Пікір • 17 Қыркүйек, 2020

Өмір тынысы – әділдікте

151 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы бүгінгі жаңа жағдай, қазіргідей талап пен міндет нақтылана түсіп отырған келелі кезеңде кім-кімнің болсын санасына жеткілікті жетек болды деп түсінемін.

Өмір тынысы – әділдікте

Жолдауда көптеген мәселе орынды көтерілген. Тек оған халық болып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» дегендей бір кісіше жұмыла қолдау танытып, қуаттай білуіміз керек. Біз, қай-қайсымыз болсын: «Иә, Жолдауды оқыдық. Енді бұл қалай жүзеге асар екен?» дегендей бойкүйездік таныт­пастан, оған жаңаша көзқа­распен өзімізден бастап ондағы атап көрсетілген өзекті мәсе­лелерді жүзеге асыруға сүбелі үлес қоса білуіміз керек. Өйткені Пре­зидент бүкіл халық болып атқарылуға тиіс өміршең мәсе­лелердің басын біріктіріп, бізге ұсынып отырған жоқ па?

Мысалы, Жолдаудағы: «Қол­жетімді әрі сапалы білім» – деп аталатын бөлімінде балалар үйірмесінің қызметін қайта қал­пына келтіру жөнінде айта келіп: «Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бас­тап­қы негіздерімен танысар еді» дегенді айтады. Олай болса, сол бастапқы негізді балалардың бойына сіңіре білетін маманның өзі бұл жауапкершілікті терең сезіне білетіндей озық ойлы, биік дәрежелі білім иесі болуға тиіс. Ол ізденістің адамы, жаңашыл бастаманы бірінші болып өзі көтеретіндей сауатты, еңбекшіл, отаншыл азамат болуы керек. Міне, Президент осыны жүктеп, талап етіп отыр.

Осы тұста Мемлекет басшы­сының: «Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау маңызды. Балалар мемлекетіміздің болашығы емес пе?! Әкімдердің жұмысын осы өлшем бойынша да бағалаймыз» деген сөзін біз таза жүрегімізбен, нақты қабылдауымыз керек. Бұл айтылған текті сөздің негізіне лайықты сапалы жұмыс атқарып, Президент тапсырмасына үлкен іскерлікпен жауап беруіміз қажет. Жолдау орындалуымен құнды.

Сол сияқты Жолдауда атап көрсетілген мына бір мәсе­леге де жан-жақты әрі ерекше са­уат­тылық таныта қарасақ деймін. Мысалы: «Қайталап айтамын: мемлекеттік құры­лым­дардың кәсіпкерлік қызметке кез келген заңсыз араласуы, бизнесмендердің жұмысына ке­дергі келтіру мемлекетке қар­сы жасалған ауыр қылмыс ретінде бағалануы керек» деген Президент сөзін сол кәсіп­кер­лердің өзі: «Болды, бітті, бізді енді ешкім мазалай алмайды» деп емес, керісінше «біздің ісімізге Мемлекет басшысының өзі қолдау білдіріп, қуаттап отыр. Сондықтан да біз өз ісімізді, өзімізге жүктелген міндетті сапалы да адал атқаруға тиіспіз» деген отаншылдық сезіммен қабылдап, әрбір істі жауапкершілікпен атқаруға шұғыл бет бұруы керек. Яғни «құдай беріп қалды» – деп Президент жасаған жақсылықты лас, теріс іс-әрекеттермен алмас­тырып, ойына келгенін істей бермеуі тиіс. Атап айтқанда, «мен жеке кәсіпкермін» – деп кей­бір балабақшадағылардай бал­дырғандарды оңды-солды ұрып-соғып, не болмаса тұншықтырып тәрбиелеуге жол бермеуіміз қа­жет. Ал құрылыс компаниялары болса, тұрғызған үйлері мен салған жолдарының артынша істен шығып қалып жататындай шалалықты болдырмауға тиіс.

Дәл осы сияқты пікірді мен Жол­дауда атап көрсетілген учас­­­­­келік инспекторлардың мәр­­те­­­бесіне байланысты да ашып айтқан болар едім. Өйт­­­кені бұл Жолдауда: «ол аза­мат­­тар алдында танымал, қол­же­тімді әрі беделді болуға, солар­дың құқықтарын қорғауға тиіс» деп айтылған болса, сол учас­келік инспекторлар шын мәнін­де өзі қызмет ететін аймақ тұрғын­дарына кеңінен танымал ма, беделді ме? Ал біз білетін жағ­дай­ларда танымал болып, бедел жинақтамақ түгілі біздің кейбір учаскелік инспекторлары­мыз тіптен халық алдында өздері­нің атқарған қызметі туралы қанағаттанарлықтай бір есеп те бере алмайды. Олай болса ендігі жерде бұл инспекторларға жан-жақты ойлануға тура келе­ді. Жолдауға лайықты жауап бере­тіндей қызмет иесі болуға талпынып, бейімделіп, іздене жүріп іс қабілетті арттыра түскені абзал.

Осы жоғарыда айтқан пікір­лерімді мен Жолдаудың «Ұлттық болмыс» атты бөлімінде келті­рілген кез келген істі кәсіби дағ­ды арқылы жүзеге асырған дұрыс және темірдей тәртіп пен жоғары жауапкершілік барша­мыз­дың бойымызда болуы керек деген тұжырымдармен ұш­тастыра отырып аяқтағанды жөн көріп отырмын. Бұл бөлімде әділдік, адалдық, ұқыптылық пен тиянақтылық туралы айтылған сөздердің өміршеңдік қасиетін Пре­зидентіміздің жоғары баға­лап отырғанын біз де жете ұғы­нып, өзіміздің өмірлік берік ұста­ны­мымызға айналдыруға тиіспіз.

 

Серікбай ТҰРЖАН,

Түркістан облысы,

Бәйдібек аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі