақсы жазылады: «Әдетте Мұхтар Әуезов пьесаларға жасаған аудармасын достарының талқысына салып отыратын. Мұндай оқиғаларға жазушылармен бірге әртістер мен режиссерлер де қатысатын еді. Маған да бірде тамаша аударылған «Ревизор» спектаклін талқылауға қатысудың сәті түсті.
Көз алдымнан мына бір сцена әлі күнге дейін кетпейді. Пьесаны талқылау аяқталғаннан кейін Шәкен Айманов орнынан атып тұрып, Хлестаковты өзі ойнайтындығын мәлімдеді. Бірақ Мұхтар жұмсақ дауыспен және талапты түрде бұл рөлді Камал Қармысов ойнауға тиісті деді. Өйткені, Гогольдің Хлестаковы қатқан қайыстай арықтұғын деді.
Айтты – бітті. Осылайша қазақ сахнасындағы алғашқы Хлестаковты Камал Қармысов сомдады. Бұл характерлік рөлдерді ойнайтын талантты актердің тамаша бейнелерінің біріне айналды, дейді жазушы.
Мұхтар Әуезовтің айтқаны айдай келді. 1936 жылдың 20 қазанында өткен спектакль премьерасынан кейін «Ревизор» жайлы, ондағы Хлестаковты шебер ойнаушы Камал Қармысовтың таланты хақында мақалалар газеттің бетін бермей, толассыз жарияланады. Тіпті, Ритман Фетисов деген журналист «қазақтардың ішіндегі орыс» деп жазады. Себебі сахнагердің сыртқы болмысы, түр-тұрпаты орыстарға көбірек келетін. Грим жасағанда тіптен аумай кететін көрінеді.
Жалпы, «Ревизор» комедиясы – қазақ театрының классикалық шығармаларды меңгерудегі шырқау биігі. Мұнда патшалық Ресейдің іріп-шіріген қоғамдық құрылысының көп сырының беті ашылады. Үкімет аппаратындағы шенеуніктердің пасық өмірі, дөрекі қылмыстары, арамзалық небір сұмдықтары әшкереленеді. Мұхтар Әуезовтің аудармасымен режиссер Илья Боровтың режиссерлігінде көрерменге жол тартқан қойылым қазақ сахнасындағы үлкен оқиғаға айналды.
Иә, спектакльдің табысқа жетуі әуелі жақсы драматург пен ұшқыр режиссерге, одан кейін талантты актерге байланысты. Осы тұрғыдан, осы өлшеммен келгенде Камал Қармысовтың сахнада салған соны соқпағы өкшесін басып, ізін жалғаған өнерпаздарға ғұмырлық тағылым. Профессор Әшірбек Сығайдың сөзімен түйіндер болсақ, классикалық аударма қойылымдардағы Яго, Гарпогон, Хлестаков бейнелерінің қазақ көрерменіне етене таныс болып, жанға жылы ұшырауының негізгі құдіреті – Камал Қармысов өнерінің шырқау биігі деп қаралғаны жөн.