Қоғам • 16 Қыркүйек, 2020

Халық үніне құлақ аспайтын басшылар елді жарылқайды деу қиын

351 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жергілікті басшылардың халықпен бірге жұмыс істеуіне не кедергі? Біріншіден, жергілікті ауылдық, аудандық әкімдіктерде қарапайым халықпен тікелей жұмыс жасауда белсенділік аз. Бұған негізгі кедергі – қалыптасып қалған бұрынғы бюрократиялық қасаң әдеп пен әдет. Керенау кеңселерге байланған ескі дәстүр жол бермейді.

Халық үніне құлақ аспайтын басшылар елді жарылқайды деу қиын

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, EQ

Бүгінде әкімдер әлеу­меттік желі­лерге қосылып, жеке парақ­шаларын ашты. Жап­пай Twitter мен Face­book-ке тіркеле бас­тады. Алай­да көп­шілік әкім-қа­­ра­­­лар­дың өз аккаунттарын өз­дері жүр­­­гізетініне күмәнмен қарай­ды.

– Мысалы, мен үшін Instagram ың­ғайсыз болды. Өте көп пікір жазылады. Оның бәрін оқып, жауап беру мүмкін емес. Аудитория­сы көп болғаны үшін ғана Instagram-ға тіркелген дұрыс деп ойламай­мын. Желіде ұзақ оты­ру – жұ­мысқа кедергі. Сон­дық­тан жиі қабыл­дау жүргізу арқылы бі­раз адам­ның өтінішін уақтылы қа­рас­­т­ы­рып, мәселені дер кезінде ше­­шіп отырдық, – дейді бұрын аудан әкімі қызметін атқарған бір ағамыз.

Бұған дейін өзге ресурс­тар арқылы халықпен байланысты жолға қойған пысық әкімдер үшін әлеуметтік желіге тіркелу қа­жет те емес. Әрине технология заманына ілескен жақсы. Зама­науи әкім атанады.

Бірақ өңір­лерде, әсіресе аудандарда әкімнің желіде отыр­ғанынан пайда жоқ. Жер­гілік­ті жердегі әкімдер көзге таныс тұрғындармен бетпе-бет кездесу­леріне де болады ғой. Яғни әкім­дер әлеуметтік желілерде емес, әлеуметпен, жұртшылықпен бет­пе-бет жүздесетін ашық алаң­да белсенді болуы керек. Ауыл ма­ңайындағы жайылымдық жер­лер мен бос жатқан жерлерді игеру жайын айту үшін қара­па­­йым халыққа «жанды кездесу­лер» қажет. Ауыл тұрғындарының ал­дына шығып, қаптаған сандар, пайыздық өсімдер жайлы сағат­тап екі тілде баяндама жасауды қоятын уақыт жетті.

Екіншіден, кейбір үлкенді-кішілі әкім-қаралар мен басшы­ларға қарапайым­дылық, адами тілдесу мәдениеті жетіспей жатады. Оны біз жолсапарларға шық­қанда үнемі байқап жүре­міз. Өңіріміздегі аудан, ауыл әкім­дерінің тең жартысы мемле­кеттік тілде сөйлей алмайды. Солар­дың қатарында Екібастұздың әкімі Ержан Иманзайыпов, Железин ауданы­ның әкімі Қанат Қашқиров, Ақтоғай ауданының әкімі Қар­шыға Арынов және басқа да ауыл әкімдері бар. Бұл әкімдер қабыл­дауына келген қазақы адам­ның не айтып тұрғанын аудар­машы арқылы түсінбесе, басқалай түсінуі екіталай.

Елімізде жүргізіліп жатқан ре­­фор­малардың, мемлекеттік сая­сат­­тың мән-мақсатын халыққа қыз­­меткерлері дайындап берген жат­танды баяндама арқылы емес, көз­бе-көз түсіндіріп бере алатын әкім аз.

Үшіншіден, халыққа ашық қыз­мет көрсетуге қажетті бар­лық коммуни­ка­ция­лық құрал­дар іске қосылды дейміз. Біз­дің өңі­рімізде де қарапайым тұр­ғын­дарға арналған сервистік әкім­діктер құрылып, жұмысын бас­тады. Мақсат – мемлекеттік ор­­гандардың қолжетімділігі мен ашық­тығы, әуре-сарсаңға салу мен бюрократияны жою, қызметтер мен кеңес алуға келген тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау. Мем­лекеттік органдар мен қоғам ара­сындағы бар­лық кедергілерді жою. Тұр­ғын­дардың мәселелерін жедел шешетін мемлекеттік аппараттың сервистік моделін қалыптастыру.

Алайда нәтижесі біз күткендей болмай шықты. Сыбайлас жем­­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­­тігінің Павлодар облысы бойын­ша департаментінің бас­шысы Айдар Тастеміровтің мәлі­ме­тінше, іс жүзінде сервистік әкім­­діктердің көп­­шілігінің қыз­меті – көзбояу­шы­лық. Маз­мұнға мән берілмейді. Мы­салы, Аққулы, Тереңкөл, Ақто­ғай, Железин және Успен аудан­да­рын­дағы сервистік әкімдіктер та­лап­қа сай келмейтін ғи­марат­тар­­да орналасқан. Баян­ауыл ауда­ны­­ның сервистік әкім­дігі бір күн ғана ашы­лып, кейіннен жабылып қалған.

