Қаңтар айының басында Шымкент қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығы жанында өртке оранған жеңіл көлік ішінде қараусыз қалған екі баланы құтқарып қалған көксарайлық жігіт Амангелді Сәдібеков жөнінде бірқатар ақпарат құралдары жарыса жазды.
Қаңтар айының басында Шымкент қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығы жанында өртке оранған жеңіл көлік ішінде қараусыз қалған екі баланы құтқарып қалған көксарайлық жігіт Амангелді Сәдібеков жөнінде бірқатар ақпарат құралдары жарыса жазды. Бейбіт күннің батыры атанған осы жігіттің ерлігі атаусыз қалғандықтан, сенатор Қуаныш Айтаханов көзсіз ерлік жасаған Амангелдіні мемлекеттік наградаға ұсыну жөнінде тиісті министрлікке хат жолдап, ықпал етуін сұрады. Жақында Төтенше жағдайлар министрлігінен қуанышты хабар жетті. ОҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәжіліс залында марапаттау рәсіміне шақырған хат келді. ОҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Уәлихан Ережепов «Амангелді Бұйрабайұлының көрсеткен ерлігі жастарымызға үлгі болуы керек. Лаулап жанып жатқан жеңіл көліктің ішіне кірмек түгілі, қорқып, алыстан бақылап тұрғандар да болды. Екі баланың өмірін сақтап қалғаны үшін біздің министрліктің арнайы бұйрығымен берілген «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» медалін тапсыруға рұқсат етіңіздер», деп Амангелдінің кеудесіне төсбелгіні тақты.
Төпен ӘМІРБЕК.
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Отырар ауданы.