Медицина • 23 Қыркүйек, 2020

Биік өкше кию де бақыт (Пациент мұны 30 жыл армандаған)

339 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Армандардың үлкен-кішісі бола қоймас. Бірақ кәдімгі ел сияқты қалаған аяқ киімін киюді, ауырсынбай жүруді алматылық Жадыра 30 жылға жуық армандаған.

Биік өкше кию де бақыт (Пациент мұны 30 жыл армандаған)

Биыл наурыз айында Алма­ты­дағы №4 қалалық кли­ни­калық аурухананың хирург-ортопедтері Жадыра Исаеваның жамбасындағы туабітті кемістігін түзету үшін эндопротездеу отасын оңды өткерген болатын. Сол алғашқы отадан кейін қыркүйек айында дәрігерлер сол жақ жамбасына да ревизия жүргізді. Ал бұл күнді 30 жылдай күткен пациент қазір 43 жаста, енді міне, ел сияқты әдемі аяқ киім кие алатын болды.

«Ортопедтерге тексеріліп қара­лу­ға ұзақ ойландым. Өйткені диаг­­но­зым ауыр болды: жамбас буы­нының туа біткен дислокациясы, екі жақты коксартрозым бар еді. 1991 жылғы отадан кейін сол аяғым 4,5 см қысқа болды, содан кейін ортопедиялық аяқ киім киюге мәжбүр болдым. Мүмкіндік болған кезде ғана сатып алып жүрдім, болмаған кезде осылай жүре бердім. Бұлай жүру қиын әрі ыңғайсыз. Өзіңіз бір аяғыңыздың 4,5 сантиметрге қысқа екенін елестетіп көріңізші. Бір күні отбасылық мерекеде биік өкшемен және әдемі аяқ киіммен би билеп жүрген бір танысымды кездестірдім. Бұрын оның да аяғында менікіндей мәселесі бар еді, әрең жүретін. Бір танысым оған «Төртінші аурухананың» дәрігерлері көмектескенін айтып, сол кезде мен де консультация алуға бел байладым. Наурыздағы алғашқы отадан кейін өмірімде алғаш рет аяғымның ауырғаны қойып, қалыпты жағдайда иіліп, отыра бастадым. Мен үшін бұл өмір бойы күткен ғажайып жағдай болды. Екінші отадан кейін өзім жүре бастаймын. 29 жылдан кейін менің дене ақауларым түзелді. Енді екі аяғым да бірдей болып көрінеді. Шамамен жарты жылдан кейін биік өкшелі аяқ киіммен жүре алатын шығармын», дейді Жадыра Исаева.

Мамандар жамбас буыны адам қозғалысында негізгі жүкті көте­ре­тін ағзадағы ең күшті буын де­седі. Ол бүкіл дене салмағының қысымымен тепе-теңдікті сақтай отырып, қозғалуға көмектеседі. Мұндай қысым артикулярлы ше­мір­шек пен сүйек артикуляциясы үшін ауыр сынақ саналады. Жадыраның жағдайында буынға түскен үлкен күш туа біткен пато­ло­гиямен қосылып асқынған. Осы­лайша коксартроз дамыды. Бұл еңбекке жарамсыздыққа және мүгедектікке әкелетін, қатты асқы­на­тын дегенеративті-дистро­фия­лық буын ауруы.

«Біз 4 см резекция жасадық. Яғни аяқтың ұзындығын, сонымен қатар жамбас буынының ревизиялық эндопротезін орнын толтырдық – уақыт өте келе жамбас анатомиялық қалпына келеді. Толығымен емес, бірақ шамамен 70%-ға. Мұндай ауыр, туа біткен патология өте сирек кездеседі. Іс жүзінде бастапқы коксартроз, артроз, жамбас мойнының сынуы, вальгус деформациясы жиі кездеседі. Және бұл пациентте аналық проксимальды бөліктің вальгус деформациясы болды – сүйек сыртқа қарай иілген. Ұзақ уақыт бойы пациент жүрген са­йын қиналып, сүйегі дұрыс болмады. Наурыз айындағы алғашқы ота кезінде оны түзете алдық. Оң жақ жамбас буынының алғашқы эндопротезін жүргіздік. Пациенттің көңіл-күйі жақсы, алдағы уақытта науқас ақсаңдамай, бірқалыпты жүретін болады», дейді №4 қалалық клиникалық аурухананың эндопротездеу бөлімшесінің меңгерушісі Манарбек Әубәкіров.

Манарбек Ғазизұлы – жоғары санаттағы травматолог-ортопед, буын патологиялары жөнінен нау­қас­тар арасында кеңінен танымал. Эндопротездеу саласындағы білікті маман ретінде Польша, Франция, Германия, Латвия және Ресейде қосымша біліктілігін арттырған.

Өз кезегінде мамандар буын дамуының туабіткен патологиясын дер кезінде анықтау үшін жаңа туған нәрестелердің тағайындалған міндетті тексеріліп қарауын елеп, ортопед-дәрігерге барып қаралуға кеңес береді. Емдеу бала кезінен бас­талуы керек, ал бала ортопедиялық маманның қадағалауымен өсіп, дамуы керек. Ерте балалық шақта алдын ала операция жасалуы мүмкін – түзету, бұл бала өмірін жеңілдетеді және тірек-қимыл аппаратын соңғы емдеуге дайындайды. Соңғы хирургияны 21 жастан кейін сүйектің өсуі тоқтаған кезде жасауға болады.

Дәрігерлердің жоспары бойынша Жадыра Исаева 1,5 айдан кейін №4 қалалық клиникалық ауруханада оңалту курсынан өтуі тиіс, содан кейін ол жүріс арбасы мен балдақтар туралы мәңгі ұмыта алады.

«Дәрігерлік кеңес алуға барған кезде мамандар маған Манарбек Ғазизұлына қаралуды ұсынды. Үшінші күні алғашқы отадан кейін-ақ мен аяғыма тұрып, ауыр­сынбай жүрдім. Мұнда медицина қызметкерлері жақсы, барлық жағдайыңды жасайды, біз өзімізді жайлы сезіндік, анестезиолог дәрі­герлерге жеке алғысымды білді­ре­мін! Өйткені бір сәтте біздің өмі­рі­міз солардың қолында, отадан кейін бір апта өткенде анестезиолог дәрігер палатаға келіп, менің хал-жағдайым туралы сұрады. Негізгі жұмысты мейірбикелер мен санитарлар атқарды. Олардың еңбек­қорлығы мен мейірімділігіне таң­ға­ламын. Осындай отадан кейін адамның жағдайын түсініп, барынша жағдайымды жасауға тырысты. Екі айдан кейін оңалтуға келемін», дейді Жадыра.

Алматы қаласының №4 қалалық клиникалық ауруханасының эндопротездеу бөлімшесі 2012 жылдан бастап жұмыс істейді, мұнда тірек-қимыл жүйесінің патологиясы бар пациенттерге жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетіледі. Тек 2019 жылы бөлімше хирургтары жамбас, тізе, иық және шынтақ буындарын эндопротездеу бойынша 1637 ота мен 109 жедел ревизия жүргізген.

 

АЛМАТЫ