Оқиға • 17 Қыркүйек, 2020

Зиянсыз өтіріктің ақиқаты немесе күрестен әлем чемпионы Бақтияр Байсейітовтен 27 жылдан кейін сұралған кешірім

4315 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

1993 жылдың сәуір айында Жапониядан бері ұшқан ұшақ ішінде Бақтияр Байсейітовке бір жағы амалсыз, бір жағы намыс буғаннан өтірік айтып едім… Сол жолы Жапонияның Хиросима қаласында грек-рим күресінен Азия чемпионаты өтті. Бұған дейін Кеңес Одағының біріншіліктерінде бәсекеге түсіп келген Қазақ елінің бас құрамасы құрлық чемпионатына бірінші рет барды. Хиросимаға аттанар алдында көңіліміз көтеріңкі, жігіттерге сенімді едік. Тоқсан бірінші жылғы КСРО Халықтары спартакиадасы мен тоқсан екідегі ТМД чемпионатында сәтті белдескен балуандарымыз алғашқы Азия чемпионатында олжаға молынан кенелер деп үміттенгеніміз рас.

Зиянсыз өтіріктің ақиқаты немесе күрестен әлем чемпионы Бақтияр Байсейітовтен 27 жылдан кейін сұралған кешірім

Ең бастысы, кеңес империя­сының бұғауынан босағанымыз ке­ше ғана. Еліміз азат, жанымыз азат! Азаттықтың әр таңы арайлы, азат күндердің лекіте, аңқи соққан самалы қандай ғажап! Кеңестің еңсені басқан қанқызыл туынан құтылып, өзіміздің аспан түстес байрағымызға елжірей қараймыз. Кеуде шалқақ, жүзіміз жарқын! Осындай шадыман күйде Хиросима топырағын бастық. Бірақ... бәрі керісінше болды. Қазақ құрамасынан 90 келідегі Сергей Матвиенко ғана Азия чемпионатында жеке-дара шықты.

Менің көңіліме ауыр тигені: 1991 жылғы КСРО Халықтары спар­такиадасының күміс жүлде­гері Бақтияр Байсейітов, осы жылғы КСРО чемпионы, Ресей спар­такиадасының жеңімпазы Жо­ламан Дәуренбеков және 1992 жылғы ТМД біріншілігінің күміс медалисі Руслан Жұма­бе­ков­тің Азия чемпионатын ұта ал­мағандығы еді. Ойлап қара­ңыз, тәуелсіз Қазақ елінің ұлт­­тық құ­ра­масындағы қазақ ба­луан­дарының бірде-біреуі тұңғыш Азия бі­ріншілігін жеңуге жарамаса, есі дұ­рыс қазақ азаматын намыс қы­суы заңды құбылыс емес пе?!

Содан Жапонияның айнадай жарқыраған, сәні мен сәулеті келіскен әуежайынан Ресейдің орындығы мен төбесін кір басқан, тозығы жеткен ұшағына мінгенде көңіл шіркін құлазып сала берді. Сол сәт Кеңес өкіметінің, қызыл бәл­шебектердің қып-қызыл өті­рігіне, коммунизм елесіне көзсіз иланып, кеңестен жырақ өркенді елдерден қаншалықты артта қал­ғанымызды енді түйсініп едік.

Хош, көк жүзінде Хабаровскіні бетке ұстап зулап келеміз. Көңіл алай-дүлей. Жер түбіндегі Жапо­нияға арқырай жетіп, жабырқап қайтқанымыз жаныма тыншу берер емес. Орнымнан тұрып, Бақтияр мен Русланның ортасына отырдым. Дәл қазір екеуіне де айтқанымды толық қайталап шығу мүмкін емес. Бірақ қос іні­ме чемпион бол­ма­ғандары үшін ренжігенім, біраз кейі­генім есім­де. Екеуі де тәрбиелі, өнегелі жігіт­тер емес пе. Сөзімді көтерді, бетімнен алған жоқ. Бал­пиып отыр­ған қалыптарында бір қыза­рып, бір бозарып, ағалық назымды теріске шығарған жоқ. Сол са­пар Бақтиярға «Жапонның Олим­­пиада және әлем чемпионы Седзе Сасахара сенен әлем чемпионы шығады!» деп айтты дедім. Іштей торығып, оның үстіне біздің сөзіміз жанын шабақтаған Бақтияр інім «Рас па, аға?» деді жұлып ал­ғандай. «Рас!» дедім, өз өті­рі­гімді өзім қуаттап. Балуан жі­гіт сәл қыза­рақ­таған күйі жанарын бір нүктеге қадады...

Ұмытпасам, Сасахара осы Азия чемпионатының қазылар алқасында қызмет жасады. Қара шашты, атжақты, қыр мұрынды, тығыршықтай келген азамат екен. Бір қарағанда қазақтан аумайды. Жарыс үстінде сыртынан бірнеше мәрте көрдім.

Иә, 27 жыл бұрын басымнан осындай жағдай өтті. Өтірікке жа­ным қас десем де, сол жолы Бақ­тиярды қайрау, оның ішіндегі бұғып жатқан жанартауды бұрқ еткізу үшін бір жағы амалсыз, бір жағы әдейі сөзіме өтірік қо­суға мәжбүр болдым. Сол жағ­дай­дан кейін араға бес жыл салып, 1998 жылдың жазында Бақ­тияр Байсейітов әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Яғни классикалық күрестен әлем чем­пиондары Шәміл Серіков, Жақ­­сылық Үшкемпіров, Дәулет Тұр­лыханов ағаларынан соң қа­зақ жұрты үшін аса қымбат, мәртебелі тұғырға табан тіреді. Ал Бақтиярдан кейін, 22 жылдан бері грек-рим күресінен 16 әлем чем­­пионаты өтіп, балуандарымыз 5 жазғы Олимпия ойындарында белдесті. Осы 21 (!!!) додада қазақ жігіттері бір алтын медаль алуға жараған жоқ. Намыстан жарыла жаздайсың! Бұл факт жүрекке ауыр тие ме?! Ұлттық намысқа сын ба?! Мен үшін солай. Ал спорт­тың басы-қасындағы кей адамдар үшін түкке тұрғысыз әңгі­ме тәрізді. Біз осы куба, армян, грузин, әзербайжан, чешен жігіт­тері уыстап ұстап жүрген әлем чемпио­на­тының алтын ме­далін армандауды да доғарған жоқ­­пыз ба?! Әлде, жығыла-жы­ғы­ла жеңіліске етіміз өліп кетті ме?

...Жиырма жеті жыл бұрынғы зиянсыз өтірігім үшін жақында Бақтияр балуаннан кешірім сұ­радым. Әуелде ренжитін шығар деп едім. Жоқ, кеңқолтық інім түк болмағандай жайдары сөйлесті. Үнінен інілік ізет байқадым. Сол сәт көңілімді әредік кілкітіп, бір бүйірімді қара тастай жаншып тұратын күнәдан арылып, жан дүнием рахаттанып сала берді.

Әлем чемпионы, әлем чемпио­на­тының күміс жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, Азия­ның екі мәрте чемпионы Бақтияр Байсейітов – қазір Қазақстан ұлт­тық құрамасының бас бапкері.

 

Қыдырбек РЫСБЕК,

спорт журналисі