Таным • 22 Қыркүйек, 2020

Алаштың бір асылы Ағабек еді...

217 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

«Өткендерін еске алған – өскендіктің белгісі,

өткендерін ұмытқан – өшкендіктің белгісі».

                                                      Халық мақалы

Алаштың бір асылы Ағабек еді...

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қазақ ұлты ту сонау ежелден не көріп, қандай қилы-қилы қиын заманды басынан өткермеді дейсіз. Қазіргі сәулетті, егеменді тәуелсіздіктің арайлы күндеріне жету үшін, қаншама  ақиық азаматтарымыз кемелді болашақ үшін өз бастарын бәйгеге тігіп, өмірін қиып, жер жастанды. Егер олар қайсарлықпен, қажырлықпен тіресіп, халқының жарқын болашағына сеніммен қарап, күреспегенде біз тәуелсіздікке жетер ме едік?

Алашорда автономиясының 90 жылдығына орай «Алаш ісі» бойынша қатігез жазалау науқанының алғашқы тергеу ісіне қатысты мақалаларды мерзімді басылымдар жариялады. Сол мақалаларды оқып отырып біз ертеректегі қара құлақ қариялардың аузынан естіген «Алашорда» үкіметі туралы, оның қайраткерлерінің бірі болған сарысулық Ағабек Байдуллаев жайлы аздап болса да хабардар болатынбыз. Тіпті 1962 жылдың жазында «Ағабек ақталыпты» деп жұбайы Бибігүл апа мен ұлы Шамғали (бұл күндері екеуі де фәни дүниеден озған), жақын ағайын-туысқандары Сарысу ауданының Қаратау жотасындағы Көкжон өңіріндегі Үшбас аулында өмір тауқыметін бір кісідей көріп, тағдыры соқыр  саясаттың арқасында тәлкекке түсіп отқа оранған ердің есімін еске алып, көпшілік бас қосып ас беріп, құран оқытып, ұлтының жарқын болашағы үшін  өмірден озған азаматтың рухына бас игеніміз де есте қалыпты.

Бірде кітаптарды ақтарып отырып жазушы Дүкенбай Досжановтың «Абақты» деген кітабы қолға түсті, ол  халқымыздың белгілі қайраткері, ұлт мақтанышы  Жүсіпбек Аймауытов туралы жазылған деректі дүние екен. Автор сол шығармасының 190- бетіндегі  жолдарда былай деп жазады:

«...Абақтыдағы айыпкер адамдарды топ-топ етіп, ісін тіркеп, тергеуді біттіге санап, Мәскеуге, Бутырка абақтысына жөнелтуге әзірлей бастаған.

№6 іс бойынша  арнайы қаулы шығарған. Ол қаулының қазақша көшірмесі төмендегінше.

 

Қ А У Л Ы

1929 жылғы  16 тамыз,  Алматы қаласы.

«Мен, Біріккен саяси басқарма Шығыс бөлімінің Қазақ КСР-і бойынша өкілетті өкілі Саенко, №6 тергеу ісімен таныса келіп, төмендегі адамдар туралы:

  1. Байтұрсынов А.     10.Жұмабаев М.
  2. Дулатов М.             11.Байтасов А.
  3. Әділов Д.                12.Байтілеуов Д.
  4. Болғанбаев Х.        13.Кәрібаев Н.
  5. Жәленов К.             14.Байдуллаев А.
  6. Аймауытов Ж.        15.Әділов Асқар.
  7. Есболов М.             16.Құлмұратов Т.
  8. Омаров Е.               17.Байділдин Ә.
  9. Жүсіпов А.               18.Бірімжанов Ғ.

 

ТАПТЫ:

Алдын ала тергеу ісі қажетінше толық жүргізіл­ді, сондықтан Қылмыстық кодекстің 207- статьясын басшылыққа ала отырып:

Қаулы   етеді:

№6 іс бойынша алдын ала тергеу аяқталды. Бұл туралы жоғарыда аталған айыпкерлерге хабарлансын.

Шығыс бөлімі бастығының көмекшісі

Саенко (қолы)».

 

Күтпеген жайда белгілі Алаш азаматтарының тізімінің қатарында жүрген А.Байдуллаев есімі бізді еріксіз елең еткізді. Бұл біздің жерлесіміз – сарысулық Ағабек Байдуллаев болуы керек деген үміт оты жылт ете қалды.   

Содан, оның анық-қанығына жету мақсатында «Ізденген жетер мұратқа» деп іздестіру, анықтау ісіне тәуекел айтып кірістік. Қолымызға қалам алып Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстық департаменттеріне «Сіздерде азамат Ағабек Байдуллаев туралы қандай мәліметтер бар?» деген сұрау жолдадық. Көп ұзамай Алматы қаласының ҰҚК Департаментінен мынадай жауап хат алдық (оны қаз-қалпында, яғни орыс тілінде жариялағанды жөн көрдік):

«Сообщаем, что в ДКНБ РК хранится архивное уголовное дело производства 1929-1930 годов прошлого века, по которому проходит Байдуллаев Агабек, 1902 г.р., уроженца ауыла №3 Сары-Суского района Сыр-Даринского округа.

Как следует из материалов дела, Байдуллаев А., работая в УРО (возможно уголовного розыска) Сыр-Даринского округа, 03.04.1928 года был арестован, однако летом этого года из под стражи сбежал. Вторично был арестован органами ОГПУ Казахстана 17.12.1928 года и постанавлением Тройки при ПП ОГПУ в Казахстане от 04.04.1930 г., по статье 58-11 и 82 УК РСФСР (за связь с контрреволюционной организацией Алашординцев, участие в вооруженном сопротивлении экспедиции по проведению конфис­кации байских хозяйств и побег из мест заключения), осужден на пять лет концлагерей.

На основании ст.1 Указа Президиума Верховного Совета ССР от 16 января 1989 года «О допольнительных мерах по восстановлению справедливости в отношении жертв репрессий, имевших место в период 30-40-х и в начале 50-х годов», заключением прокуратуры Казахской ССР от 30.08.1991 г. Байдуллаев А. реабилитирован.

Архивное уголовное дело в отношении Бай­дуллаева А., производства 1937 года, хранится в ДКНБ РК по Костанайской области, куда рекомендуем обратиться по интересующим Вам вопросам.

Начальник подразделения Департамента  С.Аносов. 06.11.2007 г. № П-695».

Уақыт суытпай Қостанайға хат жолдадық. 2007 жылдың желтоқсанының соңына қарай ҰҚК-нің Қостанай облысы бойынша департаментінен  мынадай анықтама келді (оның түпнұсқасын сақтап орыс тілінде беріп отырмыз): 

«По материалам архивного уголовного дела, хранящегося в Департаменте КНБ по Костанайской области,  проходит Байдуллаев Агабек, 1902 года рождения, казах, уроженец аула №3 Сарысуского района Южно-Казахстанской области. До арес­та жил в п.Денисовка Джетыгаринского района Кустанайской области, работал заведующим Райторгом.

Байдуллаев А. имеет высшее образование, ранее окончил Русско-Туземное училище, с 1928 года находился под следствием, 4 апрлеля 1930 года органами ОГПУ осужден по статье 58-10,11 и 82 УК РСФСР к 5 годам ИТЛ. Наказание отбывал в лагере на Беломорском канале. В п.Денисовку прибыл в 1936 году из Киргизии.

Арестован 4 ноября 1937 года Джетыгаринским РО НКВД по Кустанайской области по обвинению в том, что являясь членом антисоветской националистической организации, систематически вел вредительскую подрывную деятельность в области торговли, умышленно срывал снабжение трудящихся района остродефицитными товарами. Заседанием тройки УНКВД по Кустанайской облас­ти от 20 ноября 1937 года по ст.  №58  п.п. 2, 7, 10, 11  УК  РСФСР осужден к высшей мере наказания – расстрелу. Приговор приведено в исполнение 23 ноября 1937 года.

Постановлением Президиума Кустанайского областного суда (№ 4 у-17с) от 4 января 1962 года решение тройки УНКВД от 20.11.1937 года в отношении Байдуллаева Агабека и других проходящих по делу лиц отменено и дело производством прекращено за отсутствием в их действиях состава преступления.

На момент ареста Байдуллаев А. имел следущий состав семьи:

- жена Бибигуль,

- сын  Шамгали,

- мать Анафия, проживала в г.Ташкенте.

Сведений в отношении отца в деле не имеется.

Начальник СГА ДКНБ РК по Кустанайской области                                                             В.Данин.  

11.12.2007г. № и/6 – 5583.»

Сөйтіп, әлгі хаттармен танысып, жоғымызды тапқандай ерекше күйде болып, «кезінде «Алаш» партиясының негізін қалап, оның белсенді мүшелері болған, «Алашорда» үкіметінің тізгінін ұстаған ұлтымыздың белгілі ақиық тұлғалары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Смағұл Сәдуақасов тәрізді азаматтармен  иық тіресе еңбек еткен асыл азамат Ағабек Байдуллаевтың біздің Жамбыл облысының Сарысу өңірінде жақын кімі қалды, кімдер оны біледі екен» деген ой қаузадық.

 Бұл сұрақтарға жауап табу жеңіл жұмыс болған жоқ. Өйткені оның замандастары бұл күндері қатарымызда жоқ. Көп жылдар Саудакентте (бұрынғы Байқадам селосы) тұрған Ағабекпен бірге тар жол, тайғақ кешуді басынан өткізген жан жары Бибігүл апа мен  оның жалғыз баласы Шам­ғали (кезінде жергілікті аудандық автобазада жүргізуші болған) біраз жыл бұрын о дүниелік болып кетіпті. Олардан қалған ұрпақ  өмір қыспағына түсіп, біреулері көрші жатқан Шымкентке асып, екіншілері Тараз шаһарына ауысып, Жаңатас өңірінде тіршілік етіп жатыр екен. Олардың бірнешеуімен жолығып, мандымды дерек тауып, құнды мәлімет ала  алмағанымызға өкіндік.

– Бибігүл апайдың көзі тірісінде көп жылдар бойы көрші болып, араласып тұрдық. Апай шешіліп көп сөйлесе бермейтін, біреудің ісіне жөн-жосықсыз араласпайтын,  мінезі салмақты да сабырлы, жүрегі мен ойы таза, өте ұстамды, парасатты, келбетті  кісі еді. Жарықтықтың бүкіл болмысынан  бұрынғылардың ақылды бәйбішелеріне тән жақсы мінездің исі аңқып тұратын. Сөйтсек, кезінде білмеппіз, ол апаның пейілі дархан, сүйегі асыл жақсы жан екен-ау. Ұлтымыздың мақтан етер талай азаматтармен кезінде дастарқандас болғанының өзі, біле білсек, керемет ғажайып дүние емес пе?!

Кейде көңілі келсе қолында ерте кезден сақ­талып келе жатқан уақытпен сарғыш тартқан фотосуреттерді ақтарып «Мына үстел басында жа­қы­нырақ отырған Сәкен Сейфуллин, арырақта отырған Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Ду­латов, ал мынау менің күйеуім марқұм Ағабек, оның оң жағындағылар Жүсіпбек Аймауытов пен Дінмұхамед Әділов» деп сыр шертер еді. Бірақ біз, жастығымыздан болар, оларға мән бермей, одан әрі суыртпақтап, әңгімеге қозғамайтынбыз. Әттең, қатар жүріп, ол кісінің ішкі сырын, кеудесінде сайрап жатқан қымбат қазынаны кезінде көңілімізге тоқи алмағанымыз өкінішті. Алтынның сынығы, ескінің көзі Бибігүл апай да  90-жылдары дүниеден өтті де кетті. Оның ішкі сыры да өзімен бірге кетті..., – деп еске алатын Бибігүл апаның онда­­ған жыл көршісі болған, жаны жанатта  шалқығыр марқұм шешеміз Бақтылы Үсенқызы Тұрлыбекова.

Сол фотосуреттерді табуға біз де біраз әурелен­дік. Бірақ, өкінішке қарай, олардың кімнің қолында қалғаны белгісіз, бар болғаны, қолымызға іліккені сіздер­дің  назарларыңызға бүгін ұсынылып отырған Ағабек ағаның жеке фотосуреті ғана  болды.

Бізге жеткен деректер бойынша Ағабек Бай­дул­лаев 1902 жылы қазіргі Жамбыл облысының Са­рысу ауданының Қаратау сілеміндегі, халық Көсегенің Көкжоны деп білетін Үшбас аулында дүниеге келген. Жастайынан ойы зерек Ағабек дүбірлі Қазан революциясы жылдарында қыр асып, оңтүстіктегі қатарлас жатқан үлкен шаһар Шымкентке барып, білім жолына түсіп, сол жердегі орыс-түзем училищесін тәмамдағаны белгілі. Одан кейін Ташкент қаласындағы Орта Азия университетінде білім алған (қай факультетті бітір­гені бізге әзірше беймәлім – автор). Сол жылдары  қазақ халқының зиялы азаматтарымен танысып, олармен көп жылдар қоян-қолтық араласқан, саяси-ұйымдастыру  қызметтер атқарып, ұлттық мүдде үшін күрескен.

Кезінде Түркістан қаласындағы мақта зауыты­ның директоры, қалалық атқару комитеті тө­раға­сының орынбасары қызметінде болып, кейінірек Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер басқармасын (облыстық милиция бөлімін) басқарыпты деген деректер бар. Жиырмасыншы ғасырдың 20-жылдарының соңына қарай  елі­мізде етек алған қуғын-сүргін, негізсіз жала А.Бай­дуллаевты да айналып өтпейді. Ол 1928 жылдың сәуір айында  «Алашорда» қозғалысының мүшесі» деген жаламен абақтыға жабылады. Одан жерлесі Дінмұхамед Әділовтің көмегімен қашып шығып, туған өлкесі – Сарысу ауданының Талас бойындағы Мойынқұм мен Көкжондағы Үшбас арасында ауылдарға тығылып, бірер ай бас сауғалайды. Бірақ ОГПУ мен НКВД-ның «белсенді» қызметкерлері қалмай ізіне түсіп, қуғыншы қарулы жасақ ұйымдастырып, 1928 жылдың желтоқсанында оны қайта қолға түсірді. Екі «қашқынды» (Мұқыш Әділұлы мен Ағабек Байдуллаевты) Әулиеатаға алып келеді. Жеңіл-желпі жүргізген тергеуден кейін, уақыт оздырмай,  оны басқа да қазақтың белді тұлғаларымен – сая­си тұтқындармен топтастырып Мәскеудегі атышулы «Бутырка»  түрмесіне жеткізіп, НКВД-ның қызметкерлерінің көмегімен тағылған айыптары сол жерде «мойындатылып», 1930 жылы сот шешімімен 5 жыл арқалап кете барады.

Жоғарыда Қостанай облысының ҰҚКД берген ресми анықтамасында Ағабектің ол жылдарды «Беломор» каналының құрылысында өткергені баяндалған. Қиындыққа қайыспаған ер елге аман-есен  оралып, бірер жыл өзінің туған өлкесі оңтүстікте қызмет істеп, одан кейін Қырғызстанның мемлекеттік сауда саласын басқарады.  Ал 1936 жылы Қостанай облысының Жетіқара ауданының қалалық сауда бөліміне қызметке жіберіліпті. Сол мекемені басқарып жүргенінде оны НКВД қызметкерлері 1937 жылдың қарашасының 4-і күні «халық жауы» деген жаламен тұтқындайды. Оның «бұрынғы істерін есепке ала отырып» 20 қараша күнгі «үштіктің» шешімімен 58-10 бабы бойынша ату жазасына кесіледі. Бұл үкім, уақыт суытпай, 23 қараша күні іске асырылады. Ағабектің сол кезде небәрі 35 жасқа жетпеген кезі екен-ау!  

Ағабектің жұбайы Бибігүл апай жастай қалған жалғыз ұлы Шамғалиды жетектеп, күйеуінен бір хабар болар деген үмітпен бармаған жері, ашпаған есігі жоқ. Ташкент, Алматы, Шымкент қалаларындағы үш әріптен тұратын мекемелердің талайының есігін қақты, Мәскеуге жалынып-жалбарынып ондаған хат жолдады. Барлығы дұрыс жауап беруден жалтарып, «жауабын кейін береміз, күтіңіз» деп ауыздарын құрғақ шөппен сүртіп шығарып салумен  болды. Тек кейінірек «Сіздің жұбайыңыз «халық жауы» ретінде атылды» деген хабар келді.

Алматы қаласындағы техникумда оқып жүрген ұлы Шамғалиды «халық жауының баласы» деп оқу­дан шығарып, одан әрі оған білім алуға мүм­кін­­шілік бермейді. Ешбір жұмысқа орналаса алмай қи­налғаннан соң тілеулестерінің ақылымен  жақын ағайындары Амантайдың есімін фамилия ретінде алып, «Амантаев Шамғали» атанып кетеді. Уақыт оза, «Адам үш күннен соң көрге де үй­ренеді» – дегендей кейін оның құлағы бұл фами­лияға да үйреніп кетті. Со­дан, оларды көп жылдар «халық жауының әйелі», «халық жауының ұлы» деп еш қызметке жақындатпай, өмір­дің та­лай суығы мен ыстығын көріп, талай адам сен­гі­сіз қиямет қиындықтарды бастарынан өткерді.                                                                                                                                              Өткен ғасырдың 50-жылдарының соңына қарай Бибігүл апа күйеуінің атамекені Сарысу ауданының орталығы Саудакент (Байқадам) селосына көшіп келіп, жапанда қалған жалғыз ұлы Шамғалиды ағайын-туыстарына, ел-жұртына жақындатып, үй­лендіріп, «Алла, осы күнімізге де тәубе. Әй­теуір Ағабектен қалған жалғыз тұяғымды аман ете көр. «Орнында бар оңалар» деп қазақ бекер айтпайтын шығар. Үрім-бұтағы жоғалмай, Ағабектің шаңырағының оты сөнбесін!» деп Жаратушы Иемізге жалбарынып, алдында бас иіп, шүкіршілік жасап жүріп   ұлынан біраз немере сүйді. Көнекөздердің естерінде Бибігүл апаның мына бір өлеңдері қалыпты.

Дұшпан күліп, дос жылар қайғы түсті,

Ешкімге кез қылмасын мұндай істі.

Тағдырға тән берумен жүреміз де

Дерт-қайғы тұс-тұсынан қонған күшті»
деп көз жасын сығып-сығып алып, ауыр күрсініп, неме­релерін бауырына басады екен жарықтық.

 1962 жылы «Ағабек ақталыпты» деген жылы хабар жеткенде жақсының жарқын бейнесін көз алдына елестеткен  Бибігүл апа дауыс шығарып, көз жасы көлдей ағыл-тегіл болып, егіле, сөгіле ұзақ жылағаны жақындары мен көршілерінің әлі есінде.

–  Ағабекті еске түсіргенде көңілім әлем-жәлем болып, жүрегім шаншып,  сай-сүйегім сырқырайды. Қиын-қыстау жылдары ел билеп, халық үшін жар құлағы жастыққа тимей қызмет еткен абзал аза­мат­тың сүйегі бұл күндері қай жерде жатқаны да белгісіз. Ақ жауып, арулап қойылмады да. Оған кімд­і кінәлаймыз... Уақыт солай болды.  Ой, зұлмат заман-ай десеңші! – деп отырушы еді жарықтық Би­бігүл апа терең мұңға оранып.

Өкінішке қарай, кезінде «Алаш» қозғалысының бел­сенді мүшесі болған, халқымыздың талай бел­гілі тұлғаларымен  қоян-қолтық араласқан, ой-пікір­лер бөліскен, ел-жұртымыздың жарқын болашағы үшін аянбай  тер төккен, тіпті өмірін қиған асыл азамат Ағабек Байдуллаев туралы жалпы көпшілік (өкініштісі, бүгінгі жерлестері де ұмыт қалдырып барады) осы күнге дейін  біле  бермейді, тарихшы-зерттеушілер де еске түсіре бермейді. Бұл, сірә, артында іздеушісі, сұраушысы  болмағандықтан  болар...  

Репрессияға ұшырап, жазықсыз жазаланып, кеселді кезең құйынындағы «қызыл қырғынның» құрбаны болған  боздақтың есімін  Сарысу ауданының орталығы Жаңатастағы және облыс орталығы Тараз  қаласының бір көшесіне берсе орынды болар еді.  Ол бүгінгі ұрпақтың  ұмытылмас борышы. 

 Елім деп өткен ер азамат Ағабек Байдуллаевтың есімі  ескерусіз қалмау керек!

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург,

медицина профессоры,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 

ТАРАЗ

Соңғы жаңалықтар