Өткен аптада Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында шынайы өнерді қолдауға бағытталған бірқатар заң жобасы мақұлданған болатын. Соның ішінде әсіресе музыка кеңістігінде фонограмманы қолдануға қатысты мәселе депутаттардың ғана емес, көпшіліктің де көкейінде жүрген түйткілдің тамырын тап басқандай.
Әлқисса... Ән туралы әңгіме болғанда, еріксіз көмейіне бұлбұл ұя салған Әмірені еске аламыз. Өйткені шын өнердің бағасы кезінде Еуропаны дүр сілкінткен қарапайым қазақтың шыңылтыр үні арқылы талайға аңыз болып жеткен еді.
Дәстүрлі әнші Жүсіпбек Елебеков өз естелігінде Әміренің даусы 8 шақырым қашықтыққа дейін жетті деген дерек келтіреді. Ал қанаттас досы, актер Қалибек Қуанышбаев болса: «Әміре ән салғанда, қандай күшпен, айқаймен бірнеше әндер айтқанда, түсі бұзылмас еді. Күшпен айтатын әндерді айтарда барлық демін бір-ақ жиып алатын. Оң жақ алқымында мойнының қалтасы бар еді. Соған бар демді толтырып алып, үнемдеп шығарып көпке дейін дем алмайтын», – деп әнші даусының алапаттығына таңдай қағады.
Талас жоқ, Әміре – феномен. Бүгінде концертін фонограмманың көмегіне жүгінбесе өткізе алмайтын көп әншінің «таудай талабына» тамаша таразы. Олай дейтініміз, соңғы уақытта техниканың озық жетістіктеріне тым-тым жиі иек артып үйреніп қалған көп әнші киелі сахнаны кез келгеннің шығып жүре берер кезекші орнына айналдырғандай. Өйткені фонограмма – шын талантқа әділ төреші емес. Саф талантты да, әуесқой әншіні де бір деңгейде көрсетіп, тыңдарман талғамын адастырушы десек те артық айтқандық емес. Соның салдарынан тыңдарман жанды дауыста өткен концерт пен фонограмманың мүмкіндігіне жүгінген ән кештерін бірдей деңгейде бағалайтын пұшайман күйге түсіп отыр. Осы себептен де болса керек, фонограммаға қатысты мәселе көптен бері қызу талқыға түсіп, арнайы заңдық нормалармен бекітілуге сұранып-ақ жүр еді. Көп көңілін алаң қылған түйткіл, міне өз шешімін тапқан сыңайлы. Бұдан былай концерт ұйымдастырушылар фонограмма туралы алдын ала хабарлауға міндетті. Оны Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова да «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған Мәжілістің жалпы отырысында ресми түрде мәлім етті.
– Заң жобасы аясында концерт ұйымдастырушылар мен жекелей орындаушылар бұдан былай шығармашылық кештерінде фонограмма қолданатыны жөнінде көрерменді алдын ала хабардар етуге міндетті. Фонограмма пайдалану тәртібі заңға тәуелді актіде айқындалады. Барлық жарнамалық өнімде және кассалар жанында міндетті түрде фонограмманы пайдалану бойынша хабарлама беріледі. Бұл көрерменге фонограмманы пайдаланумен өтетін концертке билет сатып алуды немесе одан бас тартуды таңдауына мүмкіндік береді және билеттің құнына да әсер етеді», деді министр.
Мәдениет министрінің фонограмманы қолдану тәртібіне қатысты ұсынысын Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин де қолдады:
– Меніңше, нағыз өнер ол – айтыс. Айтысқа фонограммамен шығып көріңізші. Онда ешқашан, ешқандай фонограмма болмайды. Сол үшін шығар, халқымыз айтысты айрықша жақсы көреді. «Қисық арба жол бұзады» деп халқымыз айтқандай, өнер әрқашан да таза болуы керек. Әнді жанды дауыста айтқан дұрыс. Ал фонограмма болса, онда оны алдын ала ескерту қажет және билеттің бағасы да соған сәйкес болуы тиіс. Одан кейін халық ол концертке баратынын не бармайтынын өзі шешеді. Әрине концерт жанды дауыста болса, әншіге халықтың бағасы да, құрметі де жоғары болады», деді Н.Нығматулин.
