«Біз күрделі кезеңді бастан өткердік. Біздің дəрігерлеріміздің кəсіби шеберлігінің нәтижесінде қиын жағдайды еңсердік. Қазір пандемияның екінші толқынына дайындықты бастадық. Аймақта дəрі-дəрмек қоры жасақталды. Стационарлардағы керуеттер саны нақтыланып жатыр. Коронавирусқа шалдыққандарды емдеу өзге ауруы бар науқастардың ем қабылдауына кедергі келтірмейді деп күтілуде. Аймақта 300-ден астам медицина қызметкері жетіспейді. Олардың қатарында реаниматолог, пульмонолог сынды мамандар бар. Сіздер емдеу, кеңес берумен қатар, біздің мамандарымызды қатерлі вируспен нəтижелі күрес үшін дайындауға атсалысады деп сенемін. Біз үшін облыстың екінші толқынға дайын болғаны маңызды» деді Атырау облысының əкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Грузиядан келген дəрігерлердің жатын орны, тамағы мен транспортпен тасымалдау мəселесі шешімін тауып отыр.
«Атыраулық əріптестерімізге көмек көрсету үшін өз тарапымыздан іс-тəжірибемізбен бөлісуге дайынбыз. Жақсы нəтиже көрсетуге тырысамыз» деді Грузиядан келген дəрігер-реаниматолог Джимшер Ахвледиани.
Бүгінге дейін Атырау облысында коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың 11 038 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 10 489 адам сауығып шықты.