Тарих • 24 Қыркүйек, 2020

Жазықсыз жазаланғандарды ақтайтыны қуантады

181 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Менің атам «Алашордаға» мүше болған жан еді. Омбыда «Алашорда» қайраткерлері ашқан мұғалімдер даярлайтын мектепте оқыпты. Бейнетқор ауданындағы бесінші ауылда мұғалім болған екен. Кейін алашордалықтардың бәрі қуғындалғанда біреудің көрсетуімен атам да ұсталып, айдауға кеткен. Әжемнің айтуына қарағанда, 10 жылға айдалған, бірақ содан атам оралмаған.

Жазықсыз жазаланғандарды ақтайтыны қуантады

Ал өзімнің әкем Қайнекей Әбіл­ма­нап­ұлы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, жараланып келген. Соғыс кезінде партияға өткен. Ауылға ке­ліп, қара жұмысқа жарамаған­дық­тан мұғалім болып, Көкшетау пед­училищесін сырттай бітірген. Аудан­дық партия комитетіне жұмысқа шақырғанда анкетасына қарап жұ­мысқа алмаған. Тіпті әкеңнің «халық жауы» болғанын жасырдың деп партиядан да шығарған. Осы әрекет әкем­нің жанына қатты батты. Ол ком­партияның идеалдарына барынша сенген, адал коммунист еді. Үнемі уһілеп, күйзеліп жүретін. Мұғалімдік жұмыстан шығарғанымен, әйтеуір қуынып жүріп қайтадан кірген еді. Хрущевтің жылымық жылдарында ол Мәскеуге дейін хат жазып, өзінің партиялылығын қалпына келтіруге талаптанған. Бірақ тек жалтарма жауаптар келіп, оны қайтадан қалпына келтірмеген. 

Ақыры соғыста алған тән жарасына жан жарасы қосылып, ол 1969 жылы 49 жасында өмірден өтті. Артында шырылдап бес баласы мен жары қалды.

Сөйтіп, менің атам «халық жауы» деген атпен өмірден өтті. Оны ақтауға әкем де ұмтылған жоқ. Өйткені ол мүшесі болған «Алашорданың» өзі де ақталмаған еді. Ұзақ жылдар біздің ішімізде атамның жазықсыз қуда­ланғаны, әкемнің қасірет шеккені ойы­мыздан кетпеді. Олар өмірден өт­се де, жарқын есімдерінің жазықсыз жапа шеккендігі бір мезгіл есімізден шықпайтын. Қазіргі қазақтың зиялы азаматтарының алашордалықтарды және басқа да саяси тұрғыда жапа шеккендерді ақтау жолында жасап жатқан істеріне қуанып отырамыз. ТМД-ның басқа елдерінде мұндай шаралар баяғыда жасалған еді. Бізде, қандай себеп екені белгісіз, осы іс үне­мі кейінге қалдырылып келген болатын. 

Енді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық саяси қуғынға ұшы­рағандарды ресми түрде ақтау туралы шешімі біздің отбасымыз бен туыстарымызды қуантып отыр. Бір кезде өзімізге  «алашордалықтар» деп ойынды-шын кекететіндерге шекемізден қарайтын боламыз. Айта кететін жайт, менің де комсомолға өтердегі мәселем екі күн қаралған еді. Әйтсе де, біздің мектептің директоры адамгершілігі зор азамат болатын, сол кісінің күш салуымен ғана мен тең-құрбыларыммен бірдей жастар ұйымының қатарына өткен болатынмын.

Мен Президентіміз Қасым-Жо­март Тоқаевтың мына бастамасын қол­даймын және оған өзімнің рах­метімді айтқым келеді. Осы мәселені қозғап, Мемлекет басшысының алдына шығарған азаматтарға да мың алғыс айтамын.

 

Жарас ӘБДІМАНАПОВ,

зейнеткер

 

Солтүстік Қазақстан облысы,

Уәлиханов ауданы