Экономика • 24 Қыркүйек, 2020

«Даму» демегендер дамып келеді

200 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қарағанды облысы бо­йын­ша өңірлік бөлімшесі БАҚ өкіл­дері үшін баспасөз турын ұйым­дастырды. Іс-шара барысында аталған бөлімшенің директоры Гүлнәр Сүйіндікова биыл «Даму» қорының бизнесті жеңілдікпен несиелеу мемлекеттік бағдарламасын іск­е асыру аясында Қарағанды об­лысындағы кәсіпорындарға жалпы сомасы 6,7 млрд теңге болатын несие бойынша пайыздық мөл­шер­лемені субсидиялау түрінде қар­жы­лық қолдау көрсеткенін мәлім етті.

«Даму» демегендер дамып келеді

– 2020 жылы субсидиялау құралы бойын­ша жалпы сомасы 6,7 млрд теңгеге 117 жоба қолдау тапты. Қордың кепіл­ді­л­ігін жалпы сомасы 2 млрд теңге көлемінде 64 кәсіпкер иеленді. Биыл пандемияға байланысты дағдарысқа қарсы шаралар аясында «Бизнестің жол картасы 2020-2025» бағдарламасына белгілі бір өзгерістер енгізілгенін атап өткім келеді. Атап айтқанда, салалық шектеулер алынып тасталды, сондықтан бүгінде көптеген кәсіпкерлер субсидия­лар мен кепілдіктер түрінде мемле­кет­тік қолдау ала алады. Көптеген кәсіп­орындар мемлекеттік қолдауды қажет етеді және біз оны қамтамасыз етеміз. Мемлекет осы мақсаттарға қосым­ша қаражат бөледі. Ағымдағы жылы қаржылық қолдау көлемі бірнеше есеге ұлғайды. Мұның бәрі пандемия мен дағдарысқа қарсы шараларға байланысты. Бүгінгі таңда бағдарламадағы өзгерістерге сәйкес салалық шектеулерді алып тастаумен қатар субсидиялау мақсаттары үшін несиенің шекті мөлшері ұлғайтылып, 7 млрд теңгені құрады және кепілдік мөлшері де млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Қарыз алушының төлейтін жалпы мөлшерлемесі жылдық 6%-ды құрайды. Яғни бұл бұрынғыға қарағанда әлдеқайда қолайлы жағдайлар. Демек, бұрын біз сыйақы мөлшерлемесі құнының 40-тан 50%-на дейін субсидия алсақ, бүгінде ол жылдық 6%-бен ғана бекітілген, қалған айырмашылықты мемлекет субсидиялайды, – деді Гүлнәр Сүйіндікова.

1

Шағын және орта бизнес субъекті­леріне несие бойынша сыйақы мөлшер­лемесін төмендетуге мүмкіндік берілген сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін суб­сидиялау шарттарына сәйкес, Қара­ғанды облысының кәсіпорындары жаб­дықтар сатып алған, ғимараттарын қайта жаңартып, айналым қаражатын толық­тырған. Бұл оларға өндіріс көлемі мен қызмет түрлерін ұлғайтуға мүмкіндік берді.

«Тұлпар» кардио оңалту орталығы­ның ашылғанына бір жыл болған. Мұнда жүрек-қантамыр жүйесі аурулары бар науқастар амбулаториялық және стационарлық оңалтудан өтеді.

– Біз өткен жылы қыркүйекте ашыл­дық. Қарағанды облысында оңалту орталығын ашу қажеттілігі туындады. «Бизнестің жол картасы-2020» бағ­дар­ламасы аясында біз мемлекеттік қол­дауға ие болдық. Несиені екінші деңгейлі банк арқылы 14,25% жылдық мөлшерлемемен 100 млн теңге сомасына алдық, оның 5,7%-ын «Даму» қоры субсидиялайды. Несиеге алған қаражатқа ғима­ратқа жөндеу жұмыстарын жүргі­зіп, керекті жабдықтарды сатып алдық. Біздің орталықта  миокард ин­фарк­ты мен кардиохирургиялық опера­ция жасатқан адамдарға көмек көрсе­тіледі. Мемлекеттік қолдау арқасында бір жылдың ішінде 1500 науқасты сауықтырдық. Қазіргі таңда орталық толық қуатта жұмыс істейді. Бұл – тәулік бойғы 80 орын және күндізгі стационарлық 20 орын. Бізде науқас­тар екінші және үшінші деңгейлі қалпы­на келтіруден өтеді. Бізге басқа облыстардан да адамдар келеді. Мем­лекет қолдауының нәтижесінде аяғы­мызға нық тұрдық, – дейді «Тұлпар» кардиооңалту орталығының директоры Баян Екіжанова.

