Экономика саласында өз деңгейінде айтылмай жүрген мәселелердің бірі – корпоративтік басқару. Қ.Тоқаев атап өткендей, елімізде ондаған ұлттық холдинг, мемлекетке тиесілі мыңдаған кәсіпорын, квазимемлекеттік ұйым жұмыс істейді. Алайда олардың жұмыс нәтижесі мен сапасы туралы мәселе бар және бір-екісінде ғана корпоративтік басқару жүйесі өз деңгейінде. Бұл қалған ұйымдарда корпоративтік басқару жүйесін дамыту керектігін көрсетеді. Оның экономикадағы орны маңызды, себебі халықаралық тиісті деңгейдегі корпоративтік басқару жүйесінің болмауынан кәсіпорындар мен ұйымдар қор биржасы арқылы қаржы тарта алмайды.
Мемлекет үшін маңызды мәселелердің бірі – қаржы сауаттылығының деңгейі. Мұны Мемлекет басшысы Жолдауда атап өтті. Халықтың қаржы сауаттылығын арттыру бағдарламасын одан әрі жетілдіру, оны кеңінен оқыту шаралары жүзеге асырылуы керек. Ұлттық банк, Қор биржасы, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бүгінде бұл жұмыстарды атқарып жатыр, алайда облыстарда, аймақтарда қаржы сауаттылығы мәселесі әлі де төмен. Сол себептен халықтың кейбір бөлігі түрлі жауапкершілігі жоқ микроқаржы, ломбардтарға алданып, сан соғып қалады. Бұл саланы көлеңкеден шығару – үлкен іс.
Соңғы жылдары монополияға қарсы жұмыс көрінбей кетті, бұл Ұлттық экономика министрлігінің құрамындағы бір комитет болып жұмыс атқарып жатыр. Сондықтан құзыры мен уәкілеттілігі кейбір мәселелерді шешуге жетпей жатады. Қ.Тоқаевтың монополияға қарсы агенттікті қайта құру керектігі туралы бастамасы және оны тікелей Президенттің өзіне бағынышты етуі – құптарлық бастама. Бұл ретте, Президенттің квазимемлекеттік секторды қысқарту, мемлекеттік қызметкерлер санын биыл 10%-ға, ал келесі жылы 15%-ға қысқарту жөніндегі ұсынысы да орынды. Осы үдерістерден үнемделген қаржы мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс сапасын арттыруға бағытталуы тиіс.
Президенттің ауылшаруашылық, қаржы-экономикалық сектордағы мәселелерді, өндіріс саласындағы проблемаларды және басқа да мәселелерді талдап, қандай жетіспеушіліктер бар екенін, оны түзету үшін қандай қадамдар жасалу керек екенін ұсынуы, тапсырмалар беруі Жолдауға тиянақты дайындалғанын көрсетіп отыр.
Ғаділбек ӘКІМ,
әлеуметтанушы
АЛМАТЫ