– Тимур Мұратұлы, вакциналау қаншалықты міндетті және оған қарсылық танытқандармен қандай жұмыс жүргізу керек?
– Әлемдегі барлық вакциналар міндетті және ерікті деп жіктеледі. Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске сәйкес біздің азаматтарға арналған вакциналар да дәл солай міндетті және ерікті болып бөлінеді. Кодекстің 85-бабына сәйкес, біздің азаматтар міндетті вакциналар тізіміне енгізілген профилактикалық екпелерді алуға міндетті екендігі көрсетілген. Халықтың эпидемиялық әл-ауқатын жақсарту, сондай-ақ инфекцияның алдын алу мақсатында Ұлттық вакцинациялау күнтізбесі бекітілді.
Иммунитет – организмге вакцина енгізілгеннен кейін жасушалық деңгейде пайда болатын биологиялық процесс. Тәжірибе көрсеткендей, ауырған адамдарда вакциналардың болуына қарамастан, ауру үдерісі жеңіл өтеді, ал асқынулар мен өлім сирек кездеседі.
Вакцина алуды міндетті деп ешкім есептемеуі тиіс. Тұмауға қарсы вакциналау жергілікті мекенжайы бойынша тіркелген алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында жүргізіледі. Вакциналау созылмалы аурулары бар 18 жасқа дейінгі балаларға; медициналық қызметкерлерге; жүкті әйелдерге (жүктіліктің 2-3 триместрі); жабық мекемелердегі адамдарға (балалар үйі, үй, интернат); мүгедек ересектер мен созылмалы аурулары бар балаларға және 60 жастан асқан қарт адамдарға жүргізіледі.
Қалай дегенде де ақпараттандырылған келісімге немесе вакциналаудан бас тарту құқығы пациенттің өзінде. Екпе алмаған балалар мен ересектердің құқықтарын шектейтін ережелер жоқ. Әрине, «вакциналауға қарсы» проблема тек біздің мемлекетте ғана емес. Адамзат тарихында вакциналаудан бас тарту бірнеше рет қайғылы нәтижелерге әкелді. Еуропаның бірқатар елдерінде вакциналаудың тоқтатылуымен байланысты эпидемияның, вакцинадан сақтануға болатын аурулардың белгілі жағдайлары кездесті.
– Екпе егу қаншалықты тиімді?
– Әр елде әрқалай. Кейбір пікірлерге сүйенсек, вакцинаның тиімділігі тұмау вирустарына байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ жалпы алғанда тиімділігі 40%-дан 60%-ға дейін болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тұмауға қарсы вакциналау әлемдегі ең жақсы профилактикалық емдеу әдісі екенін анықтады, бұл өз кезегінде халықты тұмаудан қорғайды. Басқаша айтқанда, бұл аурудың ауырлығын төмендететін және асқыну, ауруханаға жатқызу және өлім қаупін төмендететіні анық.
– Вакциналау кейбір салдарға әкеп соғуы мүмкін деп жиі айтады. Адам қандай асқынуларға тап болуы мүмкін және бұл қаншалықты рас?
– Вакциналау тұмаумен ауырып қалмауға толық кепілдік бермейді. Алайда аурудың ағымы әлдеқайда жеңіл өтеді. Өйткені ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алу керек. Қандай да бір асқынулар болған жағдайда да, бұл денсаулыққа үлкен зиян келтірмейді. Әдетте, жанама әсерлер ықтималдығы вакцинаның түріне байланысты. Тірі вакциналар инактивтендірілгенге қарағанда әлдеқайда жоғары.
– Екпені кім салдырта алмайды?
–Тұмауға қарсы вакцина тауық ақуызына төзімсіздігі бар жеке адамдарға салынбайды. Себебі тұмауға қарсы вакцинаның құрамында осындай ақуыз бар. Созылмалы аурулардың өршуімен ауыратын, вакцина компоненттеріне аллергиялық реакциясы бар адамдарға вакциналаудан бас тартуға кеңес береміз. Жұмсақ ауырлықтағы өткір респираторлық вирустық инфекциялармен, өткір ішек ауруларымен ауырған кезде вакциналау температура қалыпқа келгеннен кейін жүргізіледі. Сонай-ақ 6 айға дейінгі балалар мен жүктіліктің бірінші триместрінде вакцинация жасалмайды.
– Екпе салу науқаны қанша уақытқа созылады?
– Елордада вакциналау қыркүйектің басында басталды және қараша айының басына дейін жалғасады. Қала тұрғындарын вакциналау үшін басқарма 110 мың доза вакцина сатып алды. Сонымен қатар 42 мың доза вакцина сатып алу жоспарланып отыр.
– Халықтың белгілі бір тобы емханаларда ақысыз егіледі. Ақылы негізде екпе салушылар қай жерде вакцинаны ала алады?
– Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тұмауға қарсы екпе 6 жеке медициналық ұйымдарда жасалады. Олар: «Интертич» отбасылық-дәрігерлік амбулатория, «Медлайн» МО, «Медикер» ЖШС, «Оупен Клиник» МУ, «Интертич Астана МедАссистенс» ЖШС, «Медикал Ассистенс групп» ЖШС, «Архимедус Казахстан» ЖШС. Орташа есеппен құны 2500-3500 теңгеге дейін жетеді.
Дайындаған
Әйгерім АРДАҚҚЫЗЫ