Рас, саф өнерді саралаушының да, бағалаушының да бәсі биік, талғамы жоғары болуы керек. Ол үшін орындаушының да таланты мен талғамы сай болса бек жақсы. Мойындау керек, бүгінде талантпен таласқа түсетін әншілерге қарағанда сыртқы келбет, киім кию мен қымбат бояу жағу сынды өлшемдермен жарысатын әншілер көбейді. Соның салдарынан да талғампаз тыңдарман алдындағы әншілердің бағасы да төмен. Бұл ойымызды КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, аңыз әнші Бибігүл Төлегенова да қуаттады:
– Фонограммаға тосқауыл қоятын уақыт әлдеқашан туған. Халықты қашанғы алдауға болады? Кейбір орындаушыларда ар да, ұят та жоқ тіпті. Бәлен жыл бұрын жазылған әнін айналдырып қойып айта береді, айта береді. Айналайын-ау, бұл деген халықты алдау ғой. Фонограмманы алаяқтықтың бір түрі деп есептеймін мен. Өзің ойлап қарашы, 20 жыл бұрын жазылған дауыс қалай тыраштансаң да бәрібір бүгінгі үніңмен үйлеспейді ғой. Уақыт бәрібір үнді өзгертеді. Мәселен, қазір менің жасыма байланысты дауыс мүмкіндігім келмейтін әндер бар. Оларды орындауға талпынбаймын да. Өйткені уақыт үнге бәрібір өз бедерін салады. Ал мен сол әндерді қазір 30 жасымда жазылған таспа арқылы орындасам, халық қалай қабылдар еді? Өзін өнердің адамы санайтын әнші ең әуелі тыңдарманын, халықты сыйлауы керек. Сонда өзі де сыйлы болады. Мәселен, біздің кезімізде өнер көрсететін жалғыз-ақ сахна болды. Ол – Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры. Сол сахнада Роза Бағланова апаларың микрофонсыз ән шырқайтын. Әрине қазір де әншілер сөйтсін демеймін. Ол мүмкін де емес. Өйткені Республика сарайының техникалық жағдайы оған мүмкіндік бермейді. Ондайда әнші фонограмманы пайдалансын, бірақ қырық жыл бұрынғы даусын емес, қазіргі даусымен орындаса дұрыс болады. Өйткені қазір эстрада әлемінде сондай бір үрдіс белең алып кетті. Әнін бір рет жаздырады да, соны өмір бойы «орындап» шығады. Басқа уақытта қандай киім киемін, сахнада қалай көрінемін, қалай боянамын деген ойлармен әуре. Соның салдарынан да қазір сахнада үні де, келбеті те бір-бірінен аумайтын ерекшеліксіз «қуыршақ әншілер» көбейіп кетті. Қабылданып жатқан заң осыған тосқауыл қойып, шын таланттарды айқындап берсе, қанеки?!
Түйін
Сөз басында ән атасы – Әміре Қашаубаев өнерін бекер мысалға келтірген жоқпыз. Өйткені шын өнердің шыңы сол Әміренің шыңылтыр үнімен ұштастырылса керек. Таза өнер қай кезде де бағалы, қастерлі. Әміре салған ән әлеміндегі әдемі жолды бүгінде араға тура ғасыр уақыт салып Димаштың дара даусы асқақтатып жатса, бұл да жаңа ғасырдағы саф өнердің тұма бастауы деп бағалануға лайық. Әлемді таңдай қақтырған әнші үніне еліктеген келешектің шын таланттары енді мүлдем фонограммаға жүгінбейді деп сенейік. Сонда ғана өнерге орта жолдан қосылған орындаушылардың ортасы сиреп, ән әлемінің әңгімесі басқа ауанда өрбитіні сөзсіз. Ендеше, фонограммасыз саф өнер, шын таланттар жасасын дейік!
