02 Қараша, 2013

Арқалық әлі көркейеді

360 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Арқалық қаласындағы босап, қараусыз қалған үйлерді бұзып-тегістеу үшін мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, оны жүзеге асыруды осындағы «Алюминийстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алды. Қаланың сұрқын қашырып тұрған жүздің сыртында үйлер қазір біртіндеп бұзылып, орны тегістеліп, ретке келтірілуде. «Алюминийстрой» ЖШС директоры Абай Мұқанов осы істі бастарда кәдімгідей толқыды. Өйткені, 80-ші жылдары тұтас шағын ауданды өз қолымен салып еді. Ол кезде «Алюминийстрой» тресінің бастығы болатын. Білікті құрылысшы еді.

– Уақыттың осылай өзгергеніне кейде таңғаламын. Өзім салған үйлерді өзім бұзып жатырмын. Тегістеген жерлерде, бәлкім, болашақта зәулім үйлер қайтадан бой көтерер. Арқалық уақыттың өзгерісіне үйренген, көнген қала, – деп жымияды Абай.

Арқалық қаласындағы босап, қараусыз қалған үйлерді бұзып-тегістеу үшін мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, оны жүзеге асыруды осындағы «Алюминийстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алды. Қаланың сұрқын қашырып тұрған жүздің сыртында үйлер қазір біртіндеп бұзылып, орны тегістеліп, ретке келтірілуде. «Алюминийстрой» ЖШС директоры Абай Мұқанов осы істі бастарда кәдімгідей толқыды. Өйткені, 80-ші жылдары тұтас шағын ауданды өз қолымен салып еді. Ол кезде «Алюминийстрой» тресінің бастығы болатын. Білікті құрылысшы еді.

– Уақыттың осылай өзгергеніне кейде таңғаламын. Өзім салған үйлерді өзім бұзып жатырмын. Тегістеген жерлерде, бәлкім, болашақта зәулім үйлер қайтадан бой көтерер. Арқалық уақыттың өзгерісіне үйренген, көнген қала, – деп жымияды Абай.

Экономикалық жағдайдың ең қиындаған 1997-1999 жылдарды еске алса, Абайдың әлі күнге денесі тітіркенгендей болады. Есік-терезесі жұрдай, үңірейіп тұратын үйлер сырттай қорқынышты көрінетін. Олар қаладағы қылмысты да күшейтіп жіберді. Темір-терсек, кірпіш жинаған талай бейбақтың сүйегі бос үйлерден табылды, құлаған қабырғаның, плитаның астында қалып, мерт болғандары да бар. Қала жылусыз қалды. Шамасы келгендер жылы ұядай үйлерін тастай көшті. Көше алмағандар көп қабатты үйдің терезесінен мұржа шығарып, пеш жаққан күндер болды. Сол жылдары қаланы қайткенде де ұстап қалу үшін ірі кәсіпорындар іске кірісті. «Алюминийстрой» тресі «Қазақстан темір жолына» жұмыс істеді. Экономиканың құлдырағаны сондай, сол кездің өзінде монополист мекеме болғанымен «Қазақстан темір жолы» құрылыс жұмыстарының ақысын ақшалай бере алмай, ұнмен, қантпен, көмірмен есеп айырысты.

– Қаланың халқына, өзіміздің жұмысшыларға осы алған заттарымызды тараттық. Ұннан ыстық нан пісіріп, еңбекақыға бердік. Әйтеуір 2000-шы жылға да жеттік. Экономика құлдырау шегіне жетіп, ілбіп алға баса бастады. Осы кезде еңбекақы да ақшалай берілетін болды, – дейді Абай.

