Варшавада Қазақ-поляк ынтымақтастығы мен даму кеңесінің аясында ЭКСПО-2017 жобасының тұсаукесері өтті

Польшаға жасаған сапарының аясында Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, ЭКСПО комиссары Рәпіл Жошыбаев Қазақ-поляк ынтымақтастығы мен даму кеңесінің ІІІ отырысына қатысты және оның шеңберінде Астанадағы жаһандық көрме жобасы бойынша арнайы тұсаукесер өткізіп, поляк компанияларын оған белсенді атсалысуға шақырды.
Варшавада Қазақ-поляк ынтымақтастығы мен даму кеңесінің аясында ЭКСПО-2017 жобасының тұсаукесері өтті
Польшаға жасаған сапарының аясында Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, ЭКСПО комиссары Рәпіл Жошыбаев Қазақ-поляк ынтымақтастығы мен даму кеңесінің ІІІ отырысына қатысты және оның шеңберінде Астанадағы жаһандық көрме жобасы бойынша арнайы тұсаукесер өткізіп, поляк компанияларын оған белсенді атсалысуға шақырды.
Қазақстанның Варшавадағы елшілігінің бастамасымен құрылған Кеңес екі жақтан ынтымақтастықты дамытуға мүдделі бизнесмендер мен саясаткерлерді біріктіреді. «Осындай іс-шараларды өткізу екі ел арасында өзара тиімді іскерлік байланыстардың кеңеюіне қолайлы жағдай туғызып, іскерлік ынтымақтастығымыздың келешекке бағытталған «жол картасын» әзірлеуге жол ашатынына сенімдімін», деді Кеңес отырысының ашылуында Р.Жошыбаев.

Іс-шараға қатысушылар екі жақтың мемлекеттік органдары мен іскерлік қауымдастықтарының қатысуымен серіктестік байланыстарды нығайту жолдары бойынша пікір алмасты. Осы орайда, ерекше назар өңіраралық ынтымақтастықты дамыту жобаларына аударылып, ал 2014 жылы Қазақстан-Польша өңірлер форумын ұйымдастыру оған ерекше демеу бола алады деген пікірлер айтылды.
Поляк инвестицияларын тартуға жағдай жасау мақсатында Кеңес жұмысына қатысқан Батыс Қазақстан, Қостанай және Қарағанды облыстары әкімдерінің орынбасарлары польшалық әріптестерін және бизнес өкілдерін өз өңірлерінің экономикалық әлеуетімен таныстырды. «Іскерлік қауымдастықтарымыздың бірлескен жұмысы Қазақстан мен Польша арасындағы өзара тиімді инвестициялық-технологиялық ынтымақтастықтың кеңеюі мен әріптестік тұғырнамасының қалыптасуына негіз қалайды», деді осы орайда Қазақстанның Польшадағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев.
Кеңес шеңберінде қазақстандық рынокта фармацевтика, «жасыл» технологиялар, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру салаларында жұмыс істейтін поляк фирмалары жобаларының тұсаукесерлері ұйымдастырылды. Сонымен бірге, Кеңес мәжілісінде жиналғандардың назарына Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық бағдарламасы ұсынылды. Тұсаукесер қорытындысында поляк компаниялары алдағы іс-шараға үлкен қызығушылық танытты.
ЭКСПО тақырыбы, сондай-ақ, Р.Жошыбаевтың Польша Республикасының Спорт және туризм министрі Иоанна Мучамен болған кездесу барысында да талқыланды.
Сонымен қатар, Польша астанасында Р.Жошыбаев Варшава қаласының Дағдарыстық басқару орталығының жұмысымен танысып, аталған сипаттағы құрылымдардың ЭКСПО сияқты үлкен іс-шаралар кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ерекше өзекті екендігін атап өтті.
Сәулебек БІРЖАН.