Оқиғаға орайлас ой
Көрерменді сыйлау керек
Фонограммамен өтетін концерттер жалпы өнері дамыған елдерде мүлдем болмауы тиіс. Біріншіден, ол – халықты алдау. Мәселен мен осы жасыма дейін мүлдем фонограмма пайдаланып көрген емеспін және фонограммамен өтетін концертке баратын көрерменге таңғаламын. Қарапайым халық тіпті ондай концерттерде әншінің мүлдем ән айтпай тұрғанын елемейтін де сияқты көрінеді кейде. Әнші ең әуелі халықтың талғамын қалыптастыруы керек. Соны ұмытпағаны ләзім. Екіншіден, бұл біздің әншілеріміздің шығармашылығындағы қалыпты жағдайға айналып кеткендей де көрінеді. Концерталды жарнамаға, афишаларға «концерт жанды дауыста өтеді» деп жазады да, ал шын мәнінде кешін фонограммамен өткізеді. Өкінішке қарай, бүгінде оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста өтетін концерттерге қарағанда, фонограммамен өтетін кештер жоғары бағаланады. Бұған міндетті түрде тосқауыл қойылуы керек. Қабылданып жатқан заң осы мәселені тойтаруға септеседі деп сенемін.
Роза РЫМБАЕВА,
Қазақстанның халық әртісі
Бұған біржақты қарауға болмайды
Қабылданып жатқан заң өте орынды. Әйтсе де, фонограммаға біржақты қарауға болмайды деп ойлаймын. Оның да өз пайдасы, қажеттілігі бар. Мәселен, классикалық музыканың өкілдері концерттерін міндетті түрде оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста береді. Сондықтан да классикалық музыка кешіне келген тыңдарман жанды дауыстағы әуеннің әсемдігінен ғана ләззат алып қоймай, сонымен қатар орындаушының да жүрек лүпілін, ішкі сезімдерін сезініп ерекше әсермен қайтады. Осы себепті де фонограмма арқылы өтетін концерттерге қарағанда, жанды дауыста орындалған музыканың бәсі бәрібір биік. Оған ешкімнің дауы жоқ. Әйтсе де, кейбір кездерде телевизиялық бағдарламаларға қатысу қажет болғанда біз бәрібір фонограмманың көмегіне жүгінуге мәжбүр боламыз. Өйткені камера музыканың барлық әуезін, сұлулығын сол қалпында ала алмайды. Сол себепті де студияға барып, қомақты қаржы төлеп, туындыны арнайы жаздыруға тура келеді. Әрине бұл тек телевизиялық түсірілім жұмыстарына қатысты. Басқа жағдайда сахнада өтетін концерттердің барлығы жанды дауыста болғаны дұрыс деп есептеймін.
Жәмила СЕРКЕБАЕВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Сахна тазалықты сүйеді
Мен қашанда концерттің барлығын фонограммасыз, тек жанды дауыста өткізуді қолдаушылардың қатарындамын. Оны үнемі айтып та келемін. Фонограммаға қатысты арнайы заң қабылданып жатқаны қуантады. Бұл шешім алдағы уақытта өнердің өркендеуіне айтарлықтай пайдасын тигізеді деп сенемін. Айтулы ақжолтай хабарға өнердің бір өкілі ретінде аса қуаныштымын. Өйткені өнер – тап-таза әлем. Сахна шынайылықты сүйеді. Сондықтан да өнер жолын таңдаған әншілер мамандығына, кәсібіне адал болуы керек. Ән әлеміндегі адалдық дегеніміз – ол әніңді жанды дауыста орындау. Ондай концерттердің билет бағасы да жоғары болуы керек. Сол арқылы біз тыңдармандарымыздың талғамын қалыптастырамыз. Мақтанғаным емес, жеке шығармашылық концерт тұрмақ, тіпті тойларда да мен әнді жанды дауыста орындаймын. Сол арқылы тыңдарманыма деген құрметімді білдіремін деп ойлаймын. Ал фонограммаға емес, өзіне, ішкі мүмкіндігіне сенетін әнші үнемі бабында болуы керек. Сонда ғана өз биігіңді бағындырып, тұғырыңды айқындайсың.
Медеу АРЫНБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері