Сондай жауапты қызметте жүрген жерлесіміздің бірі Сәлда Құрман облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясында 1990 жылдан бері еңбек етеді. Ол жоғары оқу орнын заңгер мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолында жетекші маман, инспектор, аға инспектор, шұғыл топтың өкілі секілді түрлі қызмет баспалдақтарынан өтті.
Бір жылдары Алматы, Жамбыл, Қарағанды секілді үш облыс иелік етіп отырған, ұзын тұсы 750 шақырымды құрайтын Балқаш көлінің инспекцияға қарасты оңтүстік-батыс бөлігіне басшылық жасады. Қазір де осы аумақтағы мекеменің бас маманы ретінде еңбек жолын жалғастыруда.
2020-2021 жылдары шілдеден шілдеге дейінгі мерзімде Жамбыл облысы бойынша барлығы 1150 тонна 755 кило балық аулауға рұқсат беретін лимит бөлініп отыр. Бұл былтырғы межеден көптеу. Бір айта кетерлігі, өңірімізде балықтың басым дені де Балқаш көлінің облысымызға қарасты бөлігінен ауланады. Атап айтқанда, 923 тонна балық аулау міндеті осы су айдыны аумағындағы 18 учаскеге тиесілі.
– 2014 жылдан бастап балықты ғана емес, өңіріміздегі жануарлар мен өсімдіктер дүниесін де бақылап, қорғау ісі құзырымызға берілді. Сөйтіп атқаратын жұмысымыз бұрнағысынан да күрделене түсті. Осы орайда Президентіміз былтырғы Жолдауында «Браконьерлер ұлттық байлығымыз – табиғатымызға аяусыздықпен орны толмас зиян келтіруде» деп, тиісті тараптарға қаскөйлермен күресті күшейтуді тапсырған болатын. Ол жұмыстар да Үкімет назарынан тыс қалған жоқ. Әсіресе, заң талаптары қатайтылғаны табиғат қорғаушылар үшін үлкен көмек болды. Бұдан былай заңсыз аң аулаған адам 3 жылға бас бостандығынан айырылатын болса, бір емес, бірнеше рет браконьерлік әрекетке барған тұлғаның бас бостандығынан айырылу мерзімі 4 жылға дейін ұзартылды. Ал жануарлар дүниесін қорғап жүрген мемлекеттік инспекторларға қатысты зорлық-зомбылық көрсетілген жағдайда құқық бұзушы 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сөз жоқ, жазалаудың күшейтілгені арам ойлылардың да аяғын абайлап басуына әсер етеді.
Ал Мемлекет басшысының күні кеше жарияланған Жолдауында Үкіметке алдағы уақытта «Жануарларды қорғау туралы» заң жобасын әзірлеуді тапсыруы сала қызметкерлері арасында зор серпіліс туындатып, оларды жаңа еңбек жетістіктеріне жігерлендіріп отыр. Отанды, елді сүю де, табиғатты қорғаудан бастауын алып жатса игі, – дейді ол.
Аталған инспекция қызметкерлерінің аң, құстың, балықтың болсын қалыпты тепе-теңдігін сақтай отырып, саны кемімеуін, өсімі молаюын қамтамасыз етудегі, табиғи байлығымыз ортаймауы жолындағы еңбектері ұшан-теңіз. «Қызыл кітапқа» енген жануарлар мен өсімдіктерді қорғау, қасқыр, шибөрі секілді жыртқыш аңдар саны реттелуі мен балық шаруашылығымен айналысатын су айдындарында балық аулау тиісті тәртіпке, лимитке сәйкестігін тексеріп, қадағалап отыру ісі де солардың мойнына жүктелген.
Табиғи байлығымызға – жануарлар әлеміне ашкөздікпен қол салып, түрлі қылмысқа бару көбеймесе, азаймай отырғаны екінің біріне белгілі. Міне, мұндай қаскөйлер биылғы алғашқы жартыжылдықтың өзінде еліміз бойынша табиғат-анаға 1, 6 млрд теңге көлемінде залал келтіріп үлгеріпті. Сәлда Қасымжанұлы да осындай әрекеттерге қарсы күрес өздері атқаратын жұмыстың ең маңыздысы деп санайды.
Оның айтуынша, өзінің қадағалауындағы су айдыны аумағында былтырғы жылдың он екі айы ішінде балықты рұқсатсыз аулау бойынша 30 заң бұзушылық анықталып, табиғатқа залал келтіргендерге 441 875 теңге көлемінде айыппұл салынды. Өкінішке қарай, адамдардың заңсыз балық аулауға құмарлығы әлі де тыйылмай тұр. Биылғы сегіз айда заң бұзушылыққа жол берген тағы да 15 азаматқа әрекеттеріне сәйкес хаттама толтырылып, олардың мойнына 243 670 теңге сомасында айыппұл жүктелініпті. Браконьерлер тарапынан табиғатқа келтірілген шығын да толықтай өтелген.
С.Құрман қазір де, міне, осындай абыройлы істің алғы шебінде жүр. Жуырда ғана ел Президентінің «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Бұл сала ардагеріне көрсетілген лайықты құрмет болды.
Баймаханбет АХМЕТ,
журналист
Жамбыл облысы,
Мойынқұм ауданы