Үкімет салық қызметінің жұмысын дұрыс жолға қоя алмауда
Парламент еліміздің негізгі қаржы құжаты – алдағы үш жылға арналған республикалық бюджетті қабылдау табалдырығында тұр. Мәжілісте оның жобасы талқыланған кезде мемлекеттің салық саясатындағы кейбір шетін мәселелерге қатысты «Ақ жол» партиясының ұстанымы басқаларға қарағанда ерекшелеу болды. Осы орайда «Ақ жол» партиясының Парламенттегі фракциясының жетекшісі Азат ПЕРУАШЕВ ақжолдықтардың көзқарасын төмендегіше түсіндірді.
Үкімет салық қызметінің жұмысын дұрыс жолға қоя алмауда
Парламент еліміздің негізгі қаржы құжаты – алдағы үш жылға арналған республикалық бюджетті қабылдау табалдырығында тұр. Мәжілісте оның жобасы талқыланған кезде мемлекеттің салық саясатындағы кейбір шетін мәселелерге қатысты «Ақ жол» партиясының ұстанымы басқаларға қарағанда ерекшелеу болды. Осы орайда «Ақ жол» партиясының Парламенттегі фракциясының жетекшісі Азат ПЕРУАШЕВ ақжолдықтардың көзқарасын төмендегіше түсіндірді.
Оның пікірінше, ІЖӨ-нің бюджет шығыстарындағы номиналды өсімі 12,1 пайызға арттырылған. Әрине, ІЖӨ – ел экономикасы белсенділігі алғышарттарының бірі. Ол әркез Қазақстан табыстарының айғағы ретінде ұсынылып келеді.
Алайда, бұл жайт ел тұрғындарының өмір сапасы мен әл-ауқатының деңгейін шынайы көрсете алмайды. Өйткені, оған Отанымызда өндірілетін өнімнің барлық жиынтығы енгізіледі.
Осы жерде атап көрсететін бір мәселе – ІЖӨ-нің айтарлықтай бөлігін шикізат секторында жұмыс істейтін ірі шетел инвесторларының айналымдары құрайды. Ал олардың табысының негізгі бөлігі Қазақстаннан тысқары кететінін ескерсек, қалған қаржының қарапайым азаматтар өміріне жеткілікті деңгейде ықпал ете алмайтыны түсінікті болса керек. Десек те, жан басына шаққандағы ІЖӨ бойынша, біз Еуропамен теңескендейміз. Бірақ көптеген қазақстандықтардың күнделікті өмірі мұндай статистиканы теріске шығарады.
– Осы тұрғыдан келгенде, қоғамның экономикалық жағдайын сипаттайтын қабылдауға боларлықтай көрсеткіш жалпы ұлттық табыс (ЖҰТ) болып табылады, – дейді А.Перуашев. – ЖҰТ-тың ІЖӨ-ден айырмашылығы сол, ол шетелдік қатысуды есепке алмағандағы және шетелде жұмыс істейтін қазақстандық компаниялардың табысын есепке алғандағы ұлттық экономиканың бағасын көрсетеді. Сондықтан ЖҰТ-ты талдап, сараптау ғана еліміздің бюджет шығыстарын осындай көлемде ұлғайтуға жағдайы көтеретінін не көтермейтінін көрсетуге қабілетті. Бірақ, өкінішке қарай, бізде ондай мәліметтер жоқ. Міне, сондықтан да «Ақ жол» фракциясының депутаттары Үкіметтің бюджет шығыстарын ұлғайту жөніндегі ұстанымын қолдаған жоқ.
Біз депутатқа сарапшылардың ел бюджетін орындаудағы басты қиындық салық жинау екенін көлденең тартатынын білдірдік. Бүгінде көлік пен жылжымайтын мүлікке салықты ұлғайту ұсынылып отырғаны белгілі. Өйткені, бизнес өзінің міндетін дұрыс орындамайды және салық төлеуден басын қандай да жолмен алып қашуға тырысады. Сіз мәселенің осылай қойылуына қалай қарайсыз? – дедік тағы да. Бұған А.Перуашев қоғамда негізгі пікірталас көлік пен жылжымайтын мүлікке салық көлемі қаншалықты көтеріледі деген тұрғыда жүріп жатқанын мәлімдеді. Оның пікірінше, бұл – сөзсіз маңызды мәселе. Алайда аталған құжат, өкінішке қарай, жыл сайын бизнес өтініп отырған қағидатты ережелердің бірде-біреуін қарастырмайды. Олар: жалған кәсіпкерлік проблемалары, есепшоттарды тұтқындау, аванстық төлемдер үшін ақылға қонбайтын айыппұлдар, ҚҚС-ның салалық мөлшерлемелері, т.б. Фракция депутаттары бұл мәселеге талай мәрте назар аударған болатын.
Есесіне 19-бапқа салық органдарына соттарға шағымдануға құқық беретін өзгерістер енгізілді. Осының салдарынан ондаған кәсіпорындар банкроттыққа ұшыраса, жүздеген адам жұмыстарын жоғалтты. Осылайша мемлекет салық төлеушілерден, банктер қабілетті несие алушылардан айырылып қалды. Бүгінде бұл өзгерістердің не үшін енгізілгенін айқындаудың орнына, оның мүмкіндіктерін кеңейту үстіндеміз.
Осы арада депутат атап көрсеткендей, әуелі жұмыс тобы ақжолдықтардың мұндай өкілеттіктерді алып тастайтын түзетулерін қабылдағанымен, салалық комитет қайта дауыс беріп, заң жобасын жасаушылардың редакциясын мақұлдаған. Сондықтан, дейді депутат, мен «не үшін» деген сұрақты қайта қоюға мәжбүрмін.
Сәулебек БІРЖАН.