Біз Ерлан Рамазанов қызмет ететін облыс орталығындағы балалар ауруханасына келдік. Келген беттен аурухананың тынымсыз тіршілігіне куә болдық: хирургия бөлімшесіне жедел жәрдем арқылы жеткізіліп жатқан балалар, сабырсызданған ата-ана, көмек көрсетуге асыққан медбикелер.
«Доктор Рамазанов сізді күтіп отыр, кіріңіз», деген дауыс естілді бір кезде. Жылыұшырай қарсы алған дәрігер: «Өзіңіз байқағандай, аурухананың бірінші қабатындағы емханада күнделікті түс кезінде бір сағаттай дәрігерлік қабылдау өткіземін. Жаңа туған нәрестеден 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге ота жасаймын», деді.
Басты мақсат – жаңа туған сәбилерге медициналық көмек көрсетуді халықаралық стандарттарға сай жетілдіру. Туа біткен даму кемшілігімен дүниеге келген сәбилерге жедел хирургиялық ота жасау арқылы ғана олардың шетінеу көрсеткіші төмендейді. Осы бағытта аянбай еңбек етіп жүрген кейіпкеріміз Ерлан Амангелдіұлы осы күнге дейін 2 мыңға жуық сәбиге ота жасаған екен.
– Ең қиыны – 600-700 грамдық сәбилерге жасалатын ота. Әрбір осындай салмақпен шала туған нәрестелерге жасалған оталар есімде сақталып қалады. Ең кішкентай пациентім – 500 грамдық сәбидің ішегіне жасалған ота сәтті өтті. Сенің көз алдыңда – өмір мен өлім. Өте ауыр, ұзақтығы 12 сағатқа созылған ота да жасадық. Сәбидің денсаулығын сақтау, аман алып қалу, алдағы бүкіл ғұмыры – сенің қолыңда, – дейді хирург-неонатолог.
Баланың туғанына дейін табиғат бермегенді, дәрігерлер береді деген сөз. Өйткені жаңа туған нәресте 500 грамм дене салмағымен өз бетінше демала алмайды, өкпесі жетілмеген. Дәрігерлер мен медбикелер бірнеше ай бойы балаға күтім көрсетеді. Ас қорыту ағзалары жетілмей, ана сүтін қабылдай алмаса, онда керекті қоректі тамыры арқылы дәрі тамызғыштан алады. Міне, осындайда хирург-неонатологтермен бірге медбикелердің сәбилердің өмірін сақтап қалудағы күндіз-түнгі қызметтерінің қандай екенін түсінесіз. Тіпті 500 грамм салмақпен туған нәрестенің тамырына дәрі тамызғыш қою немесе қан алуын елестетіп көріңізші?!
– Кейін әлгі 500, 600 грамдық сәбилердің қалай өсіп келе жатқан суреттерін алып, ата-аналары бізге келіп тұрады. Аналардың бақытты, қуанышты түрлерін көріп, кішкентайға өмір сыйладық деп біз де қуанып қаламыз, – дейді Ерлан Амангелдіұлы.
Бұған дейін босанатын аналар үшін гинеколог пен акушер жақсы таныс болса, енді неонатолог дәрігер де ана мен бала жанынан табылады. Өйткені қазіргі уақытта медицинаға неонатология саласы, неонатолог-дәрігер, неонатолог-хирург сияқты ұғымдар қосылды. Жалпы, «Неонатология» термині грекше «жаңа туған» дегенді білдіреді екен. Яғни неонатолог-дәрігер жаңа туған бала дамуындағы ауытқуларды қарап, анықтайды. Оның міндетіне нәрестенің барлық мүшесін және жүйке жүйесін тексеру кіреді. Кейбір ауыр жағдайларда босанатын әйелдерге көмек көрсетуге арналған мамандандырылған перзентханаларда неонатологтер туу кезінде қатысуы да мүмкін. Ал енді неонатологияның педиатриядан аздаған ерекшелігі бар демесеңіз, екеуінде де пациент – нәресте. Перзентханада болған кезде неонатологтер қарап, үйге шыққан соң педиатрларға табысталады.
Ерлан Амангелдіұлының айтуынша, іштен шыққан бойда ауру болып туатын балалар аз емес. Сәби сүйгісі келетін ата-ана денсаулықтарына дұрыс қарауы керек. Дәрігерлер ананың жүктілік кезінен бастап түрлі аурудың алдын алады. Ананың денсаулық жағдайын бақылауда ұстаймыз. Екінші себеп, тұрмыстық жағдайы да әсер етеді. Жақсылап күтініп, дұрыс тамақтану да өте қажет.