Жеңілдікпен несие алған компания­лардың қатарында энергетикалық жаб­дық­тар өндіретін «ҚазЭнергоМаш Кор­по­ра­циясы» ЖШС және «Қазақстандық өнеркәсіптік ықпалдық институты» ЖШС бар екен. Бұл кәсіпорынға «Даму» қоры 2015 жылдан бастап мемлекеттік қолдау көрсетіп келеді. Бүгінгі таңда институт базасында сынақ зертханасы жұмыс істейді. Институт тестілеудің сапасы мен жылдамдығын қамтамасыз ететін заманауи жабдықтармен қамта­масыз етілген. Компания жобаларды суб­сидиялау мен кепілдендіру бөлі­гінде «Даму» қорының мемлекеттік қол­дауына бірнеше мәрте ие болған.

2012 жылы құрылған компания – Қазақстан Республикасының экономи­калық даму стратегиясының негізгі ережелеріне сәйкес құрылған, ғылыми-әдіс­темелік, оқу-ұйымдастырушылық және жобалау-конструкторлық қыз­метті жүзеге асыратын ғылыми-техно­логиялық және оқу-өндірістік кәсіпорын.

– Компаниямыз зерттеу жұмыстары­мен, сонымен қатар өндіріс орындарына экологиялық мониторинг жүргізумен айналысады. Біз «Даму» қорымен 5 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Қор бізге кепілдік түрінде пайыздық мөл­шерлемені субсидиялауға қолдау көрсе­тті. Бұл қаражаттың барлығы эколо­гия­лық мониторинг зертханасын құруға жұмсалды. Мемлекеттік қолдау аясын­да зертханамыз талдауларды тиімді және жылдам жасайтын ең жаңа жабдық­тармен толықты, – деп атап өтті «КазИнСоП» ЖШС директоры Ернар Мұханғалиев.

Компания басшысының мәліметінше, 2019 жылы кәсіпорын жабдық сатып алу үшін банктен 14% жылдық мөлшер­леме­мен несие алған, оның ішінде, 8%-ын «Даму» қоры субсидияландыруда. Қал­ған 6%-ын компания өзі төлейді. Не­сие­нің жалпы сомасы 264 млн теңгені құра­ды. Одан бөлек, компания 132 млн тең­ге сомасына жобаны 50%-ға дейін кепіл­дендіру түріндегі қолдауға ие болған.

Теміртау қаласында орналасқан «ҚазЭнергоМаш Корпорациясы» ЖШС 2011 жылы құрылған. Кәсіп­орын энергетикалық жабдықты өндіруге м­аман­дандырылған: жоғары қысымды құбыр желілері және электр қазандық­тарының жылыту беттері, сонымен қатар жоғары және төмен қысымды құбыр­өткіз­гіштердің бөліктері, коллекторлар, барлық типтегі қазандықтардың жылыту беттері, мембраналық панельдер, тірек-аспалы жүйелер және басқаларын өн­діреді. Компания қазақстандық на­рықта тоғыз жылдан бері жұмыс істейді. Биыл ұйым өзінің айналым қаражатын «Даму» қоры бағдарламасы аясында алынған жеңілдетілген несиемен толықтырды.

«ҚазЭнергоМаш Корпорациясы» ЖШС 2020 жылы екінші деңгейлі банк арқылы жылдық 12% мөлшерлемемен несие алған, оның ішінде «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жылдық 8,5%-ды «Даму» қоры субсидиялайды. Қалған 6%-ды компания өзі жабады. Сондай-ақ осы бағдарлама аясында «Даму» қоры кәсіпорынға 47% кепілдік берген.

– Бүгінгі таңда  компания заманауи жаб­дықтармен қамтамасыз етілген, бұл жо­балаудан бастап бу құбыр­лары мен қазандықтардың барлық түрлері­нің жылу беттерінің бөлшектерін дайын­дауға және күрделі мәселелерді шешу­ге мүмкіндік береді. Жыл сайын біз өн­ді­­ре­тін өнім түрлерін арттырудамыз, со­­ны­мен қатар технологияларымыз жа­­ңа­­­рып, экспорт пайызын ұлғайттық. Жыл­ сайын Ресей мен Өзбекстанға 500 тон­­надан астам өнім экспорттаймыз. Ком­­­паниямызда 200-ден астам қыз­­мет­­­кер жұмыс істейді. Біз үшін мем­ле­­­кет­­т­ік қолдау өте маңызды. Осы орай­­да ай­­­тарым, «Даму» кәсіпкерлікті қол­дау қо­­ры­­­ның маңызы өте зор, – дейді «Қаз­Энер­гоМаш Корпорациясы» ЖШС коммер­­ция­лық директоры Станислав Рубан.

Айта кету керек, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қарағанды облысы бойынша аймақтық бөлімшесінің бүгінгі таңда Қарағанды облысы бойынша 10 мыңға жуық клиенті бар.

 

Қарағанды облысы