Аймақтар • 21 Қыркүйек, 2020

Үрейге бой алдырмаған жөн

236 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әлемде қауіпті індеттің зардабын тартып, күрделі кезеңді бастан кешпеген ел қалмады. Кейбірі карантин режімін қайта енгізіп, сақтықты нықтай бастады. Демек, екінші толқынның қайталану ықтималдығы арта түскендей. Елімізде коронавирус инфекциясы өршіген өңірдің бірі – Атырау. Мұнда қос өкпесіне дем жетпей, бір жұтым ауаға зар болған науқастарға жылы сөзімен де, шипалы емімен де демеу болар дәрігерлердің де, жанға батқан сырқатын сәл де болса жеңілдетер дәрі-дәрмектің те тапшылығы байқалды. Сол кезде Мемлекет басшысының өзі Атырауға жедел жәрдем ұйымдастырып, Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша қауіпті індеттің таралуын тежеу үшін нақты іс-шара қолға алынды.

Үрейге бой алдырмаған жөн

 

Дайындық барысы қалай?

Ал қазір мұнайлы өңірде коронавирус инфек­циясының екінші толқынына дайындық қалай өрбіп жатыр? Алдын алу шаралары қол­ға алынды ма? Облыс әкімі Махамбет Досмұ­хамбетовтің мәлі­мет­інш­е, дәрі-дәрмектің жеткі­лікті қоры жасақталыпты.

Дегенмен аймақта әлі 300-ден астам медицина қызметкері жетіспейді. Олардың қатарында реаниматолог, пульмонолог сынды мамандар тапшы. Олай болса, өңірдегі дәрігерлердің біліктілігін арттыру үшін не істеген жөн?

– Біз күрделі кезеңді бастан өткердік. Дəрі­герлеріміздің кəсіби шеберлігінің нәтижесінде қиын жағдайды еңсердік. Қазір пандемияның екінші толқынына дайындықты бастап кет­тік. Аймақта қажетті дəрі-дəрмек қоры жа­сақ­­талды. Стационарлардағы керуеттер са­ны да нақтыланып жатыр. Коронавирусқа шал­дыққандарды емдеу өзге ауруы бар нау­қастардың жоспарлы ем қабылдауына ке­дергі келтірмейді деп күтілуде. Аймақ дәрі­герлері­нің біліктілігін арттыру үшін консультация да, басқа әріптестерімен тәжірибе алмасу да керек. Сол себептен Грузиядан бес дәрігер шақырып отырмыз. Олар атыраулық әріптестеріне қауіпті індетке шалдыққандарды емдеуге байланысты кеңес берумен қатар, біздің мамандарымызды қатерлі вирусқа қарсы нəтижелі күрес жүргізу үшін дайындауға атсалысады. Біз үшін облыстың екінші толқынға дайындығы маңызды болып отыр,  – деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов

Грузиядан келген дəрігерлердің бірі Джим­шер Ахвледианидың пікірінше, басты мәселе – үрейге бой алдырмау. Содан соң нау­қас­тар­ға хаттамаға сәйкес, ем жүргізуде дәлдік қажет. Дәрігерлер мен орта буындағы медицина мамандарының арасында әріптестік ынтымақтың да алар орны ерекше болмақ. Жалпы медицина саласының мамандарының науқастарды емдеудегі үйлесімді жұмысы ғана нақты нәтижеге қол жеткізеді.

– Біз атыраулық əріптестерімізге көмек көрсету үшін өз тəжірибемізбен бөлісуге дайынбыз. Кеңесімізді тек Атырауға келгенде ғана берумен шектелмейміз. Қазіргідей технологияның, соның ішінде бейнебайланыстың дамыған дәуірінде кеңесімізді берудің мүмкіндігі артып отыр. Сондықтан біздің екіжақты әріптестік байланысымыз нəтижелі боларына сенемін, – дейді грузиялық дəрігер-реаниматолог Джим­шер Ахвледиани.

 

Дәрігерлердің еңбегі еленді ме?

Өңірде қауіпті індеттің салған ылаңы аз емес. Оны тұрғындар да, медицина қыз­мет­керлері де көрді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаровтың мәлімдеуінше, коронавирус пен вирустық пневмонияны жұқтырған атыраулықлықтардың арасында 1085 медицина қызметкері де бар. Оның ішінде коронавирус жұқтырған 561, вирустық пневмония диагнозымен 524 медицина қызметкері тіркеуге алынды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәй­кес коронавирус инфекциясымен күреске жұ­мылдырылған медицина қызметкерлеріне нау­рыз-тамыз айларында төленген үстемеақының көлемі 2 млрд 145 млн теңгені құрады. Нақ­тылай айтқанда, 79 медицина қызметкерінің әрқайсысына 2 млн теңгеден үстемақы төленді. Қауіпті індеттің салдарынан 13 медицина қыз­меткері көз жұмған еді. Оның алтауы коронавируспен, жетеуі вирустық пневмонияны жұқтырып алғаны анықталды. Қайтыс болған екі медицина қызметкерінің әрқайсысының отбасына 10 млн теңгеден берілді. Бұл бағыттағы жұмысты арнайы комиссияның отырысында қарау жалғасады, – дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров.

Қазір өңір тұрғындарын емханаларға тір­кеу жалғасып жатыр. Басқарма басшысының айтуынша, Атырау облысында тұрғындарға 20 медициналық мекеме қызмет көрсетеді. Оның ішінде 15-і – мемлекеттік, ал бесеуі – жеке иеліктегі медициналық мекеме. Өңірде  651 703 адам тұрады. Қазір оның  647 837-сі емханалардың тіркеуіне алыныпты. Оның ішінде 18 жасқа дейінгі жасөспірім мен баланың саны 244 322-ні құрайды. Ауылдардағы емдеу мекемелеріне 356 524 адам тіркеліпті.

Сондай-ақ, облыстық ауруханада, №2 об­лыс­тық жұқпалы аурулар ауруханасында, кар­­диологиялық орталық пен Құрманғазы, Жылы­­ой, Қызылқоға аудандық ауруханаларында ор­талықтандырылған оттегі стансасының құ­рылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Енді Индер, Исатай аудандық ауруханаларын­да да осындай оттегі стансасын орнатуды қар­жы­ландыру мәселесі қарастырылып отыр.

 

Атырау облысы