фото ашық дереккөз
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында айыпталушыға қатысты ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі – 191-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен (зорлық-зомбылық қолданамын деп қорқытып, бөтеннің мүлкін ашық ұрлауға оқталу) қылмыстық іс қаралды.
Сот талқылауы барысында прокурор айыпты ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі – 191-бабының 1-бөлігімен өзгертіп, «зорлық-зомбылық жасаймын деп қорқытумен» деген біліктілік белгіні алып тастаған. Жәбірленуші тараптың қарсылығы болмаған жағдайда айыпты мұндай өзгерту сот үшін міндетті болып табылады.
Сотталушының кінәсі жәбірленуші мен жәбірленушінің өкілінің айғақтарымен, бейнежазбалармен және басқа да дәлелдемелермен дәлелденіп, ол кінәлі деп танылды.
Кінәсін мойындауы, жасаған қылмысына шын жүректен өкінуі, жастығы, соттылығының болмауы жеңілдететін мән-жайларға жатқызылды. Жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар белгіленбеген.
Заңға сәйкес, қылмысқа оқталу үшін жаза ең жоғары мерзімнің ¾ бөлігінен аспауы керек.
«Іс бойынша тергеу жеделдетілген тәртіпте жүргізілді, сондықтан ҚК-нің 56-бабының 3-бөлігіне сәйкес жаза ең жоғары мерзімнің ½ бөлігінен аспауы керек. Осыған байланысты сотталушыға 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы берілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ», делінген хабарламада.
Айта кетейік, қылмыскерді ломбардқа телефонын алу үшін келген 18 жастағы жігіт ұстап, полицияға тапсырған болатын.