Уақыттың өзгерісіне ештеңе қарсы тұра алмайды екен. Абай о баста құрылысшы мамандығын таңдағанда, «бұл өлмейтін мамандық» деп жолдас­тарына мақтанатын. Мамандықтың да «өлетінін» ол Арқалықтың мысалынан көрді. Өзінің салған үйлерінің барлығы да босап, құбыжықтай болып көрінгенде, жүрегі жылайтын. Бірақ Астана қаласында қызу құрылыс жұмыстары басталған тұс еді. Білікті құрылысшы маманын Астанаға шақырғандар да аз болған жоқ. Бірақ ол Арқалықты тастап кетпеді.

– Мақтанғаным емес, мен құрылыстың білікті маманымын. Астанаға кеткенімде жаман болмасымды да сезетінмін. Арқалықты шын мәнісінде қимадым. Қаланың әлеуметтік мәселелеріне қарасқан Торғай боксит кен басқармасы мен біз ғана болдық. Мен кетсем «Алюминийстрой» тресі сөз­сіз тарар еді. Қанша адам жұмыс­сыздықтың тақсыретін тартар еді. Қалай да кәсіпорынды таратпауды көздедім. 2000-шы жылы біз тресті жауапкершілігі шектеулі серіктестік етіп қайта тіркеттік. Тырмысып жүріп, кәсібімізді де, тұрмысымызды да түзедік. Мен өзімді Арқалыққа бүгін де керек адаммын деп білемін, – дейді Абай Мұқанов.

Өзінің қызмет істеп, өсіп-өніп отырған мекені туралы екінің бірі дәл осылай айта алар ма еді? Әй, қайдам... Арқалық қаласындағы «Алюминийстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Абай Мұқановтың бұл сөзінің астарында жүректен шыныдай мөлдіреп шыққан шынайы патриотизммен бірге өзіне деген бекем сенімділіктің де атойлап тұрғаны білінеді. Бұлай айтуға өзінің толық құқы бар екенін білдіріп те қоятын секілді. Расында солай. Ол Арқалық қаласына келгенде балаң жігіт болатын. 70-ші жылдары сол кездегі қатар жатқан Қостанай облысының Қарасу ауданынан Торғай облысының орталығы Арқалық қаласындағы құрылыс техникумына оқуға түсті. Студент кезінде «Алюминийстрой» тресінде оқу тәжірибесінен өткен ол техникумды бітірісімен осы мекемеге жай шебер болып орналасты, прораб, басқарма, трестің бастығына дейін өсті. Сол тәжірибенің барлығы да нарық қылбұрауға салған жылдары тығырықтан жол табуға көмек болды. Қазір кәсіпорын жан-жақты кәсіппен айналысады. Құрылыстың сыртында алты жыл бойы Торғай – Арқалық жолын да төсеп келеді. Бұл жолды салу арзанға түсуі үшін ол Арқалық қаласынан екі асфальт зауытын ашты. Онда қазір қырық адам еңбек етеді. Қиыршық тас зауыты тағы бар. Соның арқасында Арқалықтан басталған тас жол жыл өткен сайын Торғайға жақындап келеді. Бүгінге дейін 102 шақырым төседі. Мемлекет бөлген қаржыны шашпай-төкпей орнына осылай жаратып отыр.

Соңғы жылдары Абай басқарған кәсіпорын ауыл шаруашылығымен де айналысады. Жүз елу жылқы, ірі қара, оншақты түйе алды. Ол биыл Ресейден жел генераторын алып келді. Торғай даласының желінен өндірілген электр жарығы бүгінде мал шаруашылығын өркендетіп отырған үш малшылар отбасының сұранымын толық қанағаттандырады. Еңбек еткен адамның алдымен әлеуметтік жағдайын ойластыру Абай ұстанымының бірі.

– Электр жарығы болса алдымен адам еңбегі жеңілдейді, тұрмысы да жақсарады. Жел генераторларының Торғай даласына бұл алғашқы орна­тыл­уы. Болашақта оны көбейте түсе­міз, – дейді Абай Құспанұлы.

Қазір Арқалық қаласының көркін ешкім кемсіте алмайды. Ертеде хал­қымыз Қызылқозы атаған өңір­дің сап-сары саз балшығына тал қайың жайқалып өспесе де, қалада қайта бой көтеріп, сәнін түзеген үйлер Арқалықтың ажарын аша түскен. Солардың бірқатарын «Алю­минийстрой» ЖШС қайта жөндеп қатарға қосты. «Ескі тіксең есің кетер» деген емес пе, халқымыз? Қабырғасы ғана қаңқайып қалған үйлерді қайта жөндеудің қиындығы жаңа құрылыс бастағаннан кем емес. Қала орталығындағы 40 пәтерлік үйді қайтадан жөндеп, өз ұжымындағы жұмысшыларға берді. 60 пәтерлік тағы бір үй жақында дайын болмақ. Студенттер мен жас­тар жатақханаларына бүгінде кісі қызыққандай. Заманауи құрылыс материалдарымен қайта жөнделген жатақханаларға су жаңа жиһаздар қойылды. Абай басқарған құрылыс мекемесінің басты ерекшелігі – олар үй салғанда оның есік-терезесін, жиһазын сырттан тасымайды, барлығын өздерінде ашылған цехтарда жасайды. Бұл әрі тиімді, әрі арзан, әрі жұмыс орны. Ұжым жұмысшыларының балаларына арнап Көктауда сауықтыру лагерін салды. Осыдан 3-4 жыл бұрын қала орталығында жасанды шөп төселген спорт алаңын салып берді. Бұл «Алюминийстройға» 17 миллион теңгеге түсті. Арқалық жастары қашан да спорт десе ішкен асын жерге қояды. Соңғы жылдары спорт алаңына деген сұраныс артты. Бұл халықтың әл-ауқатының жақсарғанын көрсетеді. Биыл кәсіпорын қала жастарына шағын үш спорт алаңын салып берді. «Алюминийстройды» Арқалықтың бел омыртқасы десе болғандай. Мұнда кәсіпорынның демеушілігінсіз, белсене қатысуынсыз өткен шараны саусақпен санаса болар.

Абай Арқалық қаласының бола­шағына бек сенеді. Ол басқарған құры­лыс кәсіпорны жаңадан түсіп жатқан «Арқалық –Шұбаркөл» теміржол тармағы бойына құрылыс нысанын салуға қатысуда. Осы теміржолдан пойыз жүргенде Арқалық тоғыз жолдың торабындағы транзитті қала болмақ. Онда теміржолдың келуіне байланысты 19 құрылыс нысаны жақын жылдарда бой көтереді. Бес жылда қала тоты құстай түлемек. «Алюминийстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қазір мың адамға жұмыс беріп отыр. Абайдың айтуынша, теміржол салынып болған соң, тұтас жол бойында, қалада тағы да мыңнан аса жұмыс орны ашылады. Тіршілік қыз-қыз қайнайды, ақша, қаржы болады, өмір жандана түседі.

Арқалық бүгіннің өзінде Торғай өңірінің ресми емес орталығы іспеттес. Жангелдин, Амангелді аудандары, бұрынғы Амантоғай, Арқалық аудандарына қарасты елді мекендердің барлығы керек-жарағын Арқалықтан табады. «Алюминийстрой» ЖШС де қазір осы өңірлердегі барлық құрылыс жұмысын жүргізіп отыр. Ауылдарда жаңа типті мектептер, фелдьшерлік амбулаториялар салуда.

– Арқалық қаласының көркейгеніне әлі бәріміз де куә боламыз. Бұл өңір халқының рухани байлығы аш отырған адамның көңілін тасытады ғой. Қасиетті жерді қалай қиып кетерсің?! Міне, биыл жарты жылдың ішінде қала халқының саны 500 адамға артыпты. Қарамыз көбейіп келеді! – Абай әңгімесін көтеріңкі леппен аяқтады.

Мүмкін олардың арасында да «Мен Арқалыққа керекпін» дейтіндер табылар, Абай жалғыз болмас...

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан».

АРҚАЛЫҚ.

Соңғы жаңалықтар