Қоғам • 16 Қыркүйек, 2020

Жол бойындағы алаяқтар (Жаңатілек ауылын жолсыз қалдырған ба?)

413 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ауыл тұрғындарының облыстық, аудандық әкімдіктерге жыл сайын өтініш жасап, жауабын күтіп отырғандарына жылдар өтті. Уәде бергіш әкімдерден соң әкімдер ауысады, ал Баянауылдың ауыл жолдарын жөндеуге келген мердігерлер өз міндеттеріне салғырт қарап, талап пен тәртіп үдесінен шықпай, жауапкершілік те арқаламайды.

Жол бойындағы алаяқтар (Жаңатілек ауылын жолсыз қалдырған ба?)

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Жуырда ауданға жолсапармен бар­дық. Сапарымызды Баянауылдың Жаңатілек ауылынан бастадық. Көресіні – Қарашат-Жаңатілек аралы­ғындағы кез келген адамның са­­бырын сарқып, көлі­гін тоз­дыратын жол мехнатын тар­тып барып қайтқанда көр­дік. Көлігіміз аудан орталы­ғы­нан шыққаннан кейін Қара­ған­ды облысына баратын рес­пуб­­ликалық жол бойымен Ақсаң ауылы тұсынан өтіп, одан кейін Қарашат ауылынан Жаңа­тілекке баратын жолға бұрылдық. Әп-сәтте сайрап жат­қан тас жолдан төменгі шаң­ды жолға түстік те кеттік. Өйт­кені асфальт жолдың әб­ден тозығы жеткен, ойлы-шұң­қырл­ы, көліктің жүруіне өте қиын. Аудандық маңызы бар үлкен жолдың бойын су басып кетіпті.

Қасымызда бірге келе жатқан аудан­дық ішкі саясат, мәдениет бөлімі­нің басшысы Қайрат Сарбасовтың айтуын­ша, 2016 жылғы тасқын судан кейін пайда болған кең жайылған көл енді міне, жол бойына да жеткен екен. Ауыл тұрғындары да бізді жолдың жоқтығын, қиындығын тартып жүргендерін айтып қарсы алды.

– Қарағым, өзің жүріп көріп келген Қарашат-Жаңатілек аралығы бар-жоғы – 32 шақы­рым жол. Соңғы 30 жылда бірде-бір күрделі жөндеуден өтпеген. Бұл жол 1970 жылдары салынған. Ауыл­дықтар әбден зәрезап болды. Ешкім ауырып қалмаса екен дейміз. Өйт­кені аудан орталығына жетудің өзі қиын. Тіршілік жасап, оны-мұны шаруалар жасауға жол бөгет болып тұр. Өйткені жем болсын, басқа да құрал-жаб­дықтар жеткізуде жолдың мехнаты бағаны көтеріп жібереді. Жолдың жағдайын айтып, облыс әкімдігіне баруға жиналып жүрміз, – деді ауыл ақсақалы Балтабек Әкімбекұлы.

Ауыл азаматтары бірлесіп, жолды өздері жөндемек те болыпты. Бірақ бұрыннан бері күрделі жөндеу көрмеген жолды жөндеуге арнайы техника мен жол материалдары, көп қара­жатты қажет ететін құры­лыс­қа шамалары кел­мепті. Бағ­дат Кәрі­байдың айтуынша, бір жыл­дары жол саламыз деп жұмыс та бас­­таған екен. Жер­гілікті биліктен көмек болмаса, бара-бара өздері жасауға тура келетін шығар.

– Әрбір келген аудан әкімі «смета жасалуда, қаржы бөлі­неді, жол жөнеледі» деп уәде береді де кетеді. Ендігі үмітіміз – Баянауылдың кезекті әкімі Қанат Кәрімовте, – дейді Най­ман Мәуленұлы бастаған ауыл тұрғындары.

Ауыл әкімінің айтуынша, мұнда мыңға жуық халық тұрады. Негізінен мал шаруа­шы­лығымен айналысады. Шаруа қожалықтары мен ауыл малын қосқанда 8 мыңнан аса қой, жылқы, ірі қара мал өсуде. Жол мен судың жағдайы болмаса, ел ішінің тыныс-тіршілігі жақсы, мал қорада, дастарқан мол. Мектепте 200-дей оқушы білім алады.Биыл күрделі жөндеу жүргізіліп, терезелері ауыстырылды. Біз келгенде ауылдың ескі мектебінің айналасын жөндеп жатыр екен.

