Қоғам • 23 Қыркүйек, 2020

Тіліміздің бағын байлап тұрған кім?!

1136 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Конституциясында анық жазылғанындай, мемлекеттік тіл біреу, ол – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – тәуелсіздікті нығайтудың, еліміздің елдік, халықтық сипатын сақтап қалудың және қоғамдық келісімнің ең басты кепілі болып саналады.

Тіліміздің бағын байлап тұрған кім?!

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Тіл – қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Ұлт­аралық келісім өзара жарасымын тапқан тату елміз. Ол – достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс-берекенің алды, ұлттың әрі жаны, әрі ары. Тіл жай сөз емес, өмірдің талай сынынан өткен, өскелең талаптарға сәйкес өрістей түскен толыққанды ақиқат десек, жаңылмаспыз. Тілсіз қоғамның қандай түрі болса да өмір сүре алмайды, ол тілдің өзі қоғам бар жерде ғана пайда болып, өмір сүреді. Демек, қоғамнан тыс, бөлек тіл жоқ.

Қазіргі таңда «қазақ тілін оқы­ту», «қазақ тілін үйрету» немесе «мем­­­лекеттік тілді оқыту» деген сөз­дер қа­тар­ласа айтылып жүр. Бі­­рін­шіден, осы­лардың аражігін айыры­п алайық. «Қазақ тілін оқыту» – бала­бақ­шада, мек­тептерде жоғары оқу орындарын­да қазақ тілі арнайы оқы­тылып, тіл ғы­лымы бойынша сауатты оқып, жа­­зуға машықтанады. «Қазақ тілін үйрету» – тілді мүлдем біл­мейтін өзге ұлт өкілдеріне, сонымен қатар өз ана тілін білмейтіндерге қа­тысты жүр­гізілетін әрекет. Бұл әре­кетте сөйлеуге, айтқанды түсініп, жаз­ған­ды оқи алуға және сауатты жазуға үй­ретеді.

«Мемлекеттік тілді оқыту» деге­німіз – мемлекеттік қызметкерлердің күнделікті еңбек қарым-қатынасында жиі кездесіп отыратын сөздер мен ресми іс қағаздарда қолданатын сөздерді, мамандығына қарай салалық – кәсіби сөздерді үйрету. Сауатты оқып, жаза білу үшін грамматиканы қоса оқыту. Мемлекеттік тілді оқытудың тағы бір ерекшелігі, әдеби тілдің нормасындағы көнерген сөздер, сирек қолданыстағы сөздер, бір қолданыстағы сөздер болып саналатын лексикалық элементтер, сондай-ақ бейнелі, образды фразеологизмдер, қарапайым лексикаға тән тұлғалар, ауызекі сөйлеу стилінің тілдік элементтері қолданылмайды.

Жалпы адам баласы тілді екі түрде үйренген: бірі – табиғи тілдік ортада, екін­шісі – арнаулы ұйымдасқан оқу ар­қылы игерген. Екеуі де тиімді, екеуі де тіл үйреткен. Әсіресе, тіл­дік ортада тіл үйрену өте тиімді. Мы­салы, бүл­діршіндердің тілді орыс балабақ­ша­сында не ауладағы орыс балаларымен ойнап жүріп-ақ үйренуі. Әскери борышын өзге ұлт өкілдерімен өтеген ауыл ба­ласы тіпті ана тілін ұмыта жаздап келеді.

Ал қазіргі таңдағы тілдік ортаның жайы айтпаса да түсінікті. Сонда тілдің ба­ғын байлап тұрған кім? Бұған жауап біреу-ақ, ол – өзіміз. Тіл саясаты жайын­да көп айтылып, жазылып келеді. Тіл үшін жасалып жатқан шаруа­лар да аз емес. Тіл үйренем деушілерге Мә­де­ниет министрлігінің Тіл комитеті, Ш.Шаях­метов атындағы «Тіл-Қазы­на» ұлттық ғылыми-практикалық ор­та­лығы, А.Байтұрсынов атындағы Тіл институты тарапынан қаншама бағ­дар­ламалар мен жобалар жасалуда. Бөлініп жатқан қаражат та қомақты, алайда ұшы-қиыры жоқ бір шеңберді мардымсыз айналып, жүріп келеміз. Тілімізді таңдайымызға қондырып, санамызға сіңіріп, жүрегімізге жаттатып беретін не өзі жоқ, не көлеңкесі жоқ бір құдіретті күшті іздеп жүрген сияқ­тымыз.

Мемлекеттік тілді өмірдің бар­лық саласында қолданып, аясын ке­ңейту жолында әрбір азамат өзінің азаматтық міндетін атқаруға тиіс. Ол үшін тіл бі­луді мақсат тұтып, ал­дына талап қо­йып, айрықша көңіл бөліп, аянбай ең­бектенсе, мем­ле­кеттік тілді меңгерері анық. Тілді оқып-үйреніп сертификат алған қыз­мет­керлерімізден жарты жылдан соң тағы тест жұмысын алсақ, білім көр­сет­кіші алдыңғы деңгейінен төмен болып шығады. Неге? Себебі алған білі­мін іс жүзінде қолданбайды. Ме­кемелерде мемлекеттік қызметшілер іс қағаздарын мемлекеттік тілде өздері ресімдемейді. Аудармашыға арта салады. Неге? Себебі басшы тарапы­нан әр қызметші өз құжатын өзі рәсім­десін деген талап қойылмайды. Меке­мелердегі лездеме, жиналыс, кеңестер мем­лекеттік тілде өтпейді. Неге? Се­бебі ұжымдағы бірді-екілі өзге ұлт өкілдері түсінбейді. Осылайша, сыныққа сылтау табылып, тілімізді тиісті биігіне шығара алмай келеміз.

Тіл мәселесі Ата заңымыз бен Тіл за­ңында тайға таңба басқандай анық та айқын жазылған. Енді бізге қандай заң, қандай қаулы керек? Қо­лы­мыздағы бар мүмкіндікті пайда­лана алмай отырмыз және оған тек өзіміз ғана кінәліміз. Кеңес заманында санамызға сіңіп қалған құлдық психологиядан құтыла алмай келеміз. Үлкен болайық, кіші болайық әлі күнге ауыз толтырып, ассалаумағалейкумнің ор­нына «приветіміз» оңай. Әкешім дегеннің орнына «батя» дегеніміз оңай болып тұр, ең бастысы, тілімізді сынды­рып, жүректерімізді жылытқымыз кел­мейді.

Мемлекеттік қызметшілер бір-бірі­мен қазақ тілінде сөйлеспесе, қызмет барысында күнделікті іс қағаздарын өздері мемлекеттік тілде рәсімдеуге машықтанбаса және ол басшы тарапынан ұдайы қадағаланбаса, қоғамда, ұжымда тілге деген қажеттілік болмаса, қайтіп тілімізді тұғырына қонды­рамыз? Сондықтан, ең әуелі, Қазақ­станның әр азаматы қай ұлт болсын, өз ана тілін білуді өзінен бастаса екен деген ұсынысым бар.

Бүгінгі тіліміз кешегіден, ертеңгі тіліміз бүгінгіден әлдеқайда артық бол­сын, ағайын! Ұлт айнасы – тілімізді қа­дір­леп-қастерлеп, халыққа адал ең­бек етіп, тіліміздің туын жықпай, биік ұс­­тап, тіл мәселесін көтеруге атсалы­сайық!

 

Қаратай ТӨЛЕКЕЕВ,

Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығының басшысы