Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында халықтың тыңғылықты білім алуына, еңбек етуіне, өсіп-өнуіне, әлеуметтік мерей-мәртебеге жетуіне көбірек көңіл бөлінген және оның жер-жаһанға зор қауіп төндірген пандемияға қарсы күрес кезеңінде әлеуметтік дамудың объективті алғышарттары белгіленген. Пандемияның жалпыәлемдік құбылысқа айналуы мен әлемдік ахуалдағы өзгерістер халықтың көңіл күйіне, тұрмысына, тағдырына оңай тимеді. Жаңа жағдайдағы Қазақстан мемлекетінің іс-қимылы патернализмге негізделген, бұл – әділетті әлеуметтік мемлекет болудың алғышарты. Мемлекеттік жұмыстарға білікті кадрларды тарту, еліміздегі моральдық-психологиялық ахуалды жақсарту мақсатымен халыққа қосымша игіліктер (жеңілдіктер, еңбек, демалыс жағдайын жақсарту) берудегі жақсы бастама. Бұл мемлекеттің жаңаша әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу нысаны, халыққа көрсететін қамқорлығы мен қайырымдылығында байқалатын идеология. Оның формалары қоғамның жалпы әлеуметтік тәртібі және мәдениетімен анықталады. Олар әртүрлі өркениеттерге тән. Қазіргі кезде әлемде мемлекеттік патернализмнің шығындары өте үлкен. Орташа алғанда, дамыған 20 ел үшін азық-түлік бағасын реттейтін субсидиялар үй шаруашылығының азық-түлікке кететін шығындарының жартысын құрайды. Ал Жапонияда субсидиялар азық-түлік құнының 80%-ын құрайды.
Патериалистік мемлекетке айналу маңызды
Бұл арада айта кететін бір мәселе бар. Еліміздің «әл-ауқат мемлекетінен» біртіндеп «патерналистік мемлекетке» айналуы қазіргі заманғы мемлекеттік реттеу жүйесінің эволюциясындағы ең маңызды үрдістің бірі. Мемлекет тарапынан мәдени-әлеуметтік саладағы және экономиканы қолдауға бағытталған барлық міндеттемелердің орындалуының жай-жапсары саясатшыларды қатты толғандыруда. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 1 трлн теңге бөлінетін болды. Көптен бері көзден таса жүрген әлеуметтік төлемдерді индексациялау жұмысы жалғасын табады. Сондай-ақ осы бағытта 2023 жылға дейін шамамен 1 трлн теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр. Бұл саяси тұрғыдан өте орынды. Қоғам мен адамның құқы күшейе түспекші. Сондықтан жалпақ әлеуметтің уақытша табыссыз қалған 4,5 млн-нан астам өкіліне 42 500 теңге мөлшерінде көмек берілді. «…Бұған 450 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды». Адам капиталын дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестицияның қарқыны да, көлемі де ұлғаятын болды. Дағдарысқа қарсы жедел шаралар және түпкілікті шешімдер топтамасы тұрмыс тапшылығын тартып отырғандардың, қалың бұқараның артқан үмітін ақтайды деп сенеміз.
Қандай жаңалықтан да жұрт жақсылық күтеді. Жастар көп үміт артады. Жаңа жағдайдағы экономикалық дамуды қалай қамтамасыз етпекпіз? Мұндай сауалға жаңа Жолдау қалай және қандай жауап беріп отырғанын мамандар сараптап жатыр. Жолдау айтарлықтай қоғамдық ой-пікір тудырды, оның мазмұны бойынша кең қоғамдық талқылау бүкіл елде әртүрлі деңгейде өтіп жатыр. Қоғамдық қатынастарды заман талабына сәйкес жаңғырту мен нарықтық экономикалық қатынастардың таңдауын уақыттың өзі жасады. Бұл халықтың тағдырын әртүрлі кездейсоқтықтан аман сақтап қалуға, жағдайдың алды-артын жан-жақты таразылап, дұрыс таңдау жасауға мүмкіндік береді.
Жолдау аясында жастар, келешек ұрпақ мәселелері өте кең және жан-жақты қарастырылған. Жолдауда жастар қоғамның әлеуметтік-экономикалық процестерінің белсенді қатысушысы және субъектісіне айналуы керек делінген. Жұмыссыздықпен күрес ең алдымен жастарды жұмыспен қамтып, нарыққа баулумен, сол арқылы демографиялық мәселелерді шешуге жұмсалатын болды. Әсіресе жас отбасының өркениетті дамуына жағдай жасауға ерекше назар аударады, мемлекет пен әлеуметшіл қоғамның көптеген мәселесін шешеді: дәстүрлерді және отбасылық құндылықтарды сақтау; көпбалалы отбасының құндылықтары; демографиялық мәселелерді шешу; тұрғын үйге қолжетімділік. Таратып айтсақ, халықты табысы мол еңбекпен қамтамасыз етіп, жағдайын түзеп, басын көбейтер, демографиялық, әлеуметтік, бағдарламалар түзіп, іске асыра бастасақ, қоғамдық ахуал да түзеледі.
Президент бастамасымен оқу-ағарту, денсаулық сақтау және басқа да кейбір салалардағы еңбекақының көбейтілуі төлемдік-қайырымдық жүйенің тынысын кеңейтеді. Кезеңдік міндеттердің қандай екенін халық алдын ала біліп, оның қалай жүзеге асып жатқанын қадағалап отыруға жағдай туды. Салымшыларға зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану үшін мүмкіндік беру мәселесі таяу жылдардағы және ұзақ мерзімдегі міндеттерді сындарлы жүйеге келтіреді. Бір айта кететін жағдай, дер кезінде қолға алынған жұмыссыздықпен күрес, ең алдымен, жастарды жұмыспен қамтып, сол арқылы демографиялық қиындықтарды жеңілдетуге орайлас шешілетін болды. Әйтпесе, уақытша тауып берілген жұмыс орны, азғантай мал-мүлік халықты табыссыздықтан, бюджет тапшылығынан біржолата құтқара алмайды. Бұл, әсіресе, қазіргі пандемияға байланысты аса қиын тарихи кезеңдегі ерекше маңызды нар тәуекел. Мемлекеттік билік жауапкершілікті өз қолына алып саяси ерік көрсетуге мәжбүр болып отыр. 2021 жылдың өзінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге жұмсай алады немесе басқарушы компаниялардың иелігіне береді. Біздің еліміздің жаңа экономикалық бағыты ақылға қонымды, адамдарға ұғымды жеті түпқазық қағидаға негізделетін болады. Бұл – экономикалық қарым-қатынастарды барлық тараптың мүдделерін мұқият ескеріп, осы заманға лайықтап қайта құруға талпынған үміт. Сонымен қатар осы реформа еңбек қатынастарын ашық әрі заңды жүргізіп, зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыратын пәрменді құралға айналады деп ойлаймын. Өз бетінше баспана мәселесін шешуге табысы жетпейтін азаматтарға тиімді әлеуметтік көмек көрсетілетін болады. Ойда жоқта орасан қарқын ала бастаған пандемияның даму процесін ырықтан шығарып алмауға мейлінше зор үлес қосады.
Қазіргі Қазақстан мемлекетінің мақсаты – қоғамды сақтау
Мемлекеттік патернализм (лат. paternus – әкелі, отандық), мінез-құлық экономикасы мен мәжбүрлеу (ықпал ету) əдістері
Әлемдік қоғамдық пікірде әлденеше рет қолға алынған ықпал ету әдістерін біздің мүддемізге қолдануға болады. 2010 жылы Дэвид Халперн басқаратын британдық Министрлер кабинетінің кеңсесінде «ықпал ету» құрылған. Британ экс-премьер-министрі Д.Кэмерон, Америка Құрама Штаттарының экс-президенті Б.Обама мінез-құлық экономикасының идеяларын белсенді қолданды, халыққа арналған жолдауларында бірнеше рет сілтеме жасады. Олардың ең жақын кеңесшілерінің мақсаты – мінез-құлық экономикасын дамыту арқылы «елді түрлендіру» еді. «Тырысу» саясатының басты насихаттаушыларының бірін президент Б.Обама АҚШ-тың фискалды бақылау департаментінің ақпарат және реттеу жұмыстары бөлімінің бастығы етіп тағайындаған. Ол федералдық деңгейде АҚШ-тың барлық атқарушы билік органдарының бақылау қызметін қадағалады. Министрлер кабинеті мінез-құлық саясатын әзірлеу жөніндегі топ құрды және мінез-құлық тәсілінің басты маманы Р.Талер бейресми кеңесші рөліне шақырды. Саясаткер Д.Кэмеронның пікірінше, мінез-құлық экономикасы – «азаматтарды өздеріне және қоғамға тиімдісін таңдауға сендіре алатын» тамаша механизм. Сөйтіп, олар дегеніне жетті. Экономистердің жаңа идеялары саясаткерлер мен көпшіліктің санасын жаулап алды. Р.Талер «Итермелеу теориясы» деп атаған құбылыс бизнесті басқаруға және корпоративті мәдениетке, денсаулыққа, қауіпсіздікке, қоршаған ортаға және адам ресурстарына қатысты қолданыла бастады. Бұндай бастамалар өз нәтижесін берген. Кремний алқабының жетекші компаниялары қызметкерлердің еңбек өнімділігін арттыру үшін ынталандырудың итермелеу теориясын қолданады.
Ендеше, «патернализм» адамның еркіне қарсы кез келген үшінші тұлғалардың (мемлекет, отбасы) араласуына, оның позициясын жақсартуға және өзіне өзі зиян келтіруге жол бермейді деген ойға негізделген. Мемлекеттің «әкелік қамқорлығы» халыққа қатысты бюджеттік шектеулер: салықтар, субсидиялар, трансферттердің көлемін өзгерту арқылы көрсетіледі. Тұтынушылардың егемендігіне ешқандай қол сұғушылық жоқ, өйткені соңғы шешімді жеке адам өзі қабылдайды. Оларға ешқандай рецепт берілмейді және мемлекет бюджеттік шектеулердің өзгеруіне қалай әрекет ету керектігін өзі шешеді.
Патернализм (мемлекеттің әкелік қамқорлығы) қазынаның немесе отбасылық бюджеттің мөлшерімен анықталмайды. Кедей отбасындағы балаларға да әкесі қамқорлық жасайды емес пе? Патернализмнің өз теориясы, тарихы бар. Өткен ғасырда да, Азамат соғысы жылдарында Кеңес мемлекеті шаруалардың жылдық өнімінің 1/15 бөлігін азық-түлікке бөліп отырды. Соның нәтижесінде қала халқын, оның ішінде дворяндар мен буржуазияны да аштықтан құтқарды. Әрине, бұл патернализмнің экстремалды көрінісі. Патернализмге балама ретінде қолданылатын «атаулы көмек» туралы уәделер әлеуметтік демагогия. Себебі, «атаулы көмек» алуға заңды түрде құқығы бар адамдардың барлығы субсидияны дер кезінде ала алмайды. «Субсидия алу құқығын» тексеру және оны тіркеу қымбатқа түседі, тіпті шенеуніктер кедейлерге көмектесуге дайын болып тұрса да бюрократиялық кедергілер көп. Қоғамның ең кедей бөлігінің бюрократиялық кедергілерді жеңіп, заңды субсидия алу үшін сауаттылығы, дағдылары мен ақыл-ой күші жетпеуі мүмкін. Сондықтан Швецияның бұрынғы премьер-министрі Олоф Пальме сынды саясатшы айтқандай, халық ішінде мұқтаждардың үлесі көп болса, экономика салаларына субсидия беру арқылы табысын теңестіру мемлекетке арзан түседі. Бұл сөздің де жаны бар болса керек. Себебі, субсидия алу процесі адамды кедей деп танытатын, оның әлсіздігін заңдастыратын, қоғамның бай және кедей болып бөлінуін күшейтетін символикалық акт. Керісінше, мемлекеттік патернализм (мысалы, жалпыға бірдей білім беру, денсаулық сақтау, қауіп-қатерден қорғау) қоғамды «кедей-бай» болып бөлінуінің қарама-қайшылығын айтарлықтай төмендетеді. Қысқаша айтқанда, бірде-бір қоғам мемлекеттік патернализмсіз өмір сүре алмайды. Бұл халық тарапынан мемлекетке деген адалдықты, ортақ мүдделер үшін ынтымақтаса білуді және тілектестікті дамытады.
Сонымен қатар Жолдауда халыққа жұмыс, бюджетке табыс беретін өндіруші бизнесті дамыту жолдары айтылды. Енді жұмыссыздықты жою қолға алынып отыр. Сол арқылы бюджеттік түсімдер ең шетін әлеуметтік қиындықтарды біртіндеп жеңілдетуге, жағдайы төмен отбасылардың әл-ауқатын оңалтуға бағытталады. Жолдау жұртшылықтың болашаққа деген бұрынғы нық сенімін арттырып, оптимистік көзқарасын оятуға бірден-бір негіз болды.
Уақыттың ең негізгі өлшемі – нәтижелі аяқталған іс. Қазір Президент маңыз беріп отырған бұл мәселелердің шешімін табу үшін жауапкершілік пен еңбекқорлық қажет. Бұл ең алдымен қоғамдық санамызға, әрқайсымызға тікелей байланысты мәселе.
Ләззат СПАНҚҰЛОВА,
экономика ғылымдарының докторы