Робот – адамның досы
Вирус шартарапты шырғалаңға түсіргенде әлемдік медицинаның әбігерге түскені бар. Індетпен күрес жолында біраз медицина қызметкері аянбай тер төкті. Осы бір сын сағатта технологиялық мүмкіндіктер олардың жұмысын бір серпілтіп тастады. Қазір әлем елдері денсаулық сақтау саласының роботтандыру процесін жеделдетуге кірісті. Мәселен, осы жылдың сәуір айының соңында Ресейде бөлмені дезинфекциялаушы робот пайда болды. Сбербанк бұл ақылды құрылғыны Еуропалық медициналық орталықта сынақ режимінде іске қосты. Оның қуатты ультрафиолет шамдары инфекцияның 99,99%-ын, соның ішінде коронавирусты жоюға қауқарлы. Мамандар 10 медициналық кабинет пен стационардағы 6 палатаны дезинфекциялау үшін бұл роботқа бір сағат жеткілікті екенін айтады. Аталған құрылғыны дисплей және дауыстық хабарламалар арқылы қашықтан басқаруға болады.
Сондай-ақ Бельгияда адамдардың дене температурасын өлшеп, жеке қорғаныс құралдарының болуын бақылайтын Zora Bots атты ақылды құрылғылар әзірленді. Оны жасап шыққан мамандардың пікірінше, коронавируспен күресте ең алдымен оның таралуын болдырмау маңызды. Медқызметкерлердің жұмысын жеңілдеткен бұл роботтар пациенттерге қажетті заттар мен дәрі-дәрмектерді байланыссыз жеткізу үшін де қолданылады.
Ал итальяндықтар коронавирустан емделіп жатқан науқастарға өз туыстарымен бейне байланыс орнатуға көмектесетін double Robotics роботтарын іске қосты. Ауырған шақта жақын адамдардың жаныңда болуы немесе олардың психологиялық қолдауы індетті еңсеруге титтей де болсын себепкер болатыны белгілі. Осындай жақсы ниетпен double Robotics роботтары екі араны жалғап, пациенттің көңілін бағатын көрінеді. Ол сонымен қатар науқастар мен медициналық мекеме қызметкерлері арасында делдал ретінде қызмет етеді екен.
Пандемия кезінде карантин талаптарын қатаң сақтап, үйде болған тұрғындар үшін тапсырысын жеткізіп беру қызметі қарқын алды. Бұл уақытта әр үйге қажетті затты жедел әрі байланыссыз жеткізу маңызды болды. Мұны ескерген Британияның Starship компаниясының робот құрастырушылары курьерлік қызмет атқаратын роботтар жасап шығарған. Олар Милтон Кейнс қаласының тұрғындарына азық-түлік және тағы да басқа қажетті заттарды жеткізіп отырады. Компания өкілдері бұл қызмет Ұлыбританияның ұлттық денсаулық сақтау қызметінің қызметкерлері үшін мүлдем тегін көрсетілгенін айтады.
Смартфондар сіздің денсаулығыңыз туралы ақпарат береді
Еуропалық өнертапқыштар COVID-19-ды жұқтыру тізбегін бақылауға мүмкіндік беретін pepp-PT мобильді қосымшасын іске қосты. Пайдаланушылардың смартфондары Bluetooth сымсыз технологиясының көмегімен деректер алмасып отырады. Оның жұмыс істеу тәртібі өте оңай. Бойынан коронавирус инфекциясы анықталған азамат медициналық мекемеде жасалған QR код-ты pepp-PT мобильді қосымшасының көмегімен сканерлейді. Бұдан соң анонимді ақпарат орталық серверге жіберіледі. Қосымша жаныңызда коронавирус жұқтырған адамның бар-жоғынан хабар береді. Егер соңғы екі апта аралығында вирус жұқтырған адаммен 15 минуттан артық байланыста болсаңыз, телефоныңызға бірден тиісті хабарламалар мен ұсыныстар келеді. Адамдар арасында індеттің таралуын шектеу мен аурудың алдын алу үшін жасалған бұл қосымша адам көп шоғырланған еуропалықтар үшін біраз көмектесіп жатқан көрінеді.
Сол сияқты Германияда Роберт Кох институтының зерттеушілері коронавирустың таралуы туралы ақпарат беретін интерактивті карталар жасаған. Сондай-ақ смарт-сағаттар мен фитнес-білезіктердің иелері үшін жүректің соғу жиілігі мен ұйқы және белсенділік деңгейі сынды көрсеткіштерді үнемі диагностикалап отыратын қосымша әзірленген. Бұл қосымшаны жүктеу арқылы денсаулығыңыздың жай-күйін бақылап отыруға болады. Егер параметрлердің біреуі өзгерген болса, бұл денсаулығыңызда қандай да бір кінәрат барын білдіреді.
COVID-19 диагностикасы мен оның алдын алудағы инновациялық шешімдер
2020 жылдың ақпан айында қытайлық Infervision компаниясы компьютерлік томография суреттерінен Сovid-19-ды анықтайтын ақылды диагностика жүйесін іске қосты. Нейрондық желі адамның КТ суретін дерекқордағы суреттермен салыстыра отырып, коронавирус белгілерін анықтайды. Мұндай компьютерлік технология Қытайдың 30-дан астам клиникасына енгізілген. Бұл дәрігерлер жүктемесін азайтуға айтарлықтай мүмкіндік беріп отыр. Қауіпті індеттің ең алғашқы ошағы да осы Қытайда тіркелген еді. Бүгінде мұнда вирус жұқтырғандар саны едәуір азайып келеді. Бүгінде бұл елде 90 231 адам індет жұқтырған. Дәрігерлердің тынымсыз еңбегі мен түрлі инновациялық технологиялардың арқасында қытай медицинасы коронавирус инфекциясын бірте-бірте жеңіп келеді.
Наурыз айының соңында ресейлік Connectome.ai стартапы кәсіпорындардағы биологиялық қауіпсіздікті бақылайтын құрылғыны ұсынды. Ақылды қол жуғыш ДДҰ ұсыныстарына сәйкес, қол жуу сапасын бақылайды. Ол кәсіпорындағы қызметкерлердің бет-әлпеті мен іс-әрекетін тани отырып, жеке қорғаныс құралдарының бар жоғын да тексере алады. Мамандардың айтуынша, санитарлық және қауіпсіздік талаптарын сақтамағандар үшін өндіріске кіру автоматты түрде бұғатталады. Жүйенің жұмыс принципі бейне-аналитика және жасанды интеллектке негізделген соң, оны алдау мүмкін емес көрінеді. Мұндай ақылды қол жуғыш технологиялар Ресейдің, әсіресе тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарында белсенді түрде енгізіліп жатыр. Бұл елде, сондай-ақ Promobot Thermocontrol + терминалдары кеңінен қолданылуда. Терминал ғимаратқа кірген қызметкерлердің дене температурасын жанасусыз өлшеуге мүмкіндік береді. Инновациялық құрылғы 5 минут ішінде 0,2 градусқа дейінгі дәлдікпен 5 см-ге дейінгі қашықтықта қажетті өлшеулерді жасай алады. Сондай-ақ ол адамдардың дауыстары мен суреттерін деректер базасында сақтайды. Ғимаратқа бөгде адамдар кірген жағдайда деректерді бірден күзет қызметіне жіберіп отырады.
Қарап отырсақ, пандемия біраз түсініктің тонын теріс айналдырды. COVID-19 денсаулық сақтау саласын цифрландыруға серпін берді. Адамзат жаңа өмір сүру деңгейіне аяқ басты. Инновациялық трендтерді қолдану өміріміздің бір бөлшегіне айналды. «Басқа түссе, бас бақшыл» демекші, адам баласы бұл күндерді де артта қалдырарына шүбәм жоқ.