Жайықтың суын Атырау мен Батыс Қазақстан облыстары ғана емес, көршілес Ресейдің өзі де тұтынады. Өйткені, Ресейдегі Орал тауынан бастау алған өзен Башқұртстан аумағымен, Челябі, Орынбор, Қазақстанның Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарын қуалай өтіп, Каспий теңізіне құяды. Демек, бұл өзен қос елге ортақ болғандықтан, трансшекаралық маңызы бар. Өзеннің жалпы ұзындығы 2428 шақырымға созылады. Ал Қазақстан аумағындағы бөлігі – 1049 шақырым. Жайық өзенінің су жинақтау алаңы – 237 000 шаршы шақырымды құрайды. Көпжылдық орташа ағысы Қазақстан шекарасында секундына 292 текше метрге тең. Мамандардың пікірінше, Жайық суының 70 пайызы көктемгі су тасқынынан толығады. Мәселен, 1990, 1991, 1993, 1994, 1998, 2002, 2004, 2005 және 2007 жылдары қардың молдығынан өзен арнасы толып, жайылымдарға су шыққан. Алайда өзен суының азаюы 1973, 1975, 1982, 1999, 2000, 2001, 2003 және 2006 жылдары байқалыпты. Соңғы кезде Жайық өзеніне көктемгі тасқын су нормадағыдан 2-3 есеге аз түсетіні байқалып отыр.
«Жайық-Каспий» бассейндік инспекциясының басшысы Ғалидолла Әзимоллиннің пікіріне сүйенсек, бұрын Жайықта көпжылдық орташа су көлемі 9,46 млрд текше метрді құраған. Ал 2006 жылы өзен суы 5,7 млрд текше метрге азайыпты. Былтыр өзенге 3,5 млрд текше метр су келіпті. Биылғы жеті айда да осынша көлемдегі сумен толығыпты. Енді жыл соңына дейін 700-800 млн текше метр су келеді деп күтілуде.
– Былтыр Жайық өзеніне су өте аз көлемде келді. Бұл климаттың әсерінен болып отыр. Ғалымдардың зерттеуіне сәйкес, судың аз мөлшерде келуі 2023 жылға дейін жалғасуы мүмкін, – дейді Ғалидолла Әзимоллин.
Жайықтағы судың азаюын Ириклинский су қоймасындағы ахуалмен байланыстыруға болады. Кезінде Жайықтың суы аталған су қоймасы арқылы да реттелді. Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басқармасының басшысы Ринат Шәуеновтің ақпаратына қарағанда, биыл Жайық өзенінің суы 5 см-ге ғана көтеріліпті. Демек, су
деңгейінің азаюы байқалады. Бірақ Жайыққа келетін судың үлесінде Ириклинский су қоймасы маңызды рөл атқарып отырған жоқ. Өйткені, аталған су қоймасынан келетін судың мөлшері 15 пайызды ғана құрайды. Жайыққа құйылатын судың көп мөлшері, яғни 55 пайызы Ресейдегі бір өзеннен құралып отыр. Бұл – Сакмара өзені. Судың қалған бөлігі Қазақстан мен Ресейдің өзендерінің үлесіне тиеді.
Әрине трансшекаралық өзен болған соң Жайықтың құрғап қалмауына Ресей де, Қазақстан да мүдделік танытары даусыз. Осы орайда Ғалидолла Әзимоллиннің айтуынша, ресейлік тараппен келіссөз жүргізіліпті. Соның нәтижесінде Ириклинский су қоймасынан жіберілетін су мөлшері 3 есеге, 15 текше метр/секундтан 45 текше метр/секундқа көбейіп отыр. Бірақ тамыздың соңына осы мөлшерде болғанмен, кейін 30 текше метр/секундқа азаяды екен.
– Ириклинский су қоймасын толтыру арқылы Жайық өзеніне су берілмей отыр деуге болмайды. Бұған климаттың әсері бар. Жоғары өзендерде де, Батыс Қазақстан облысындағы су айдындарында да су деңгейі төмендеп барады. Сол себепті, былтыр Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының кезекті отырысы өтті. Онда Жайық өзенін жоғалып кетуден сақтап қалу туралы бірлескен бағдарлама дайындауға келісім жасалды. Осы бағдарлама аясында зерттеу жұмысын жүргізу жоспарланған еді. Алайда пандемияға байланысты тоқтап тұр, – дейді Ғ.Әзимоллин.
Оның мәлім етуінше, өзеннен шаруашылық мақсатта алынатын су көлемі 1990 жылмен салыстырғанда, едәуір азайған. Мәселен, бұрын Жайықтан 2 млрд текше метрге жуық су алыныпты. Ал былтырғы және биылғы алты айда оның көлемі 600 млн текше метрге дейін азайып отыр. Су қорғау жолағы аумағында кез келген шаруашылық мақсаттағы әрекетке тыйым салыныпты.
Жайық өзенінің мәселесін неге көтеріп отырмыз? Біріншіден, Жайықтың жағасында Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының бірнеше елді мекені бар. Ондағы халықтың тыныс-тіршілігі Жайықпен тығыз байланысып жатқаны даусыз. Индер, Махамбет, Исатай аудандарындағы көптеген елді мекеннің тұрғындары, шаруа қожалықтары Жайық өзенінен арна тартатын каналдардан мал суарып отыр. Жағада отырғандардың бәрі ауыз суды өзеннен ішуде.
Екіншіден, ауыл шаруашылығын, соның ішінде балық шаруашылығын дамыту үшін Жайықтың маңызы зор. Облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының мәліметіне сүйенсек, көктемде балықтың бәрі ағысқа қарсы жүзеді. Әсіресе бекіре тұқымдас балық уылдырық шашу үшін Каспий теңізінен Орал қаласының тұсына жүзіп барады. Осыған байланысты Жайық өзеніне су молынан келсе, ағыстың жылдамдығы үдейді. Ал ағыс қатты болса, балық та молая түседі.
Үшіншіден, табиғи тепе-теңдік сақталуы үшін Жайықтың арнасы тарылмағаны жөн. Өзен арнасы су көбірек келсе ғана тарылмайды. Бұлай болмаса, екі ел тұрғындарының тіршілік нәріне айналған Жайыққа қауіп төнеді. Бұл – экологиялық апат қаупі.
Қазір Жайықтың жағдайы жан жабырқатады. Өзен суы қалыпты деңгейінен көп төмендеді. Арнасы тарылды. Ресейдегі Сакмара өзенінің Жайыққа құяр сағасында 64 су қоймасы бар. Бұл қоймаларды толтыру үшін 225,9 млн текше метр су керек. Демек, Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының мүшелері Сакмара секілді өзендер сағасын, Жайықтың Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарындағы ахуалын жете зерделеуі қажет. Сонда ғана Жайықтың арнасын кеберсіп қалмаудан сақтаймыз. Қос өңірдің тұрғындарын туындауы мүмкін ауыз су тапшылығынан құтқарамыз. Өңірлер экономикасының әр саласы, соның ішінде ауыл шаруашылығы өркендей түседі.
Түйіндей айтқанда, трансшекаралық маңызы бар Жайық өзенін экологиялық апаттан қорғап қалу жоспарын шұғыл ойластыру қажеттігі туындап отыр. Кешігіп қалып, Жайыққа Арал теңізінің кебін кигізіп жүрмейік.
Атырау облысы