Қоғам • 16 Қыркүйек, 2020

Сөреде – жергілікті шаруа өнімдері

560 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде Ақтөбе об­лысының астықты аудандары – Алға, Әйтеке би, Қарғалы, Қобда, Мәртөк, Хромтау аудандары егін оруды аяқтауға жақындады.

Сөреде –  жергілікті шаруа өнімдері

Шаруалар қыркүйектің соңғы күндеріне дейін ауа райы бұзылып кетпесе, жұмысты толық аяқтаймыз деп отыр. Әй­теке би ауданының шаруа қожалықтары көктемде 219 мың гектарға дән сепкен болса, оның 168 мыңы – дәнді дақыл, 17 мыңы – мал азығы, 4 мыңы майлы дақылдар болатын. Алайда жаздағы қуаңшылық егін шығымдылығына әсер еткендіктен, аудан алқаптарында биылғы астық түсімі гектарына 6 центнерден айналып отыр.

Мәртөк ауданында 126 мың гектар алқапқа егіс егілсе, оның 62 мың гектары – дәнді дақыл, 195 гектары – тары, 5142 гектары – күнбағыс пен жүгері. Ауданда арпа-бидай егіп, көкөніс өсіретін 186 шаруа қожалығы тіркелген. Жері құнарлы Мәртөк ауданының егіншілері күздік бидай, тары, жүгері, күнбағыс өсіруді жақсы жолға қоя бастады. Соның ішінде жүгеріні сығымдалған күйінде экспорттау жақсы табыс көзі екенін түсінді. Осы ауданда тауарлы сүт фермаларының көбеюіне байланысты ірі қара азығы үшін күздік бидай егістігі көлемі ұлғайып келеді. Мәртөк ауданының шаруалары биыл күздік бидай дәнін көбірек себуге әзірленсе, ал ерте көктемде еккен осы дақылдың қазіргі өнімі әр гектарға 13,5 центнерден келіп отыр.

Қобда, Мәртөк, Қарғалы аудандары 30 жыл бұрын көкөніс өсірумен әйгілі болса, соңғы жылдары осы дақылдарды егуді мүлде ұмытты деуге болады. Осы кезге дейін жергілікті рынокты Ресей Федерациясының Астрахань, Орынбор, Са­мара облыстарының кө­көністері мен сүт өнімдері жаулап алса, қазір ауылдағы қожалықтардың өнімдері Ақтөбе қаласы мен аудан орталықтарындағы дүкен сөрелеріне түсіп жатыр.

Осылайша індетке байланысты Ресейден картоп, сәбіз, қырыққабат әкелінбегендіктен, Ақтө­бенің супермаркеттері мен базар сөрелерінде жергілікті өнімдердің саудалана бастағаны ауылдағы шаруа қожалықтарын ынталандырудың тиімді жолы болды деуге болады.

Дегенмен, егін орағы толық аяқталған соң өңірдегі қожалықтардың жұ­мыстарына толық талдау жүргізіліп, қожалық иелерінің бәрімен ашық әңгіме өткізу қажеттігі басы ашық мәселе болып отыр. Өйткені, шаруалары келіспей отырған ұсақ шаруашылықтар иелерінің жерді пайдалану, субсидия алу, техника лизингіне қатысты мәселелері өте көп.

 

Ақтөбе облысы