Бүгінде жаңа туған нәрестелерді емдейтін неонатологтер, қарқынды реанимация қызметін көрсететін анестезиологтер, педиатрлар жетіспей жатыр. Жаңа туған баланы қарайтын медицина бөлімі неонатология деп аталып, бұл термин – жаңа туған бала, ал перинатология құрсақта жатқан бала дегенді білдіреді. Өкінішке қарай, елімізде неонатологтер де, перинатологтер де аз.
– Қай отаға болмасын үлкен дайындық керек. Өйткені балалар кез келген операцияны ауыр қабылдайды. Тіліктің өзі ағзаға ауыр тиеді Ота жасау барысында түрлі жағдай болуы мүмкін. Күтпеген жағдайға дайын болу үшін медициналық кітаптарды ақтарып, қарап, оқып-біліп отаға кіру – міндет. Шетелде тәжірибе – осындай. Өйткені диагноздың атауы бір болғанымен, ол әр баланың ағзасында әрқалай, – деді дәрігер.
Осылай сөзін сабақтаған Ерлан Амангелдіұлы Тель-Авив, Минск қалаларында, еліміздің орталық клиникаларында біліктілікті арттыру курстарынан өткен екен. Иә, балалар хирургі болу – биік мәртебе. Жаңа туған сәбиге отау жасау – ерлікпен тең. Ерланның әріптестері Юрий Саяпин, Совет Смаилов, Ерлан Төлеубеков, Мұхит Ақшолақов, Ринат Темірболатов, Сергей Акопов, Өмірзақ Хайыргелдин, Танат Зияда, Жандос Мусин, Әсем Дәулетова сияқты дәрігерлер үшін жаңа туған сәбиге жасалған әрбір сәтті аяқталған ота – бақыт, жеңіс, көзге жас алатын қуанышты сәттер.
Біздің кейіпкеріміз, әріптестері мен пациенттері «Доктор Рамазанов» деп атап кеткен Ерлан Амангелдіұлы Шығыс Қазақстан облысында туған. Семей Медицина академиясының педиатриялық факультетін бітірген соң Павлодар облыстық балалар ауруханасында интернатурадан өтіп, хирург болып қызметке қабылданады.
Өңірде 2000 жылдары жаңа туған балалардың арасындағы өлім-жітім көп болса, бүгінгі таңда туа біткен ақауы бар сәбилердің 90 пайызының өмірін сақтауға мүмкіндік бар. Осындай мүмкіндік жасаған еліміздің үздік неонатолог-хирургі Ерлан Рамазанов «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанды.
– Нағыз хирург жасаған оталарын есептемейді. Біз күн-түн демей кез келген уақытта ми мен жүректен басқа баланың дене мүшесіне ота жасауға дайын болуымыз керек. Неонаталдық хирургияны таңдағаным, сәбилердің денсаулығын сақтау – өмірдегі басты мақсатым. Инновациялық технологияларды меңгеріп, әлемдегі үздік мамандармен тәжірибе алмастық, – дейді.
Балалар ауруханасының бас дәрігері Ардақ Күзековтің айтуынша, 2004 жылдан бері жас маман ретінде қызметін бастаған Ерлан Рамазанов неонаталдық хирургия бағытында алдына қойған мақсатын орындады. Қазір ауруханада 100-ге жуық білікті дәрігер мен 300-ден аса медбике қызмет етуде. Соңғы үш жылда тағы да 20 жас маманмен толықты. Жас мамандардың қатарында «Доктор Рамазановтың» да шәкірттері бар.
Ерлан Амангелдіұлы – әріптестері арасында сыйлы, үлгі боларлық азамат. Шаңырағында үш баланың әкесі атанған бақытты жан.
– Өміріміз күні-түні ауруханада өтеді, әрине жұмыстан соң отбасыма, үйге асығамын. Әрбір ауыр ота жасалған соң баласын қолына алған ата-ананың қуанышын көріп, алғысын алған бір бақыт. Балалардың ауырмағанын тілеймін қашанда. Олар еліміздің болашағы, Отанымыз тыныш, барлық сала дами берсін, – дейді Е.Рамазанов.
Павлодар облысы