Ғылым • 24 Қыркүйек, 2020

Мейірімді робот

853 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кезекті кейіпкерімізбен алғаш танысқанымызда «Мейірімді робот» деген сөз көкейге келді. «Жасанды роботтың да мейірімдісі болушы ма еді?» дерсіз. Роботты жүрегі мейірімге толы жан жасаса, қайырымды дүниеге айналады екен. Ғалым Анар сандығұлова аутистік спектрдің бұзылуы бар балалармен коррекциялық жұмыс істейтін робот жасап шығарған. Мұны іс-тәжірибеде қолданып, лайықты нәтиже көрсетіп те үлгерді.

Мейірімді робот

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының былтыр таратқан ақпаратына сүйенсек, әлемде әрбір 160 баланың біреуі аутистік спектрдің бұзылуынан (АСБ) зардап шегеді. Сондай-ақ аталған мәселеге қатысты деректер келтірілген халықаралық ұйымның мәліметінде: «Дүниежүзінде АСБ-мен ауыратын адамдар стигматизация мен дискриминацияға, адам құқықтарының бұзылуына жиі ұшырайды, олар қызметтер мен қолдауға қол жеткізе бермейді», делінген. Инклю­зивті білім беру орталығының маманы, балалар психологы Максим Исаков 2019 жылы «turantimes.kz» порталына берген сұхбатында Қазақстандағы АСБ белгісі бар балалардың саны 30 мыңнан асатынын айтқан. Біз осыншама баланың қалай өмір сүріп, қандай білім алып жүргенін білеміз бе? Қазақстан – құқықтық мемлекет. Бірақ тым болмаса қаншама мың баланың ерекше қажеттілігіне қарай адам құқығы шектелмей отыр деп айта аламыз ба? Бәрінен бұрын қоғам қатарға қосқысы келе бермейтін балаларды өз ортасына қайта бейімдеп жіберу үшін не істеп жатырмыз? Алдыңғы екі салмақты сұраққа әзірге нақты жауап жоқ. Алайда үшіншісіне ғалымтану бағытындағы жобамыздың кезекті кейіпкері өз ісімен жауап беріп жүр.

Анар Сандығұлова мектепті бітірген соң «Болашақ» бағдарламасымен Ирлан­дияның зерттеу бағытындағы «University College Dublin» ұлттық университетіне бакалавриатқа оқуға түсті. Ол дәл осы оқу орнында «Компьютерлік ғылым» мамандығы бойынша бакалавриаттан кейін магистратураны және докторантураны тәмамдады. Қазіргі таңда Назарбаев университетінің «Робототехника және мехатроника кафедрасында ассистент-профессор (оқытушы) болып қызмет етеді. Осы қызметінде бір топ студенттерімен бірге роботтың көмегімен АСБ бар балаларды емдеудің жолдарын зерттеумен айналысады.

– Назарбаев университетінің сту­­денттер командасы ғылыми жетек­ші­лігім­­мен аутистік спектрдің аурулары бар ба­ла­лар­ды емдеуде адам тәрізді (гу­ма­­но­и­д­­­ты) роботтарды пайдалануды зерт­тей­ді. Робот терапияның сессиялары ке­зінде делдал немесе бағыттаушы ре­тін­­де қызмет атқарады. Яғни робот те­ра­пев­терге баланың назарын аударуға кө­­мек­теседі, өйткені балалар роботқа қат­ты құмар. Ғалымдар екі жыл бойы Балаларды оңалту ұлттық орталығының базасындағы зерттеулер арқылы АСБ бар балаларға арналған терапияда ро­бот­­тарды қолданудың тиімділігін тек­се­р­ді. Осылайша олар роботтың қаты­суы­мен орындалатын терапияның әді­сін әзірледі. Аталған терапияда бала­лар ата-аналарымен бірге роботпен кү­ніне 15 минуттан 10 рет кездеседі. Сон­дай сәтте робот баланы оқу ойындары­на тартады, ертегілер айтады, балалар ән­де­ріне билейді жә­не ән айтады. Мұн­дай терапияның мақ­саты – оң эмоционал­ды жағдайға қол жеткізу, содан кейін баланы ойын барысында үйрету. Студенттерімізбен жүр­гізілген зерттеулерге 36 бала мен олар­дың ата-аналары қатысты. Олар робот туралы оң пікір білдірді. Кейбір бала­ларда айтар­лықтай жақсы нәтиже байқалды: ро­ботқа «тағы», «тик-так», «көріскенше», «Нао» (роботтың аты) секілді өміріндегі алғашқы сөздерді айтты. Енді бір балалар бірінші рет ата-аналарымен және басқа ересектермен байланыс орната бастады. Мұндай нәтижелер бізді одан сайын шабыттандырды, – дейді кейіпкеріміз.

Анардың айтуынша, оның командасы робот әрекеті мен ойындарының үлкен қорын (кітапханасын) екі тілде әзірлеумен және оны бағдарламалаумен қатар, Машиналық оқыту алгоритмдерін пайдалана отырып кәсіби студияда жа­зыл­ған нұсқаулардың қазақ және орыс тіл­деріндегі жинағын (синтезін) әзірледі. Сондай-ақ ата-аналардың келісімімен орнатылған бейнекамера терапия кезін­де баланың деректерін өңдейді және Машиналық оқыту көмегімен терапия кезінде баланың жұмысқа қатысу бел­сен­ділігінің статистикасын береді. Қазір команда ата-аналар мен дәрігерлер де­рек­т­ерді талдау арқылы балалардың бел­сенділік, жұмысқа құштарлық динами­касын болжай алатын қосымшаны жасап жатыр.

Робот

Біз «мейірімді робот» көмегімен жұ­мыс істеп көрген терапевт маманды да сөзге тарттық. Балаларды оңалту ұлттық орталығының маманы, терапевт Ғалия Әбілқасымқызы:

– Жалпы, педагогика саласындағы 18 жылдық, соның ішінде арнаулы пе­дагогикадағы 10 жылға жуық ең­бек өті­лімде алғаш рет роботтың көме­гі­мен жұмыс істеп көрдім. Анар Санды­ғұ­­ло­ваның командасы жасаған роботты АСБ бар балалармен коррекциялық жұ­мысымда қолдандым. Жалпы, АСБ диагнозы қойылған балалардың адаммен қарым-қатынасқа түсуі тым қиын. Ал сіз өзіңізбен қарым-қатынасқа түсе алмайтын, қарапайым сізге көзін тоқтатып қарай алмайтын адаммен қандай да бір нәтижелі жұмыс істей аласыз ба? Әрине, жоқ. Робот-көмекшінің мен бағалайтын басты ерекшелігі – көзі бір орында тоқта­майтын АСБ бар балалардың көзге түсу, көзге қарау дағдысын қалыптастыра алға­нында. Бұл – біз үшін өте үлкен жетістік. Соның нәтижесінде балалар жаттығулар жасап, роботтың «отыр», «тұр» деген секілді нұсқауларын орындап, тіпті билей алатын деңгейге жетті. Ал сондай деңгейге жеткен балалардың ата-аналары жаңа терапия әдісіне, жалпы жаңаша жұмысқа алғыс айтты, – деді.

Әлемде роботтың балаларға, олардың жан-жақты дамуына ықпал ете алатынын және пайдасын тигізетінін түсіндіруге тырысатын бірнеше зерттеу тобы бар. Бірақ әлі де балалардың қатысуымен клиникалық зерттеулер жүргізілген жоқ. Кейіпкеріміздің командасы Қазақ­станда жүргізіліп отырған осындай ал­ғашқы зерттеулердің нәтижесінде дәрі­герлер мен терапевтердің жұмысын әртарап­тандыруға, сондай-ақ ерекше перзенттері бар ата-аналардың ынта-жігері арқасында АСБ бар балалардың өмірін жақсартуға көмектесетін жаңа дүниелер жасалатынына сенеді.