Руханият • 16 Қыркүйек, 2020

Бесінші кеңістік

428 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Бесінші кеңістікті жақсы танығандарға айналасын қалағанынша кеңейту түкке тұрмайды. Тіпті тереңдесек, қымбатты ханым, ол шексіздіктің шегін сайтан біліп пе?!»

 Михаил Булгаков,

«Мастер мен Маргарита»

 

Осы жұрт Ахматова мен Булгаковты бір-біріне бөтен көреді. Һәм олардың өмірі мен творчествосы хақында да ешкім жазған емес. Себебі ленинградтық ақын мен мәскеулік жазушыны байланыстыратын едәуір ештеңе жоқ. Тағдырлары тоғыспады деседі. Булгаков 48 жасында өмірден озса, Ахматова қарттыққа жетіп жығылды. Классикалық орыс әдебиетінің қос авторына әдебиет қана ортақ. Ой – ортақ, мұң – ортақ. Екеуі де бір заманның тынысын сезіп, бір адамның суретін сөзбен сомдады.

Бесінші кеңістік

Күміс ғасырдағы орыс әдебие­тінің екі талантын қатар қоюымызға жаздың соңын ала Анна Ахматова мұражайында Михаил Булгаковтың Мәскеудегі музейімен бірлескен «Бесінші кеңістік» атты көрменің ашылуы жақсы себеп болып отыр. Фонтан үйіндегі (Фонтанный дом) бұл жоба өмір жолдары әр қилы, бірақ рухани ұқсас екі автордың арасындағы нәзік бір байланысты тауыпты.

Сәулетші Сергей Падалко Ах­ма­това мен Булгаков тағдырын ком­муналдық пәтердің дәлізі іспеттес символикалық түрде жеткізген. Оның ұзындығы екі автордың жа­­рық дүниедегі жылдарына байланыс­­ты екі түрлі. Ондағы бөлмелердің ішкі көрінісінен ұқсастықтар­дың көп екенін байқайсыз. Ал ең со­ңында тұтас бір дәуірдің бей­несі көз алдыңызға келеді.

Экспозицияда музей-мұра­ғат­тардан, Петербург, Мәскеу мен Киев кітапханаларынан алынған екі жүзден астам түпнұсқа заттар, Петербург тұрғындары әкелген ескі тұрмыстық заттар мен фото­лар қойылған. Модильянидің 1911 жылы салған Ахматованың әйгілі портреті де осында. Енді бір есікті ашсаңыз, Ахматова мен Булгаковтың кездесулер хроникасы келтірілген: суретші Радловтың үйінде 1933 жылы танысуы һәм Ахматованың Мәскеуге 1934 жы­лы алдымен тұтқынға алынған Ман­­дельштамның өміріне араша түсу үшін, ал араға бір жыл салып ұлы мен күйеуін босатуға келуі бейнеленіпті.

Әр бөлме – қос қаhарманды символикалық тұрғыда байланыс­тыратын дербес кеңістік. Бірінде Булгаков пен Ахматованың ортақ өткен өмірі жасырылған. Ал кө­не Киевтің суреттері құдды бір екеуінің жадыларына саяхат секілді әсер қалдырады. Бейнелер айнадан көрініп тұрғандай – әдетте өткен өмірдің көріністері санамызда осылай жаңғырып жатады. Киев Булгаковтың «Мастер мен Маргаритасында» бейнеленген 30-50-жылдардағы Ленинград және Мәскеумен, әдеби өмір декорацияларымен ауысып отырады. Мұнда шыт көйлек киіп шығатын мамыр қыдырыстарына шақырулар, кешкі ас мәзірі, ұлы көсемге арналған ән кештерінің афишалары да бар – тіпті осының бәрін Булгаков ро­манының беттерінен көшіріліп алынған ба дерсіз.

«Бесінші кеңістікте» автор шы­ғармашылық шабытқа кенеледі. «Бесінші кеңістікте» шебер күн­делікті күйбеңнен, мезі еткен туыс­тарынан, коммуналдық пәтердің қо­қысынан құтылып, көршілерінің әңгімесі мен репродуктор тырсылын әдеби мәтінге айналдырады. Сонда Ахматова мен Булгаков өз бол­мыс­тары мен шығармашылық ер­кін­дігін қатыгез уақытта қалай сақтап қалған? Айналасын қалай «кеңіткен» һәм оның шеңберінен қалай шыққан?

Булгаковты «жасырын ақ гвардияшы» және «ұсақ буржуазиялық жазушы» деп таныса, Ахматованы будуар мен ғибадатхана арасында аласұрып жүрген декаденттік ақын деп атаған. Олардың шығар­маларын тас-талқан еткен сыншы мақалалары, Жазушылар одағы жиналыстарының стенограммалары жасыл шұғамен қапталған ұзын үстел үстінде шашылып жа­тыр. Бұл «Соттау орнында», мә­жілістердің образды орнында «ха­лық жаулары» талқандалатын. Сол үшін шығармаларды сақтап қалудың жалғыз амалы – өртеу болды. «Пеш менің сүйікті редакцияма айналғалы қай заман», деп жазатын Булгаков. Ал Ахматова Лев Гумилев тұтқынға алынған сайын өз өлеңдерін өртепті. Сондықтан от – Булгаков пен Ахматова үшін тағы бір маңызды, әрі қарама-қайшылыққа толы символ болды (оттың адамға жылу беретінін де ұмытпайық).

Шығармашылық азабының метафорасына айналған от «Жады жертөлесі» қоймасынан да орын тапқан. Бір-бірінен еш айырмасы жоқ мәтіндердің сансыз нұсқалары әйнек банкілерге жабылған іспетті. «Мастер мен Маргарита» романы мен «Қаһармансыз поэманың» кейбір жұмыс нұсқаларын да тек осында – автордың өз қолымен шимақтаған қолжазбасынан, жиек­тегі түсініктемелерден көреміз. Мұны әдеби шеберлік зертханасына, жазушының астарлы санасына барлау десек те болатындай.

Шығармашылық тақырыбы то­та­литарлық мемлекетпен астасып жатыр: онда суретші жа­уыз билеушіге қарсы қойылған. Есік­тердің бірінің ар жағында – қола­дан құ­йылған Сталин тұрса, екіншісінде – Ахматова мен Булгаковтың су­реті бейнеленген рояль бар. Бұл – қуғын-сүргінге ұшырағандарға, ла­герьде қаза тапқандарға, басқа елге қашуға мәжбүр болғандарға реквием секілді. Жанында бөлме қожайынының тұтқын екенін біл­діретін мөр басылған есік тұр. «Мұндай ауыр тағдырды бір де бір буын бастан кешкен емес, бәл­ки мұндай буын да болмаған шығар», дейді Ахматова. Алайда ондай буын болды. Бұған олар­дың шығармалары дәлел. Бұл тоталитаризмді жеңген һәм «Бе­сінші кеңістікте» мәңгілік қалған творчество еді.