Алдымен аймақ басшысы Әйтек су торабында болды. Осыдан 16 жыл бұрын «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы аясында салынып, қолданысқа берілген құрылғы өзен ағысын реттеп, Сырдария және Жалағаш аудандарындағы егіндік алқаптарды сумен қамтамасыз етеді. Былтыр секундына 750 текше метр су өткізетін құрылғының бетон дуалдары зақымдалып, техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланған еді. Осыған байланысты облыстық бюджеттен 38 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, дуалдар 13 мың тонна таспен бекітілді. Бірақ бұл уақытша шара еді. Мамандар сол тұста қос ауданның қажетіне жарап тұрған су тоспасы апатқа ұшыраса, мыңдаған гектар қаңсып қалып, 31 мың адам тұратын 7 елді мекенді су басуы мүмкін екендігін баса айтқан. Осы жылы облыс басшысы Гүлшара Әбдіқалықова мәселені Үкімет алдында көтеріп, су торабын толық қалпына келтіруге республикалық бюджеттен 700 млн теңге бөлінді.
– Ендігі мақсат осы қаражатты дұрыс игеріп, су торабын қалыпқа келтіру жұмыстарын сапалы істеу. Бұл аудан басшысының тұрақты назарында болуы тиіс, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Осы аудандағы Ақжарма ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында айтарлықтай жұмыс жасалып жатыр. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде ауылдағы жалпы ұзындығы 13,6 шақырым болатын 9 көшені орташа жөндеуге 614 млн теңге қаралыпты. Мұнымен қоса, ауылдағы 4 көшені жарықтандыруға, 3 көшеге темір бетонды лоток орнатуға қаржы бөлінген. Аймақ басшысы аудан әкімі мен мердігер компания жетекшісіне жөндеу жұмыстарын тездетіп аяқтауды және сапалы орындауды тапсырды.
Бұл ауылда екі ірі шаруашылық бар. Екі құрылым да елді мекендегі әлеуметтік мәселелердің оңынан шешілуіне, ауылды гүлдендіруге үлес қосып келеді. Мысалы, былтырғы Жастар жылына орай «Ақжарма 2» фермерлік қожалығы жастарға жалақы төлеп, саябақ салуға жұмылдырған. Қазір ауыл ортасында жайқалып тұрған Жастар саябағы осы еңбектің нәтижесі.
Қожалық «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамынан 56 млн теңгеден астам несие алыпты. Оған Чехиядан арнайы күріш тазалағыш құрылғы әкеліп, іске қосты. Қазір қырманда бұрынғыдай ала шаңға көміліп, жанталасып жатқан жұрт жоқ. Шаруаның бейнетін жеңілдеткен құрылғы өз тиімділігін көрсетіп тұр. Аппарат сағатына 50 тонна күріш тазартады. Шаруашылықты әртараптандыру арқылы 2023 жылға дейін күріш ақтайтын зауыт, пастерленген сүт зауыты, жылыжай және көкөніс қоймасын салу жұмыстары жоспарланыпты. Аймақ басшысын атқарып жатқан жұмыстармен таныстырған шаруашылық жетекшісі Марат Бисенов биыл 2000 гектарға күріш егіп, қазір оның тең жартысы жиналғанын айтып өтті. Өнім гектарына 60 центнерден айналуда. Фермерлік қожалық 2017 жылдан бері әртараптандыру бағытында 350 гектарға алма ағашын еккен. Осы жылы бақтан алғашқы өнім алынды.
Сапар аясында облыс басшысы «Шаған Жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі №1 өндірістік бригадасының егіс алқабында болды. Серіктестікте 350 адам жұмыспен қамтылған.
Ал Нағи Ілиясов ауылындағы «Мағжан и К» серіктестігінің қырманында сағатына 5 тонна күріш тазаланып, екі ауысымда 40 адам жұмыс істейді. Биыл 5 мың гектардан астам алқапқа күріш сепкен диқандар қазір жартысына жуығына орақ салған. Ауылдың әлеуметтік мәселесін шешуге сергек қарайтын азаматтар шаруашылықтағы жұмысшылардың жағдайына да қарайласып тұрады.
– Қазіргі басты мәселелер егін жинау науқаны мен қысқы мезгілге дайындық болып тұр. Бұл жұмыстар ұдайы бақылауда тұрады. Жалпы, ауданда күріш 30 пайыз жиналған. Науқан уақтылы бітеді деп жоспарлануда. Ал аудандық аурухананың жылу жүйесінде бірқатар мәселе болғаны рас. Бүгінде оны жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазандықты ауыстырып, жылу құбырларын жаңарту 10 қазанға дейін аяқталуы тиіс, – деді облыс әкімі сапар соңында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
ҚЫЗЫЛОРДА