Экономика • 22 Қыркүйек, 2020

Жол бойындағы сервисті дамытады

189 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Нұрлы жол» мем­лекеттік бағдарламасының аясында 2025 жылдың соңына дейін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 297 санитарлық-гигиеналық торап орнатылмақ.

Жол бойындағы сервисті дамытады

Бұдан бөлек, жеке инвес­ти­ция­­лар­дың есебінен санитарлық-гигиеналық торабы бар 128 жанармай құю бекетін салу жоспарланып отыр.  Мемлекет басшысы Жолдауда коронавирус індетіне қарсы күреске барлық күш-жігерді жұмылдыру қажеттігін айтқан болатын. Соны­мен қатар «Жол бойындағы сервис­ті дамыту мәселесіне» ерекше тоқ­талып, Үкіметке тиісті тапсырмалар жүктегені белгілі. 5 жыл ішінде атқа­рылатын жоғарыда айтылған жұ­мыстар Жолдау жүктеген міндет­тердің үдесінен шығуға бағытталған.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметі:

– Биыл қайта жаңарту жұмыс­та­рының аясында Шортаңды – Зе­ренді, Қарағанды қаласының айнал­ма жолы, Нұр-Сұлтан – Павлодар, Жетібай – Жаңаөзен, «Нұр-Сұлтан қаласының айналма жолы, Ұзынағаш – Отар, Өскемен – Рахман қайнары мен Петропавл – Қорған автожолдарында 22 санитарлық торап қойылады. 2021 жылы 40 санитарлық-гигиеналық торап, 2022 жылы – 50, 2023 жылы – 55, 2024 жылы – 65, 2025 жылы 87 санитарлық-гигиеналық торап  орнатылады, – деп хабарлады.

Сонымен қатар 2025 жылдың соңына дейін халықаралық және рес­публикалық маңызы бар жолдардың бойында жеке инвестициялардың есебінен санитарлық-гигиеналық торабы бар Compass, ҚазМұнайГаз, Helios, Sinooil және Kaztransgas сияқты компаниялардың 128 жанармай құю бекеті бой көтереді.

Бүгінгі таңда Алматы – Қорғас, Алматы – Ташкент, Самара – Шым­кент, Ақтөбе – Мартық, Нұр-Сұлтан – Теміртау, Алматы – Өскемен, Екатеринбург – Алматы мен Доссор – Ақтау теңіз порты автомобиль жолдарында 18 жанармай құю бекеті салынуда. Жол бойындағы сервисті дамыту мәселесі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министр­лігі Автомобиль жолдары коми­тетінің басты назарында.