Сонымен қатар Президент «Құқық қорғау жүйесінің жұмысында бұрынғы дағды бойынша айыптауға бейімділік басымдау болып тұр. Азаматтардың қылмыстық жауапкершілікке негізсіз тартылатын жағдайлары да аз кездеспейді» деген болатын. Жолдауда айтылған осы тұжырымға арнайы тоқталуымыздың өзіндік себебі бар.
«Егемен Қазақстан» газетінің редакциясына Ішкі істер министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің «ЕЦ-166/1 мекемесінде» жазасын өтеп жатқан Павел Генадьевич Труфановтан хат келген еді. Онда Павел Труфанов өзінің әділетсіз сотталғандығын, өзіне қатысты қылмыстық іс бойынша Нұр-Сұлтан қаласы «Сарыарқа» аудандық полиция басқармасы тарапынан бірқатар құқықбұзушылық болғанын, әртүрлі мемлекеттік органдарға шағым түсіргенімен, істің нәтижесіз аяқталғанын жазады.
«Мүлде қатысым жоқ ұрлыққа қатысты екі фактіні маған таңып отыр. Аталған ұрлықтарға менің қатыстылығым туралы факті дәлелденбеді. Бірақ сот мұны ескерген жоқ. Ал үш адамнан тұратын жәбірленуші тараптың да маған қояр талабы жоқ, өйткені моральдық та, материалдық та шығыны толықтай өтелген. Қылмыстық құқықбұзушылық бойынша талап-арыз жоқ. Иә, мен қылмыстық теріс әрекет жасадым, ол үшін өкінемін. Екі кішкентай балам бар екеніне қарамастан, сот менің жазамды төрт жылға қауіпсіздігі барынша жоғары жазалау орнында өтеуге үкім шығарды» деп жазады жазасын өтеуші.
Павел Труфанов шағымында өзіне қатысты қылмыстың жеңіл жаза түріне жататындығын, әлі де әділеттілікке үміт артатындығын, сондай-ақ тікелей өзіне қатысты ұрлық мөлшері 189 200 теңге көлемінде толықтай өтелгенін жазады.
Жазасын өтеушінің жанайқайын құқық қорғау органдарының назарына ұсына отырып, Павел Труфановтың қылмыстық ісіне әділетті шешім шығарылады деп үміттенеміз.