Сонымен қатар аудандар­дағы сервис­тік әкімдіктерге ескі жи­һаздар мен ком­пью­терлер­ді, ес­кір­­ген техникаларды орнату фак­­тілері де орын алыпты. Осын­дай сервистік әкімдік Шар­бақты ауданында ашылған кезде компьютерлер тіпті, интернет желісіне де қо­сыл­маған болып шықты. Алай­да сервистік әкім­діктер ашылатын күні қызылды-жасылды көп­теген шар ілі­ніп, жерге кілем төсе­ліп, ұлттық киім киген қыздар табақ­қа салған кәм­питтерін әкім-қара­лар мен басшыларға қарата шашу ретінде шашып, кішігірім той жа­салатыны тағы бар. Өте ыңғай­сыз жағдай. Яғни «Ашық әкім­діктер» бюрократия мен фор­мализмді болдырмау үшін құрыл­ды дегенімізбен, іс жүзіне кел­ген­де оның ішкі мазмұны болмай шықты. Елең еткізер атауы ғана бар.

Газет тарапынан «Жергілікті бас­­шылардың халықпен жұмыс жа­сауына не кедергі?» деген та­қ­ы­­рыпта тапсырма алғанымда «осы өңірде елмен етене араласып, жос­парларымен әлеуметтік желі­де бөлісетін, талқылайтын мәсе­лені ашық диалог алаңында ай­тып, жүзбе-жүз кездесетін қан­дай бел­сенді әкімдер, іскер басшылар бар еді?» деп ойға баттық. Ойлап отыр­сақ, ондай ешкім жоқ екен ғой. Бәрі жуас, томаға тұйық, ар­тық ауыс жарқ етіп көзге түсе бер­­мейтін басшылар, әкімдер. Пре­зи­­дент Қ.Тоқаев айтып өткен­дей, жыл­да жөндейтіндері 2-3 көше, са­ла­тындары 2-3 үй. Одан аспайды.

Ал ауыл әкімдері ше? Еліміз­дің барлық ауылдарына ортақ мәсе­ле біздің өңір­де де бар. Интер­нет желісіне қосылма­ған, байла­ныс аясынан тыс ауылдардың то­зығ­ы жеткен трансформаторы, жиі үзілетін электр желісі, тең­сел­ген көпірі, әупірімдеп әзер тұр­ған әлеуметтік нысандары, ескі мек­теп­тері, оқушылар тасыма­лына тапшы автобустары, бір­де бар, бірде жоқ тамшылаған суы, жөндеусіз жолдары талай тұр­­ғынның жүйкесін жұқартты. Осын­дай мехнатты тартып, ыза­­ланған халықтың назына, өтіні­шіне аудандардағы сервистік әкім­­діктердің, желідегі жеке па­рақ­­­шалар мен жазбалардың пайдасы тиер-тимесі белгісіз.

Қазір еліміздің солтүстік өңір­леріне оңтүстіктен, жазу-сызуы бөлек Қытайдан көшіп келген қ­азақ­тар қоныстануда. Өңірде бос қал­ған ауылдарға ел қонуда, мектептерге бала тола бастады. Мұн­дай кезде әкімдер мен әкім­діктің қыз­меткерлері алыстан жеткен аға­йы­нның үнін тың­дап, үйлерін ара­лап, жергілікті жер­дің тыныс-тір­ші­лігімен та­ныс­­­тырып, ерулігін жа­сап, тұр­ғы­лықты халықпен арала­сып кету­леріне барынша ықпал етіп, өтініш-арыздарын тыңдауға ту­­­ра келеді. Алайда бес саусақ бір­­д­ей емес. Сол аудан, ауылға ке­л­іп-кетіп жатқандардың санынан, олар­дың немен айналысып жүр­гені­нен, ішкі көші-қон бойынша қо­ныс аударған отбасылардың әлеу­меттік жағдайынан бейхабар әкімдер де бар.

Жергілікті билік пен қарапа­йым тұр­ғындардың арасындағы байланыстың үзілуіне ең алдымен әкімдердің, бас­шылардың немқұрайдылығы, енжар­лығы, төмен белсенділігі, әлі де болса бәрі жақсы деп жалған ақпарат беруден арылмайтын жағым­сыз қасиеттері себеп болуда. Ашық сая­сатты қолдағылары келмей­тін­дері, халық үніне құлақ асуға асық­­пайтындары байқалады.

Айтпақшы, Баянауылдың Мұ­рынтал ауылының тұрғындары өздері 1 млн теңге қаражат жинап, жуырда ауылды екіге бөліп, ағып жатқан өзенге көпір салып алыпты. Әкімдіктің қатысынсыз...

 

Павлодар облысы