Қазір тарихқа айналған сонау 1994 жылғы қаңтар айының 31 жұлдызы күні аудан орталығындағы бұрынғы Калинин атындағы орта мектепке Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулысымен жазушы, сыншы, драматург Асқар Сүлейменовтің есімі берілді.
Сол кездері қаншама жұмысбасты болып жатса да аудан әкімдігі бұл оқиғаны атаусыз қалдырмайық деп шешті. Сол кездегі аудан әкімі Қуаныш Айтаханов бас болып бұл игі шараға астанадан марқұмның отбасын, ағайын-туыс, жора-жолдастарын арнайы шақырайық», деп ақыл қосты.
Сөйтіп жүргенде көктем өтіп, жадыраған жаз да келіп жетті. Шілде айының бір тамаша күнінде Шымкент қаласында астанадан келген құрметті меймандар – Асекеңнің анасы Қымбат апаны, зайыбы Әлияны, құда-құдағиларды, белгілі ақын-жазушылар Дулат Исабеков, Бейбіт Қойшыбаев, Сейфолла Оспанов, Төкен Ибрагимов, Сайлаубек Жұмабековтерді бір топ адам қарсы алдық. Қызы Қаракөз олардан бұрын нағашысының үйіне келіп жатқан болса, Жаңатас арқылы асығып жеткен ұлы Әлішер мен күйеу баласы Досхан Жолжақсынов та осы топқа қосылды.
Түс әлетінде қаламгердің нағашысы, марқұм Қыдыр Жүнісовтің үйінен дәм татып, аздап дем алған қонақтар кештетіп Қызылкөлге тартты.
Асекең туралы небір естеліктер айтылып, ән шырқалып, күй де тартылды. «Досхан осы елге күйеу бала болып келеді» деп мана әңгімеміздің басында айттық қой. Танымал актер, әнші сол күні Асекеңнің ұлы Әлішер екеуі тыңдаушының құлақ құрышын қандырып, тағы бір тың қырынан танылғандай болды. Қарындасымыз Қаракөз де өнерлі жан екен, домбыраға қосылып, қазақтың небір халық әндерін әуелете шырқады дейсіз. Бір кезде Семей қаласынан келген Асекеңнің жан досы Төкен аға Ибрагимов Абай әндерін салды. Жергілікті өнерпаздар да ауылдың алты ауызын айтып, көл маңайын думанға бөледі.
Аудан орталығындағы «Мыңжылқы» мәдениет сарайында жұртшылық астанадан келген меймандармен кездесу өткізді.
Асқардың анасы Қымбат әжейге сөз берілгенде тебіренбеген жан қалмады.
– Мен өзім төрт құрсақ көтердім, – деді Қымбат апа жанары жасқа толып. – Оның екеуі Қайсар мен Азатбегім ертерек көз жұмды. Ал Асқар 1939 жылы, одан кейінгі қызым Жұлдызай 1942 жылы дүниеге келді. Әкелері Сүлеймен Ұлы Отан соғысына сол Жұлдызай туған жылы аттанды. Содан хабар-ошарсыз кетті. Сөйтіп 24 жасымда жесір қалдым. Бұдан соңғы өз өмірімді Асқар мен қарындасы үшін өткеріп келемін. Асқар балам екеуміз бір-бірімізді елу жыл алақанға салып өткіздік. Ол бір рет те бір ауыз сөзбен болса да бетіме қарсы келген емес. Асқаржанымның өмірі осындай-ақ боларын қайдан білейін...
Қымбат ана перзенті жайында осылай ой толғады. Асекең анасын еркелетіп «Айтотым» деп атаған көрінеді. Қарап отырып ана мен бала арасындағы риясыз сыйластыққа қайран қаласыз.
Ақылды да зейінді бала мектепті бітіргеннен кейін әуелгі жылы Алматыдан жолы болмай оралады. Содан «Қызыләскер» бөлімшесінде бір жылдай бастауыш кластарға сабақ береді де, келесі 1957 жылы оқуға түсіп кетеді.
Елгезек ойлы Асекең алғашында анда-санда жазатын әдеби-проблемалық мақалаларын қанағат тұтып қоймай, «Бесін» атты бір повесі мен екі әңгімеден тұратын жинағын жарыққа шығарады. Бұл жинаққа 1916 жылғы оқиғаны баяндайтын «Бесатар» повесі мен «Ақ кемпір», «Қара шал» атты ауыл адамдарының ішкі толғанысына құрылған, осы арқылы характерлер сомдалған тамаша әңгімелері енеді. Кітап негізінен балаң жігіттің әлем әдебиетінен хабардар қабілетінен, өзінің сана өрісіндегі жаңа сәулелерден өрілген қарасөз кейпіндегі толғамы болып шықты. Жазу мәнерінен еш жазушыға ұқсағысы келмегендігі айқын сезіліп, оқырманын әрқилы тосындығымен қызықтырып, қыруар күй кештірді.
Арада табаны күректей он сегіз жыл өткен соң, 1988 жылы ғана оның бір повесі мен үш әңгімесі енген «Адасқақ» атты жинағы қолымызға тиді. Мұнда да жазушы өзінің сол бір терең пәлсапалық толғаныстарынан танбаған.
Асқар Сүлейменов әдебиет пен өнердің өзге өңірінен де оқтын-оқтын жалт етіп көрініп қалатын. Оған дәлел, «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Құлагерге» сценарий жазғаны.
Сол сияқты, көрнекті жазушы, драматург, ойшыл Асекеңнің «Ситуациялар» атты триптихінен (үштаған) оқырмандардың хабары болуы керек. Ол М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында 1976-1978 жылдары қызмет істеді. 1987-1988 жылдары осында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болды. Театр «Төрт тақта жайнамазды» 1989 жылы сахналады. Ал «Жетінші палатаның» премьерасы 1993 жылы сәуір айында өтті. «Қыздай жесір – штат қысқарту» атты пьесасы да сол кезден театр сахнасынан берік орын алып, көрермендер көңіліне жол тапты.
Сүбелі тілдің сүлейі, әсемдік ойдың өкілі, бекзат текті білгір сынгер Асекеңнің көрмедегі жүйріктей көзі жарқырап, әділетсіздікпен іштей алысып өткені де мәлім.
Ел алдындағы ер еңбегі қашанда ескерусіз қалған ба? Тәуелсіздіктің елең-алаңында күллі республика, оның ішінде аудан жұртшылығын елең еткізген айтулы оқиға болды. Әдебиет, өнер және сәулет саласындағы 1996 жылғы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына жазушы әрі драматург Асқар Сүлейменов (қайтыс болғаннан кейін) ие болды.
А.Сүлейменовтің медалін оның анасы – Қымбат апаға Қазақстан Республикасының сол кездегі Президенті, қазіргі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз қолымен тапсырды.
Қайран Асқар аға... Асекең ... Асқар Сүлейменов. «Заманынан оқ бойы озық туған» азаматтың алып тұлғасы жылдар өткен сайын көңілімізде жасап, жаңғыра бермек. Созақ даласы да өз қыраны еліне оралатындай қиырға көзі тала қарайды. Тек ол тезірек келсе екен...
Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,
Созақ ауданының Құрметті азаматы
Түркістан облысы