Баянауылда аудандағы эко­номика­ның нақты секторына жауапты маман­дар­дан Қара­шат-Жаңатілек жолына 2018 жылы 600 млн теңге қаржы бөлінгенін анықтадық. Бірақ 2017 жылы жасал­ған құжат нәтижесінде жол жөндеуге мемлекеттік сатып алу шарты бойынша «КСК Строй», «Сапа +» ЖШС-лары қатысып, біреуі тендерді ұтып алып, екіншісі онымен келіспей сотқа беріп, ақыры жол жөнделмей қалады. Қаражат игерілмей, қайтадан аудандық бюджетке қайтарылған. Ал Қарашат-Жаңа­тілек жолына қатысты ендігі мәселе бұдан да күрделі болмақ түрі бар. Өйткені жол жөндеуге келгендер бір-бірі­мен соттасып, тендерге таласып жүргенде Қарашат-Жаңа­тілек жолының ауылға жақын жердегі бөлігін су басып кетті. Тіпті әрі қарай жайлап жайылып та барады. Енді түзу жол­дың бағытын өзгертіп, тауға қа­рай қиғаштай бұрып құрылыс жұмыстарын жүргізуге немесе су өткізгіштер орнатып барып жолды жөндеуге болар. Жолды жөндеу барысында бұрынғы асфальт төселген қабатын алып қайта төсемесе, жолдың ұзаққа бармасы да анық.

– Сондықтан Қарашат – Жаңа­тілек жолына Үкімет­тен 1 млрд 600 млн теңге көлемін­де қаржы сұрадық. Қазір сарап­тамаға тапсырылған жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Барлық мәселе сарапқа салынып, қорытындысы нақ­ты шыққан соң барып, ауыл жолы жөн­деледі, – деді аудан әкімі Қанат Кәрімов.

Бұған дейін Баянауыл ауданын Кенже Кеңесбаев, Қорабай Шәкіров, Ернұр Әйткенов, Нұрлан Күлжан, Оразкелді Қайыргелдиновтер басқарды. Барлығы да ауылдағы тозығы жеткен жолдардың жағдайын жақсы білді.

Былтыр Үкіметте еліміздің туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаға енген 10 ең перс­пективалы туристік бағыт қатарында Баянауыл ку­рорт­тық туристік аймағы да бар. Бірақ ауданда жол салу, күрделі жөндеу жүргізу төңірегінде дау азаймай тұр. Ауданда 12 ауылдық аумақтан тұра­тын 32 үлкенді-кішілі ауыл бар. Бірлік ауылының кіре­беріс 7 шақырым жолы жылдар бойы жырға айналған. Не дерің бар? Осы жолмен әзер дегенде жүріп, ауылға бар­дық. Ауыл тұрғындары жыл­дар бойы жөнделмейтін жол­дар­дың ауыр бейнетіне шыдап тұрып жатыр. Мысалы, Мәш­һүр Жүсіптің кесенесіне жа­қын Жаңажол ауылына тас жол төселген, бұл жұмыстарды «Сапа+» ЖШС жүргізді. Рес­публикалық бюджеттен 920 млн теңге қаражат бөлінгенімен «Сапаның» жұмысы атына заты сай болмады. Жол бойын «бөлісе алмай», соттасып жүр­ген де осы серіктестік. Биыл жазда Мәжіліс депута­ты Нұржан Әшімбетов сапа­сыз жолдарды арнайы маман­дары­мен, ауылдықтармен бірге аралап көрді. Ауданда жаңа­дан салынған күре жолдар тала­п­қа сай емес. Бастапқы мер­ді­герлер мен қосымша мерді­гер­лерде жол салу барысында жауапкершілік болмағаны анықталды. Қазір бастапқысы бітірмей кеткен жұмысты қо­сымша мердігерлерге бере қоя­тын «дәстүр» қалыптасқан.

Облыстық тексеру комис­сиясының мәліметінше, Үкімет су тасқыны салдарынан зардап шеккен автомобиль жолдары учаскелерінің күрделі жөндеуін жүргізу үшін 2015 жылы Баянауыл­дың Майқайың – Екібастұз – Бесқауға, Қара­шат – Жаңатілек – Жаңа Жай­ма, Алексеевка – Жаңажол, Бір­лік ауылының кіре берісі, Ұзын­бұлақ – Теңдік сияқты басқа да 13 ауылдың жолын жөн­деуге қаржы бөлінеді. Бірақ Қарашат – Жаңатілек – Жаңа Жайма автомобиль учаскесі­нің күрделі жөн­деуі бойынша «Вершина» ЖШС, Бірлік ауылы­­на кіреберіс жолдың күр­делі жөндеуі бойынша «ПКФ Гордорстрой» ЖШС, Ұзын­бұлақ – Теңдік автомобиль жолдары учаскесінің күрделі жөндеуі бойынша «САПА+» ЖШС, Қаражар – Южное автомобиль жолдары учаскесі­нің күрделі жөндеуі бойынша «ДМ» ЖШС-ның конкурстық өтінімдері білік­тілік талаптарға және конкурс­тық құжаттамаға сәйкестіктері негізсіз бол­ғаны анықталған. Сонымен бірге жергілікті тексеру комиссияның өкілдері облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқар­масы, Баянауыл ауданының тұр­ғын-үй ком­муналдық шаруашы­лы­ғы, жолаушылар көлігі және ав­томобиль жолдары бөлім­дерімен бірлескен тексеру барысында «Екібастұз – Бесқауға, «Баянауыл – Угольное», «Қа­рашат – Жаңатілек – Жаңа Жайма», «Алексеевка – Жа­ңа­­жол» автомобиль жолы учас­­ке­лерінің күрделі жөндеу жұ­­мыс­тарында заң талаптары бұзылған. Бұған себеп, «Тамыр» ЖШС, «Сервис НС» ЖШС, «Вершина» ЖШС, «Май СК-Астана» сияқты кәсіп­орын­дармен жалпы жол жөндеу жұ­мыстары сапасыз жасалған, жобалау-сметалық құжаттамада көрсетілген ұсыныстардан бөлек, атап айтқанда, жер төсе­мі жалпақ, жолдың жағасы жо­ба­дағыдан кіші учас­келер бар, отырыңқыраған және жеткі­лікті бекітілмеген жол жаға­сы байқалды, I тип бойынша құ­ла­ма жардың еңкіштігі жоба­да­ғы­дан 1:3 кіші құрады, жол жа­­ға­сы еңкіштігі жоба бойын­ша көр­­­сет­кіштерге сәйкес болған жоқ.

Балтабек Әкімбекұлы ақса­қалдың 30 жыл жөндеу көрме­ген деп айтып тұрған «Қара­шат – Жаңтілек» жолының жөндеу жұ­мыс­тары жол бойындағы алаяқтар­ды қо­лы­на түскендей, біртіндеп шайы­лып суға кетіп бара жатқанының себебі сол сия­қты. Жол бойындағы алаяқ­тар демек­ші, жуырда «Егемен» сайты «ҚазАвтоЖол» ұлттық ком­паниясы АҚ-ның бас­қар­ма төрағасы Ұлан Әліповтің жол бо­йын­дағы алаяқтардың өз әре­кет­­терін қалай жүзеге асы­ра­­ты­ны және олар­дан сақ болу керек­тігі туралы пікі­рін жариял­ды.

– Олар қалай жұмыс істейді? Бізде жол салу немесе жөндеуде негізгі мердігер компаниядан бөлек, қосымша мердігер компания болады. Алаяқтар сол қосымша мердігер компаниялар арқылы өздерінің заңсыз қызметін ұсынады. Осы орайда жол жөндеу жұмыстары бо­йын­ша қажет қызмет пен ма­ман­ды өзіміздің ресми сайт не­­ме­се әлеуметтік желідегі па­рақ­­ша­мыз арқылы жүргізетін бол­дық. Одан бөлек, жуырда Сыбай­лас жемқорлықпен күрес агент­тігіне арнайы хат жолдап, осы проблемамен бірлесіп күресуді ұсындық, – дейді Ұ.Әліпов.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы