Ең қысқа әңгіме • 21 Қыркүйек, 2020

Майданда шыңдалған достық

2514 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Осы уақытқа дейін Екінші дүниежүзілік соғыс тарихында бұрынғы командирінің қазақтың қарапайым ауылына қазақтың қара шалын, бұрынғы қол астындағы сарбазын іздеп келгенін білесіз бе? Ал мұндай оқиға болған. Және менің туған ауылым Ортаққа әкемнің туған інісі Асқар папамды (ол кісіні бәріміз солай атайтынбыз) іздеп келгенін арада тұп-тура 50 жыл өткенде тағы бір мақтаныш сезімімен еске алсам көптік етпейтіндей.

Майданда шыңдалған достық

І. Полтавадан келген хат

 Арада бір адамның ғұмырындай қанша уақыт жылыстап өте шыққанымен, осы оқиғаның бастау негізі – сол бір күн әлі есімде. Онда ауылдағы сегіз жылдық мектептің соңғы сыныбына көшкен кезім. Жаздың іші, бала біткен каникулда. Үй арасында екі-үш-ақ үй, күніне бір амандығымызды біліп кететін Асқар папам бұл жолы қатты абыржыған күйі жылдам басып кіріп келді. Түс мезгілі еді. Анам бәріміз жайбарақат шай ішіп отырғанбыз. Қолында жай конверттен мысы басым авиаконверт. Түрі біртүрлі толқып, өзгеріп кеткен. Мына келісі тегін емес екендігін ішіміз сезе қойып, жалма-жан орнымыздан атып-атып тұрдық.

– О не, қайным, тыныштық па?

Елеңдеген анамыздың да алғашқы сөзі осы болды.

– Жоқ, жеңгей. Мына бір хатты жаңа пошташы Гүлсина Украинадан деп қолыма ұстатып кетті. Онда кім бар?!. Соған жүрегім лүпілдеп, Қайыркешке оқытып алуға (мені еркелетіп осылай атайтын) сендерге қарай тарттым,– деді даусы дірілдеп.

Сұраулы жүзбен бәріміз қайта үстел басына жайғастық. Мен де іле конверттің сыртына бір қарап алып, «о, о, Полтавадан!» деп, таңданыспен хатты ашуға кірістім. Ол кезде жағырапия пәнінен кеңес елінде біз білмейтін рес­публика, қала бар ма?!. Іші бір нәрсені сезді ме, Асқар папам болса, әлі сол толқыған, дегбірсіз қалпы. Қолымыздан оған дейін, одан кейін де ондаған хаттар өткені анық. Бірақ ол кезде жаңа шығып жатқан шарикті қаламмен жазылған сол бір хатты ұмытқан емеспін. Әлгі жерде өзімше дауыстап оқуға кірістім. Папам болса, торкөз дәптердің қос парағына ентелеп, бар ынта-зейінімен одан көзін алар емес.

«Қымбаттым менің, қайдасың, барсың ба бұл өмірде? Сені іздеп бұдан бұрын да хат жазғанмын, өзіме қайта қайтып келді ол хат. Әлде маған тас­тап кеткен адресіңді ауыстырып, басқа жерге қоныс аудардың ба? Майданнан елге қайтқан солдаттар қарасы көп, сен де эшелонға әзер мініп кетіп едің ғой. Жолда жазатайым бір нәрсеге ұшырап қалдың ба деп те қорқамын. Құдай одан сақтаса еді. Есімнен бір шықпайсың. Тағы да өзімде сақтаулы бұрынғы адресің бойынша сені іздеп, осы хатты жазып отырмын. Аман болсаң, бар болсаң, тезірек бір хабарыңды бер. Асыға тосамын. Сағынышты сәлеммен, өзіңе мәңгі қарыздар қарулас командирің Алексей Слюсарев».

Міне, өшпестей есімде қалған, осы күні сарғайып біткен түпнұсқасынан аударылған, бір сөзінің де жалғаны жоқ хаттағы жазылған жайдың тоқетері осы. Шала хат танитын папам-ай! Қос жанарынан жас парлап, кәдімгідей жылап отыр. «Мені ұмытпаған Сашкем-ай» дейді қолымнан қайтып алған хат пен конвертті қайта-қайта көкірегіне басып. Әрі-бері қарағыштап, жазуын сипап, аударыстырып, ойға кетеді де, тағы көзіне жас алады.

Сол сәттегі үйреншікті тірлігімізді өз­гертіп жіберген мына тосын хат оны оқы­ған маған да, басқаларына да таңсық еді.

– Папа, папа, Слюсарев деген кім? – дейміз не де болса, бәрін тезірек біліп алғымыз келіп.

– Ол ұрыс даласынан мен құтқарып, алып шыққан командирім ғой.

– Қалай алып шықтыңыз? Қалай құтқардыңыз? Қай жерде?–деп сұраймыз тағы да сауалдан сауалды жаудырып.

– Е, ол ұзақ әңгіме, құлындарым. Мен соғыста санинструктор болдым ғой. Санинструктор деген оқ тиген біздің әскерлерді жарасын таңып, қауіпсіз жерге алып шығады. Санчастьқа апарып, дәрігерлерге тапсырады. Сашке командирімді де кескілескен шайқаста жау оғынан ес-түссіз жатқан жерінен солай алып шығып, көрер жарығына себепші болып едім. Бәсе, іздеген екен ғой. Мен де «қайда екен, бар ма?» деп іздемеді, ойламады дейсіңдер ме? Бәрі мына іште ғой, іште…

Мінезі баладай, көңілі даладай, кең­қолтық папамның сол екі көзі жасаураған қалпы жүрек тұсына қолын апарып, өз өмірінің бір парқына бойлатқан сондағы сөзін терең түйсіндік пе екен онда. Қанша айтқанмен әлі баламыз ғой.

Содан «Асқардың майдандағы досы табылыпты» деген ақжолтай хабар сол күні-ақ ауылда ауыздан ауызға тарап кеткен. Кешкісін ет асылып, ағайын-туыс «құтты болсын» айтуға папам үйіне ағылсын. Ас арасында әрине, ол кісінің асықтыруымен Полтаваға хат та жазылған. Хатты оқуын оқып бергенімізбен, мұндай жауапты іс бізге қайда?! Қаруласының аман-есен бар екенін, расында көп жыл Көкшетау облысы Чкалов ауданының Октябрь селосында тұрып, бертін ғана ауылға оралғанын, хатты алып, ақ түйенің қарны жарылып жатқанын өзіндей соғыс өртін белуардан кешкен кенже інісі, екі тілге бірдей мәттақам Көпей ағам тәптіштеп тұрып жеткізген.

 

ІІ. Қауышқан құшақтар

Сол хабар үлкен сапардың басы болып, арада бес-алты хат жүргеннен кейін Полтава жағы қоярда қоймай, папам жолға жиналды. 1971 жылдың жазы. Үстінде қара шұғадан китель үлгісімен тіктірген су жаңа кәстөм, басында сондай бір қаралық шляпа. Қоржыны сәлем-сауқатқа толы, бүкіл ағайын-туыс болып шығарып салдық.

Содан Украинада аунап-қунап бір ай жатты. Аэропортта күтіп алғаннан аяғын жерге тигізбей, бүкіл тарихи-мәдени орындарды аралатқан, өздері майдан жолымен жүріп өткен жерлерге, қаза тапқан қаруластар басына апарған. Көктем-күзде екі тізесі сырқырап, аяғы бастырмай қалатын еді. Соған дейін дәрігерге көрсетіп, емдеткеніне не дерсің. Келгенінде соның бәрі қолдан қолға өткен бір-бір сырлы фотосурет еді. Арасында өзі сабақ беретін Полтава жоғары әскери командалық байланыс училищесіне алып барған кездесуге дейін бар.

– Қазақстаннан келген қарулас досым деп сахнаға алып шыққанында, бүкіл зал ду қол шапалақтап тұрып алды. Аэропорт басында да екеуіміз жылап көрісіп, жылап қоштастық,–деуші еді, жарықтық.

Басқа базарлық өз алдына, «ауырған аяғыңа жылы болсын» деп беріп жіберген қонышы ұзын, жұп-жұмсақ, қолдан басқан қарағайдай қара пиманы айтсайшы. «Сашкемнің бергені» деп кисе де, көзден таса қылмай, күтіп киетін.

Қос майдангер достығы осылай хат-хабармен жалғасып жатты. Келесі жазда енді қарулас досын елге папам шақырды. Көңіл кең болғанымен, баспана жағы тар, ескілеу еді. Сол кезде сирек жылтыр сырды тауып, еден мен есік-терезені жайнатып, қора-қопсы, албардың бәрін лезде түзеп берген кеңшар директоры Иван Шкуринский мен бөлімше басқарушысы Орынбай Әлжанов ағамызға рахмет. Не керек, «Асқардың майдангер досы келгелі жатыр» деп бүкіл ауыл дүр-дүр етеді. Ақыры сол қуанышты күн де келіп жеткен. Төргі бөлмеге жайылған кең дастарқан. Ағайын-туыс, елдің үлкендері мен шаруашылық басшылары. Подполковник, кеудесінде үш Қызыл Жұлдыз ордені, әскери киімдегі Алексей ағамызға тост берілді. «Не айтар екен» деп көз алмай, есік жақта алып-ұшып тұрмыз. Асқар папамның сол бір ерлігінің кілті мына отырғандарға сонда ашылған.

– Мен соғыста рота командирі едім. Жаудың дзотын жоюға бұйрық алып, екі күн бойы қарша бораған оқтың астынан бас көтеру оңай соқпаған. Қайткенде де, дзотты жоймаққа қарамағымдағы жауынгерлерді кезекті бір шабуылға көтере бергенімде, ауыр жараланып, ес-түссіз құлаппын. Содан қансырап, өлім аузында жатқанымда, бас көтертпейтін оққа қарамай, жаныма жер бауырлап осы Асқар келіп, қауіпсіз жерге алып шығыпты. Настоящему сыну казахского народа, тебе Аскар, я жизнью обязан. И за это с огромным желанием приехал к тебе, мой спаситель…

Адам деген жақсылықты бұдан асырып қалай айтушы еді. Орыстың асыл азаматы ауылдың біркелкі өмірін ажарландырып жіберген сол бір екі аптада. Күнде қонақ, күнде шақырыс. Облыс орталығы Көкшетау, көрікті Бурабай. Папамның соғыс көрген туған інілері Хасен, Көпей ағаларымыздан бастап, ауылдағы көзі тірі әрбір майдангер бір-бір қойдың басын тартып, сирек қонағына төрін ұсынып қалуға бар. Ара-арасында жұмыстағы Орал ағам келіп, домбырасын тартып, өнері жеткенше біраз шүйіркелесіп, көңілдерін аулап кетеді.

Екі арада хатпен бірге посылка да жүруші еді. Папам түтінге салып, не тұздап жылқы мен қойдың жылы-жұм­сағын жіберсе, ол жақтан жеміс, үнді шайы, киім-кешек келетін. Бұл бір бұ­рын-соңды біздің жақ кезіге қоймаған екі ұлт өкілінің, екі майдангердің араға қаншама жыл салып, бір-бірін іздеп тапқаннан кейінгі өле-өлгенше керемет бір достығы еді.

 

III. Парыз жалғасы

1982 жылы қайтарынан сәл ғана бұрын папамызды қиырдағы сол Пол­таваға және бір сапар шектіртіп, екеуі де майдангер – Сашкесі, Зоясымен ди­дарластырып, қазақша айтқанда, бақұл­дастырып келген қандай құдіретті күш екен?!. Келді де Отаны, қарулас досының алдында соңғы парызын өтеген солдаттай 73 мүшелінде бір-ақ күнде жүрек талмасынан кете барды. Артынша «мен де ауырып жатырмын, әттең ұшып барар едім, дәрмен жоқ» деген командирінің телеграммасы жетті…

Ойлап отырсам, мен де әскерде санинструктор болған екенмін. Өзімді жақсы көріп, көп еркелеткен сол папам­ның жолын жалғастырғаным ба бұл, кім білсін. Өзі де талайды оқ астынан алып шықса, алып шығатындай де­нелі, зор кісі еді. Санитарлық ротаға тек­тен-тек түспегенінің, ажал аранына қару­ласын қайраттанып бермегенінің де бір мәнісі осында жатса керек. Тарихта біз жазған осы достықпен аты қалды. Қайтқаннан кейін өзімізге қараған алты үйге командирімен түскен суретін бір-бірден үлкейтіп алған едік. Өткен күннен ендігі ескерткіш сол.

Шіркін, сондағы Полтаваға да бір сәтін салып жол түсіп, өзін қанды шай­қаста тура келген ажалдан арашалап алып қалған қазақ солдатын хан кө­теріп өткен орыстың арда ұлы Алексей Нико­лаевич Слюсаревтің да басына бір тәу етіп келсе артық болмас еді!..

 

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

 

Көкшетау