Оқиға • 18 Қыркүйек, 2020

«Өзекті мәселе» – пікірталас алаңы

33 рет көрсетілді

Елордада «JASTAR: ózekti másele» пікірталас алаңының алғашқы мәжілісі өтіп, сарапшылар Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы мен жастар саясатындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бүгінгі күннің басты мақсаты – сапалы ұлт қалыптастырып, халық дамуының жаңа парадигмасын құру екендігін атап өтті. Сондай-ақ ел алдында тұрған күрделі де, үлкен мәселелерді сәтті шешу үшін жаңа көзқарас, ортақ жүйе және жан-жақты қолдау қа­жет­ті­гін еске салды. Осы орайда «Ру­ха­ни жаңғыру» қазақстандық қо­ғамдық даму институтының жа­нындағы «Жастар» ғылыми-зерт­теу орталығы «JASTAR: ózekti másele» алаңы жұмысын бастады.

Ашық пікірталас ұйым­дас­ты­рып, жаңа көзқарастарды бір арнада тоғыстыру үшін ал­ғаш­қы мәжіліске жас та болса, тәжірибесі мол, ірі жобалар­да үлкен жетістіктерге қол жет­кі­зіп, өз салаларында айтулы проб­лемалардың түйінін шешіп жүр­ген жастар шақырылды. Ақпарат және қоғамдық даму ви­це-министрі Асқат Ораловтың айтуынша, «JASTAR: ózekti má­sele» алаңы қоғамдағы түйт­кіл­дер­ді әр саладағы білікті мамандармен бір­ге атқарып шешу үшін таптырмас орын.

«Жаһандық пандемия қоғам­ның әлеуметтік-эко­но­микалық жағдайына үлкен өзгерістер жасап, күнделікті тұрмыс-тіршілікке түбегейлі түзету енгізді. Осы ор­ай­да Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы бар­лық түйткілді мәселелердің ше­ші­мін табуға серпін беруі тиіс. Президент адам капиталының дамуына да үлкен мән берді. Осы орайда ертеңгі қоғамның негізгі іргетасы бүгінгі өскелең ұрпақ, яғни жастар екенін ескеруіміз керек», деді А.Оралов.

Өз кезегінде мәжіліске қа­ты­су­шылар Президент Жолдауының не­гіз­гі бағыттарын талқылап, Қа­зақ­­стан жастарының мәселесіне де тоқталды. Осы орайда са­рап­шы­­лар тарапынан халықтың са­на­сын жаңғыртуға бағытталған бас­тамалар да ұсынылды. Соны­мен қатар пандемия кезінде жас ма­мандарды жұмыспен қам­ту мә­селесі де көтеріліп, әлеу­мет­тік кәсіпкерлікке көңіл бөлу­ге шақырды. «Green TAL» әлеу­меттік шеберлік қоғамының негі­зін қалаушы Эмин Әскеровтің пі­кірінше, бүгінгінің басты мақ­сат­тарының бірі – патриот жас­тар­ды тәрбиелеп, саналы қоғам  қа­лыптастыру.

– Пандемиядан туған дағ­да­рыс­тың салдарынан қазір жұмыс орындары қатты қысқарып жатыр. Салдарынан ауылдарда мар­­гинал жастар көбейіп кетті. Сондай-ақ шетелге біржола кетіп қалуды аңсайтын азаматтардың да көптігі алаңдатады. Осындай жағдайларға тосқауыл болу үшін елдегі экономикалық жағдайды жақсартып, жастардың санасын жаңғыртатын жобалар қажет. Бұл ретте әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдауымыз керек. Олардың саны Қазақстанда 250 ғана. Салыс­тырмалы түрде айтайық, Ұлы­бр­итанияда 70 мың әлеуметтік кәсіпкерлік топ тіркелсе, АҚШ-та олардың саны 160 мыңнан асады екен. Әлеуметтік бизнес тұтынушылардың нақты бір проблемаларын шешу мақсатында пайда болып, қоғамның әлеу­мет­тік осал топтарының мәселелерін ше­шеді. Сондықтан мұндай жо­­баларды қолдау арқылы біз ха­­лықтың әлеуметтік ахуалын жақ­сар­тамыз, – деді Э.Әскеров.

Мәжілістің қорытындысы бо­йын­ша сарапшылардың бар­лық ұсы­ныстары салалық маман­дар­­дың өңдеуіне беріліп, әрі қарай жүзеге асырылуы үшін тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ басқармасының төрағасы Данияр Есиннің айтуынша, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру үшін қоғам болып бірігіп, көзі ашық, бәсекеге қабілетті жастарды бірлесе тәрбиелеуіміз қажет.

«Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасына 3 жыл және оның басты ұстанымдары көп жағдайда жастарға арналған. Сондықтан жастар саясаты тұрғысындағы мәселелерді шешу және қоғам арасындағы байланысты орнату құнды дүние. Осындай пікірталас алаңдарын ұйымдастырып, жас­т­ар­дың заманауи көзқарасы ар­қы­лы қоғамның түйткілді мәсе­ле­­лерін оңтайлы шешуге әбден бо­лады», деді Д.Есин.

Дөңгелек үстелге Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов, «Жастар» ҒЗИ директоры Аян Сакошев, Парламент Сенаты аппарат жетекшісінің орынбасары Максим Споткай, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы» басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев, Жоғарғы Сот аппараты жетекшісінің орынбасары Нұрсұлтан Байтілесов, Кәсіподақтар Федерациясы төра­ғасының орынбасары Қайрат Жаңабеков, сондай-ақ ғы­лы­ми және шығармашылық қоғам­дас­тықтың өкілдері, қоғам қай­рат­керлері мен сарапшылар қатысты.

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар