Расында да, дүние жүзін дүрліктірген коронавирус індетінің салдарынан мектеп оқушылары мен студенттердің басым көпшілігі қашықтан оқуға мәжбүр болғаны анық. Біздің еліміз де мұндай өзгерісті дер кезінде қолданысқа енгізіп, батыл қадамдарға бет бұрды. Алайда білім саласы мұндай соны өзгеріске аса бір дайын болмай шықты. Өйткені бұрын бетпе-бет келмеген бұл саланың өзіндік ой-шұқырлары жеткілікті еді. Соның ең негізгісі деп онлайн-платформаның дайын болмауын санауға болады. Мұғалім де, оқытушы да, оқушы мен студент те – барлығы бір мезетте қатар кіріп отырғандықтан, мұндай шамадан тыс салмақты көрмеген көп платформаның белі «қайысып» жатты. Міне, осы ретте толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасы ауадай қажет екендігі білінді. Жолдауда осы мәселе орынды көтерілді деп ойлаймын. Бұлай болмайынша, онлайн оқытудағы білім сапасы ешқашан арта қоймайды.
Көптен көтеріліп келе жатқан жайттың бірі – мектеп оқушыларының қабілет-қарымын айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшу туралы еді. Бұл мәселе де Жолдауда өте орынды айтылды. Жыл сайын кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалатын 21 мыңға жуық мектеп түлегін neеt жастардың қатарына қоспай, әу бастан еңбек пен кәсіпке баулысақ, қай жағынан да тиімді болатыны сөзсіз.
Ал бұдан кейінгі басты мәселенің бірі ұстаздар жалақысының төмендігі болса керек. Бұл төңіректе Мемлекет басшысы біршама батыл қадам жасады да және ұстаздар қауымының жалақысын өсіру мәселесін үнемі жадынан шығарған емес. Оқтын-оқтын бұл жайтқа оралып отыратындығы да сондықтан. Ел Президентінің 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту туралы шешімі дәл осындай кезеңдегі өте бір маңызды қадам деп бағалаған болар едім. Ғылым мен білім алға озған осынау тұста ел болашағын тәрбиелеуді өз қолына алған ұстаздар қауымы үшін бұл бір жақсы жаңалық болғалы тұр. Қазақ ұстазы қуанса, қоғам кері кете қоймас.
Ал ғылымға көңіл бөлу алдыңғы қолға алған шаруалардың заңды жалғасы іспеттес. Әсіресе, «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлу мәселесі де көптің көңілінен шықты. Үнемі ақсап, адымын түзей алмай келе жатқан қазақ ғылымына тың серпін, жаңа леп әкеледі ғой деп үміт артамыз.
Міне, ел ішіндегі мың сан мәселені бір Жолдаудың өн бойына сыйғызып, соншалықты ұтымды жеткізе білу – ел ертеңіне деген сенімді нықтай түссе керек. Жолдауда айтылған қадау-қадау дүниелердің бәрі орын-орнымен, рет-ретімен шешіліп, жарқын күндерге жол бастайды деп кәміл сенеміз.
Рақымбек Жолаев,
Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы