Қоғам • 23 Қыркүйек, 2020

Виртуалды вирус

594 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әлемді әбігерге салған індеттің қар­қынын әзірге әлеуметтік арақашықтық сақтап қана әлсірете аламыз. Шарасыздан жасалып жатқан бұл қадамның кері әсері – оқшауланған жұрттың қарым-қатынасын онлайн байланыс қамтама­сыз етіп, интернетке тәуелділік шама­дан тыс асып кетті. Сондықтан гаджет­тен қашықтық ұстаудың да маңызы арта түсті.

Виртуалды вирус

«Таяқтың екі ұшы бар» дегендей, таяқ болған соң оның қай ұшы да оңай тимейтіні анық. Төтеннен келген індеттің ілмегіне түсіп қалмау үшін көпшіліктен іргемізді барынша аулақ ұстап баққанымызбен, бұрыннан бар «ауруды» одан сайын қоздырып жіберген сияқтымыз. Бұл жерде ауру дегенді бұдан былай тырнақшаға алып жазудың да қажеті жоқ. Өйткені өткен жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы компьютерге тәуелділікті ресми түрде аурулардың халықаралық статистикалық классификациясына қосты.

ДДҰ бұл жаңа ауруды Дүниежүзі­лік денсаулық сақтау ассамблеясының 72-сессия­сында тіркеді. Аталған шешімді 194 қа­ты­сушы қолдаған. Адам компьютерлік ойын­дармен әсіре әуестеніп, өмірлік құнды­лық­тарды құнттамай, отбасылық, әлеумет­тік, білім, кәсіби тұрғыдан ауытқу­шы­лық­тар байқалса, мұндай белгілер ауру­дың симптомдары ретінде танылады.

Осылайша онлайн тіршіліктің опа таптырмас ойын-сауығымен күрес күшейе бастағанда жаһанды жаһаннамға айналдырып жібере жаздаған жойқын вирус келіп, барлық дүнияуи мәселелерді бір шетке ысырып қойды. Тіпті ДДҰ басшысы Тедрос Аданом Гебрейесустің өзі қоғамның бүтіндігі үшін, коронавирусты жеңу үшін көпшілікті әлеуметтік арақашықтық сақтап, үйлерінде компьютерлік ойындар ойнауға шақырды.

Дегенмен дертіне дерт жамаған дімкәс қоғам кез келген дүниенің шегін, шамасын білген жөн. Себебі пандемиядан кейін де өмір бар, болашақты, ұрпақ саулығын ойлау керек. Онсыз да қазіргі онлайн оқу жүйесі балалардың виртуалды ойындарға көбірек көңіл бөлуіне жетелеп отыр. Қашықтан оқытып, қанша жерден қадағалағанмен, ойыны қанбаған баланың ойы басқа жаққа ауып тұрады. Оның үстіне қазір көпшіліктің қолынан гаджет түспейтіні ескеріліп, бірінен соң бірі түрлі ойын-сауық қосымшалары шығып жатыр. Карантин кезінде кеңінен танылып, таралған желілер қаншама? Әсіресе жастар жағы ТікТок желісінің желігіне түсіп кеткенін көз көріп отыр.

We Are Social және Hootsuite сараптамалық топтарының есебі бойынша жыл басында жер бетіндегі халықтың 60 пайызға жуығы онлайнда болған екен. Нақтырақ айтсақ, 2020 жылдың басында 4,5 миллиардтан аса адам интернетті пайдаланса, әлеуметтік желілердің аудиториясы 3,8 миллиардқа жеткен. Ал мобильді телефонды 5,19 миллиард адам пайдаланады. Орташа есеп бойынша адам күн сайын 6 сағат 43 минутын интернетке арнайды екен, яғни бір адам жылына 100-ден аса күнін интернетте өткізеді. Егер адам шамамен 8 сағат ұйықтаса, қалған сергек уақытының 40 пайызында онлайн болады. Бұл – індет күшіне мінгенге дейінгі дерек. Одан бері жаһан жұрты түгелге жуық интернетке байланған болар.

Экранға телмірген қоғамның ауруы асқы­на түскені анық. Бұрын да телефоннан бас көтермейтін жұрттың қазір саналы уақы­ты онлайнда өтіп жатыр. Калифорния уни­верситетінің зерттеушілері адамның зейін қоюы аквариум балығының деңгейіне дейін төмендегенін, америкалықтар смартфонына күніне 150 рет, шамамен әр 5-10 минут сайын назар салатынын атап көрсетіпті. Ал ойын баласының гаджетке қанша уақытын жұмсайтынын бағамдай беріңіз. Мұның бәрі ақыл-ой энергиясын тиімсіз пайдаланудың, тіпті жоюдың тікелей жолы болып отыр.

Интернеттің иіріміне түсіп кеткен қоғам­ды виртуалды вирус меңдеп барады. Зорайып келе жатқан гаджетке тәуел­діліктің зиянын айтып байбалам салған мамандар бұл дерт­тің де дауасын іздеп әлек. Қазір алпауыт ІТ компаниялары интер­нетке жұмсайтын уақыт­ты қадағалайтын қызметтерін іске қо­сып жатыр. Сондай-ақ онлайн белсенділік­ті бақылауға көмектесетін Forest, Checky, Instant қосымшалары немесе Track Time, Rescue Time бағдарламалары бар. Бірақ мұның бәрі қалауымызға шектеу бола алмайды. Сондықтан әркім өзін, отбасын қолға алып, бір ауық интернеттен бойын аулақ ұстауға тәрбиелеу керек, контенттерді талғаммен тұтынып, цифрлы диетаға отыру қажет.