Құз-шыңдары аспанмен таласқан, асқақ Талас Алатауы мен киелі Қазығұрттың арасын бүгінде Төле би ауданы жайлап жатыр. Бұл жақында ғана 350 жылдық мерейтойы тойланған қасиетті баба есімін иемденген еліміздегі жалғыз аудан. «Өз заманының бірегей дара тұлғасы, тарихта алтын әріптермен аты қалған Әз бабамыздың есімін иелену, біздің ауданымыздың маңдайына берілген үлкен бақ деп санаймын, – дейді Төле би ауданының әкімі Әуелхан Тұрғымбеков. – Бұл есім біз үшін үлкен мақтаныш, абырой, міндет пен жауапкершілікті жүктейді. Ауданымыздың тарихы тереңде жатыр. Өлкеміздің тау-тасы, өзен, көл, суы, ну орманы, кең алқапты жазира жерлеріміз тұнған тарих. Олай дейтінім, Төле би ауданы ерте заманнан бері адамзат баласының өмір сүріп, өркендеуіне қолайлы өңір болып, өркениет ошағының біріне айналған».

Қазіргі таңда аудан құрамына 15 қала мен ауыл округтері кіреді. Аудан орталығы – Леңгір облыс орталығынан небәрі 30 шақырым қашықтықта орналасқан. Төле би ауданының бүгінде шаңырағы биік, керегесі кең. Жалпы, оңтүстікте тау жағалай орналасқан Түлкібас, Сайрам, Төле би, Қазығұрт аудандарында табиғаты ерекше, туризмді түлетуге тіленіп тұрған тамаша жерлер өте көп қой. Әйтсе де облыс орталығына жақын орналасқандықтан болар Төле бидің тауындағы туризмнің тынысы басқаларына қарағанда ерекшелеу. Содан болар бұл ауданда соңғы жылдары туризм мәселесі күрт дамып келеді.
Қазір Төле бидің тауында тас лақтырсаң, міндетті түрде туриске тиеді. Әйтеуір, соңғы жылдары Талас Алатауының етегін жайлап жатқан осынау елге инвестиция құйып, тауы мен бауын одан сайын жайнатып, демалыс орындарын ашып жатқандар көп. Нақтырақ айтсақ, биыл Төле биде туризм саласында құны 1 млрд. 793 млн. теңгені құрайтын 4 туристік жоба іске асуда. Яғни, «Тау самалы» демалыс аймағы жанынан 1 млрд. 104 млн. теңгелік 200 адамға арналған емдік-сауықтыру орталығы, құны 167 млн. теңгені құрайтын «Изюми» кешені, одан бөлек «Алтын дән» ЖШС-нің жеке қаражаты есебінен құны 422 млн. теңгеге 60 орындық демалыс аймағы, кәсіпкер М. Исақұловтың жеке қаражаты есебінен құны 100 млн. теңгелік «Ривера» демалыс аймақтарының құрылыстары жүргізілуде. Бұл демалыс аймақтары іске қосылғанда 130 жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Әйтеуір соңғы жылдары табиғаты тамаша, суы мол, жасыл-желекпен көмкерілген осынау тау қойнауынан жер телімін сұраушылар, сол жерге демалыс, басқа да сауықтыру, халыққа қызмет ету орындарын салып, бизнесті өркендетемін дегендер көп. Бұл бір жағы – таудың қалаға жақын орналасқаны, бір жағы ауданда тірлік етемін деген жанға жағдайдың бар екені, жол, көлік қатынасы, байланыс, басқа да мәселелердің біршама тәуір жолға қойылғанынан екені анық.
Ауданда Елбасы тапсырмалары мен мемлекеттік бағдарламалардың негізгі бағыттарын іске асыру барысында көптеген тірліктер атқарылуда. Төле би ауданы тек туризмге ғана телміріп отырған жоқ. Ауыл шаруашылығы саласына да аса мән беріліп, егiн шаруашылығын әртараптандыру, еңбек өнiмдiлiгiн арттыруға басты назар аударылды. Жүйелi жұмыстың нәтижесiнде 2013 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 2012 жылмен салыстырғанда, 1880 гектарға артып, 68510 гектарды құрады. Ауыл шаруашылығы жерлерін түгендеу жұмыстары жалғастырылып, жыл басынан қосымша 275 гектар жер телімдері өз мақсатына сай пайдаланылмай жатқаны анықталды. Сондай-ақ, 830 гектар суармалы жерлердің көлемін кезең-кезеңімен қосымша ұлғайту бойынша биылғы жылы 272,3 гектар суармалы жер қосылды.
Топырағы құнарлы Төле би жерінде баптай білсең, барлық нәрсе өседі. Былтыр ғана Алатаудың етегіндегі бір жылыжайда пальма, лимон өсіп тұрғанын газетімізде жазғанбыз. Биыл жыл басынан бері қосымша 5,39 гектар жерге жылыжай орналастырылып, барлығы 31,39 гектарға жетіптi. Осы жылыжайлардың есебінен бірінші айналымынан 780 тоннадан астам көкөніс өнімі өндірілді. Ал, тамшылатып суару әдiсi 460,99 гектар жерге ендiрiлiп, 2174,12 гектарға жеттi.
– Аудан экономикасын дамытуға бағытталған инвестициялардың көлемі 2013 жылдың 1 қыркүйегінде 14 млрд. 327 млн. теңгеге жетіп, 2,4 есеге артты. Ойымды түйіндей келе, өткен жылдың оңтайлы нәтижелерін жалғастыру мақсатында ағымдағы жылы да экономиканы одан әрі жандандыру, жаңа кәсіпорындар ашу, әлеуметтік жағдайды жақсарту бойынша жұмыстар өз жалғасын табатын болады», – дейді Әуелхан Елтайұлы.
Ендеше, Төле бабамыздың есімін иемденген қасиетті ауданның толағай табыстары көбейе берсін!
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Төле би ауданы.
Суреттерді түсірген Қайсар ШЕРІМ.